Бұл туралы бүгін Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысы Гүлмира Қалмұратованың қатысуымен өткен брифингте айтылды.
Ағымдағы жылғы 22 қыркүйек күні Астана қаласында Қазақстанның әлеуметтік қызметкерлерінің алғашқы форумы өтеді.
Форум аясында «Қазақстанда жүзеге асырылатын үздік әлеуметтік жобалар» конкурсының шешуші республикалық кезеңін және пленарлық отырыс өткізу көзделген.
Оқи отырыңыз: Ақтауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысы бойынша мәжіліс өтуде
Үздік әлеуметтік жобалар конкурсына біздің облыстан «Ұрпақ Next» қоғамдық қорының «Мүмкіндігі шектеулі жандардың шектеусіз шығармашылығы» жобасы қатысады.
Жобаның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі қыз –келіншектерді кәсіби оқыту, қолдау, жұмыспен қамту. Олардың шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту арқылы олардың әлеуметтік мәдени оңалуына және қоғамға ықпалдасуына жәрдемдесу. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды материалдық саламаттылық пен кәсіби өсудің негізі ретінде кәсіпкерлік қызметті жүргізуге ынталандыратын жағдайлар жасау.
Форум аясында мүмкіндігі шектеулі адамдардың қолымен жасалған қолданбалы бұйымдардың, мүмкіндігі шектеулі адамдар шығармашылығының көрмесі ұйымдастырылады. Облыстан аталған көрмеге 50-ге жуық бұйымдар мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың қолөнер туындылары, сонымен бірге үздік әлеуметтік жобалар конкурсына қатысушылардың қолынан шыққан ұлттық нақыштағы бұйымдар шығарылады.
- Бұл форум елімізде алғаш рет өткізілейін деп отыр. Оны әлеуметтік қызметкерлердің бірінші съезі деп айтуға болады. Форум аясында әлеуметтік саланың концепциясы талқыланады және ең үздік әлеуметтік жобалар сайысы қорытындыланады. Бұл сайыс бесінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Оған біздің облысымыздан қатысушы жоба аясында бірнеше жұмыстар атқарылды. Атап айтар болсақ, Астана қаласында мүмкіндігі шектеулі 15 қыз -келіншек оқу курсынан өтті, Ақтау қаласында алғашқы әлеуметтік тігін шеберханасы ашылды, онда мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін тігін курстары ұйымдастырылды. Тігін курсынан 30-ға жуық қыз-келіншек өтті. Оның 25-і жұмысқа орналасты. Salyam Fest фестивалінің ең алғашқы көрсетіліміне «Қазына Brand» маркасымен киімдер тігіліп халыққа көрсетілді, - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, брифингте биыл Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында жүзеге асырылатын екі жоба таныстырылды. Олар: «Ауылдық жерде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету шағын орталығын ұйымдастыру» және «Аутист балаларды әлеуметтендіру және оңалту».
Ресми ақпарат бойынша, Маңғыстау облысында мүмкіндігі шектеулі балалар саны 4 мыңнан асып жығылады екен. Сондықтан алғашқы жоба аясында Түпқараған ауданының Сайын Шапағатов ауылында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған шағын орталық өз жұмысын бастады.
- Әлеуметтік оңалту мекемелері мемлекеттік болғандықтан, көбіне Ақтау, Жаңаөзен қалаларында орналасқан. Сол себепті ауылдық жерлердің балалары мұндай мүмкіндіктен тыс қалып отыр. Ауылдық жерлерде де мүмкіндігі шектеулі балалар жеткілікті. Біздің соңғы мәліметіміз бойынша, Ақшұқыр ауылының өзінде 60-қа жуық, Сайын Шапағатов ауылында 30-ға жуық бала бар. Бұлар ресми тіркелгендері, ал тіркелмегені қаншама?! Сондықтан жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының қолдауымен 2017 жылдың тамыз айынан бастап біз «Мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге әлеуметтік қызмет көрсету» жобасын жүзеге асырудамыз, - дейді «Қамқорлық» ӘЖДО» ҚҚ директоры Эльмира Калиева.
Ал «Аутист балаларды әлеуметтендіру және оңалту» жобасы аясында аутизм дертіне шалдыққан балалардың даму деңгейін диагностикалау; коммуникативті дағдыларын, эмоциялық-ерік сфераларын және танымдық пен сөйлеу әрекеттерін дамыту; қоғамнан шет қалдырмай, қалыпты тіршілікке үйрету; олардың ата-аналарына психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету шаралары жүзеге асырылатынын атап өтті.
Теңге БЕКМҰРЗАЕВА