Бұл жайында Маңғыстау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Бұл жолы журналистердің сауалдарына Қазақстан Республикасының трансплантациялау жөніндегі ұлттық үйлестірушісі, профессор, академик Жақсылық Досқалиев, Оңтүстік Қазақстан облысындағы трансплантация орталығының директоры Мади Беғалиев, «Өмір сыйы» трансплантациядағы пациенттер қоғамы» республикалық қоғамдық қорының президенті Сандуғаш Орынбаева жауап берді.
Жақсылық Досқалиевтің айтуынша, елімізде 2700 науқас бүйрегін, 2400 науқас бауырын және 150 науқас жүрегін ауыстыруға мұқтаж. Елімізде бүйрек ауыстыру трансплантациясы алғаш рет 1979 жылы қолға алынған. 2011 жылға дейін жылына 15-20 ота жасалалып келген, қазіргі күнде бұл көрсеткіш 4-5 есеге артып отыр. Соңғы жылдары елімізде 9 орталық бүйрек, бауыр ауыстыруды қолға алды. Ал, Астанадағы орталықтың бірі-өкпе ауыстыруға көмектессе, екінші орталық-жүрек ауыстырумен айналысады. Соның нәтижесінде соңғы жылдары елімізде 1500 ағза ауыстыру жүзеге асқан.
-Елде трансплантация дамуының деңгейіне қарап тұтастай мемлекеттің даму деңгейін бағалауға болады. Сондықтан да елімізде трансплантацияны дамыту бағытында көптеген жұмыстар жасалды. Мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, қаржы бөлінді. Соның аясында мамандарымыз шет елдерде білімдерін толықтырып, біліктіліктерін арттырды. Нәтижесінде елімізде трансплантация жүйесі қалыптасты. Одан кейін заңдық тұрғыдан құжаттар қажет болды. Қазақстанда қазір трансплантация жасауға, адамның ағзасын алуға құқық жағынан, заң жағынан барлығы да реттелді. Сонымен бірге «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы арқылы да қаржыландыру толық қамтамасыз етілді. Оталардың барлығын тегін жасау, отадан кейін науқастарды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету де қолға алынды. Қазақстан ТМД елдерінің ішінде Ресей мен Белоруссиядан кейінгі үшінші ел болып осы тәсілмен тұрғындарына көмек көрсетуді қолға алды,-дейді Жақсылық Досқалиев.
Елімізде де қайтыс болған адамның дене мүшесін пайдалануға рұқсат ету соңғы жылдары жолға қойылып келеді. Мәселен, 2012 жылы қайтыс болған анасының жүрегін мұқтаж адамға беруге баласы рұқсат етсе, мұндай жағдай 2016 жылы 30 адамға артқан. Жыл басынан бері 22 адам қайтыс болғаннан кейін ағзасындағы қажетті мүшелерін алуға рұқсат еткен. Жалпы донор болудан Испания мемлекетінің тұрғындары алда тұр.
-Бүгінгі таңда Қазақстанда 5250, оның ішінде Маңғыстауда 140 науқас донорлар көмегіне мұқтаж. Өкініштісі, бізде донор табу мәселесі қаншама адамның өмірін сақтап қалуға қолбайлау болып отыр. Қайтыс болған, қауіпті аурулары жоқ бір адам денесінен алынған мүшелерді трансплантациялау арқылы сегіз адамның ауруынан айығып, өмірін ұзартуға болатынын дүниежүзі дәрігерлері әлдеқашан дәлелдеп қойған. Алайда біздің елімізде қайтыс болған адамдардың туысқандарының 80%-ы донор болуға қарсылық білдіреді. Сондықтан да біз Ақтауда өтіп жатқан конгресс арқылы және бүгінгі брифинг арқылы тұрғындарды донор болуға шақырамыз. Осы бағытта тұрғындарды дұрыс ақпараттандырғымыз келеді,-дейді Қазақстан Республикасының трансплантациялау жөніндегі ұлттық үйлестірушісі, профессор Жақсылық Досқалиев.
«Өмір сыйы» трансплантациядағы пациенттер қоғамы» республикалық қоғамдық қорының президенті Сандуғаш Орынбаеваның айтуынша, өңірде өтіп жатқан Қазақстандағы неврологтардың бірінші Ұлттық конгресі, Қазақстандағы диализ және трансплантолог дәрігерлерінің V халықаралық қазақ-түрік нефрологтары конгрессі аясында Маңғыстау облыстық ботканикалық бағыннан донорларға арналып аллея ашылмақ. Қайтыс болған жағдайда ағзасын пайдалануға рұқсат еткен еліміздегі 68 донордың құрметіне жас шыбықтар отырғызылмақ.
Тағы оқыңыздар: Ш. Есенов атындағы КМТжИУ жаңа ректоры кім?Жалпы аймағымызда өтіп жатқан конгресс бағдарламасында отандық және шетелдік трансплантациялық ғылымдарды тиімді дамыту, трансплантациялық көмек көрсетуге бірыңғай стандарттар мен тиімді тәсілдерді енгізу, бұл саладағы білікті мамандарды дайындау, үздік шетелдік тәжірибелерді пайдалану және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері қаралуда. Сондай-ақ, V халықаралық қазақ-түрік нефрологтарының да конгресіне еліміздің білікті мамандарынан бөлек Түркияның неврология саласындағы жетекші мамандары қатысуда. Бұл жолғы конгрестің маңызы-өңірлік деңгейдегі жалпы проблемаларды шешу үшін біздің еліміздің өңірлерін белсенді қолдау, бүйрек патологиясы бар пациенттерге медициналық көмек көрсету. Сонымен қатар, алғашқы медициналық-әлеуметтік буын деңгейіндегі үздік отандық және шетелдік тәжірибелерді енгізу болып табылады.
Венера МИРЛАН
Суреттерді түсірген Қуаныш ИСМАИЛОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="34765,34766,34767"]