Қарақия ауданының 45 жылдық мерекесіне орай Сенек ауылында спорт кешенінің құрылысы басталды. «Шабыт» ЖШС-і мекемесі салатын құрылыс жұмысының алғашқы іргетасы қаланып, жақсы істің бастауына сәттілік тілеген ауылда ағаш үй тігіліп, ақсарбас сойылып, ақ дастархан жайылды.
Ауыл тұрғындарының көптен күткен арманы - спорт кешенінің іргетасын қалау рәсіміне аудан әкімі Қ.Беков бастаған аудан, ауыл әкімшілігі басшылары және ардагерлер, жүзге жуық ауыл тұрғындары қатысты. Спорт кешенінің алғашқы іргетастарын аудан әкімі Қ.Беков, аудандық мәслихат депутаты Қ.Наурызмағанбетов және ауылдың байырғы тұрғындары, көп жылдар Ералиев атындағы кеңшарда, қазіргі «Сенек» ЖШС мекемесінде еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан Ш.Қойшыбаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Н.Өтебаев, Б.Шалқарбаевтар қалады.
- Қуанышымыз ұзағыннан болғай, жастар салауатты өмір сүргей, ауылымыздан спортшы жастар шыға бергей! - деп, ауыл ақсақалы Ә.Бекібаев бата берді. Ақ бата қабыл болып, игі істер жалғасын таба бергей.
А.ШАМАЖАНОВА, Сенек селосы