©
Ақтауда Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысы бойынша мәжіліс өтіп жатыр. Жиынға облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы, оның орынбасарлары, облыс активі, мемлекеттік мекемелердің басшылары, аудан-ауылдардан келген делегаттар қатысуда.
Жиынды ашқан облыс əкімі Ералы Тоғжанов "Рухани жаңғыру" бағдарламалық мақаласының мəн-маңызына тоқталып, облыста бұл бағытта ауқымды жұмыстар жасалатынын жеткізді.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов баяндама жасап, жасалып жатқан жұмыстардың барысымен таныстырды. – Облыс аумағында «Рухани жаңғырудың» төрт бағыты бойынша 124 жоба (39 жоба, 85 іс-шара) республикалық жобалық офиске жолданып, жұмыс атқарылуда. «Атамекен» кіші бағдарламасының «Азаматтық бастамалар картасы» базалық жобасы аясында Түпқараған ауданы, Таушық ауылында 100 орындық балабақша, Ақшұқыр ауылында демеушілер қаржысымен салынып жатқан спорт кешені құрылысы, Сайын Шапағатов ауылында әмбебап спорт кешенін салу, Қарақия ауданының Құрық ауылында инженерлік желілерін орнату жобасы және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша тазарту ғимаратын іске асыру, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында инвестор қаржысы есебінен жатақхана типтес, қолжетімді 50 пәтерлі екі үйдің қолданысқа беру жұмыстары жүргізілуде. Өңір тұрғындарының жағдайын жақсарту мақсатында салынуы қажет әлеуметтік нысандар бар. Атап айтсақ, оқушылар сарайы, драма театры, мұражай, өнер мен спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп- интернат,туризмді дамытуға арналған визит орталығы, көп салалы аурухана, емхана салу, Бекет атаға апаратын жолды қайта жөндеу және т.б., – деді аймақ басшысының орынбасары Мақсат Нұрлыбекұлы. «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының «Өлкетану» базалық жобасы бойынша өңірімізде маусым айында «Менің Отаным - Қазақстан» жас өлкетанушылар мен туристтердің республикалық слеті өтті. Сондай-ақ «Қырымның қырық батыры» жырлар циклінің ономастикалық әлеуеті» 5 тілде мәтіндері жинақталып, салыстырылды. Мәтіндерден 200-ден астам ономастикалық атаулардың тізбесі жасалды. «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша қазіргі таңда 449 тарих және мәдениет ескерткіші мемлекеттік қорғауға алынған, оның ішінде 20-ы республикалық мәртебеде. Олардың ішінде «Қасиетті Қазақстан» базалық жобасына 10 нысан енді. Мәжілісте облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов Ақтау қаласында тарихи-мәдени парк – ашық аспан астындағы мұражай ашу, «Қызылқала орта ғасырлық қалашығы» археологиялық паркін құру, «Мақамы мәшһүр Маңғыстау» өңірдің дәстүрлі музыкалық мәдниетінің электрондық сайтын ашу, «Қазақ мифологиясы» атты тұңғыш энциклопедиялық жинақ құрастыру,Маңғыстау облысының тарихи-мәдени құндылықтарын зерттеу, сақтау және танымал ету жұмыстары жоспарланғанын жеткізді. –Қоғамдық сананы жаңғырту шеңберінде жүзеге асырылатын іс-шараларды кеңінен жариялау мақсатында журналистер мен блогерлер пулы құрылды. Ағымдағы жылдың 14-17 қыркүйек аралығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында республика және облыстардағы білікті блогерлердің қатысуымен медиа керуен өткізу жоспарлануда. Медиа керуен аясында блогерлер өңірдегі киелі жерлерімен, туристік әлеуетімен танысатын болады. Ұлан-ғайыр еліміздің әрбір өңірінің өзіндік ерекшеліктері, құндылықтары бар. Ұлттық кодымызды құрайтын бұл құндылықтарды сақтап қана қоймай, одан әрі тарату, насихаттау – бүгінгі күннің басты талабы, – деді облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов. Жиында «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша өңірден ұсынылған жобалар туралы жобалық офистің «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының жетекшісі Ырыскүл Иманбаева, «Рухани қазына» кіші бағдарламасы бойынша өңірден ұсынылған жобалар туралы сөз Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының маманы Бекболат Төлегенұлына, «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстары жайында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Құрманбек Жұмағали баяндама жасады. Жиын қорытындысында облыстық басқармалар, мекемелер мен кәсіпорындар басшыларына, қалалар мен аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар жүктелді. Жиынға қатысқан тұрғындар облыс әкіміне ұсыныс-тілектерін жеткізді.Айта кетерлігі, Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын іске асыру мақсатында өңірімізде «Рухани жаңғыру» жобалық офисі құрылды. Офис құрамына қоғамдық пікір белсенділері мен тәжірибелі мамандар тартылды. Офис мамандары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен», «Тәрбие және білім», «Рухани қазына» және «Ақпарат толқыны» бағыттары бойынша жұмыс жасауды бастады. Қосымша өлкенің белгілі тұлғаларынан құралған Сараптамалық кеңес жұмыс жасайды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="34984,34976,34985,34977,34978,34987"]