Облыс орталығында өтіп жатқан Қазақстандағы нефрологтардың бірінші Ұлттық конгресі, Қазақстандағы диализ және трансплантолог дәрігерлерінің V халықаралық қазақ-түрік нефрологтары конгрессі аясында Маңғыстау облыстық ботаникалық бағыннан бақилық болған донорларға арналып аллея ашылды. Шараға облыс әкімінің орынбасары Шолпан Ильмұханбетова, денсаулық сақтау саласының мамандары, конгресс қонақтары мен өңіріміздегі әр түрлі жағдайда ағзаларын ауыстырған азаматтар қатысты.
Айтулы шарада қайтыс болған жағдайда ағзасын пайдалануға рұқсат еткен еліміздегі 68 донордың құрметіне жас шыбықтар отырғызылды.
-Бүгін біз Ақтауда өмірден өткен донорларымыздың құрметіне республикалық деңгейде аллея ашып, жас шыбықтар отырғыздық. Ол жандар бақилық болғанымен еліміздегі көмекке мұқтаж 200-ден астам науқастың өмірін құтқарып, «екінші өмір» сыйлады. Үлкен адамгершілік танытып, ағзаларын өзге мұқтаж жандарға беруге рұқсат еткен марқұмның туыстарына да басымызды иіп алғыс айтамыз. Бір-бірімізге көмектесіп, мейірбандық танытып, өзгелерге де қуаныш сыйлай білейік дегім келеді. Елімізде 2012 жылы трансплантация координациялық орталығы құрылып, бес жылдың ішінде 56 науқасқа жүрек, 6 науқасқа өкпе, 837 науқасқа бүйрек ауыстырылды. Одан бөлек 53 балаға бүйрек ауыстырылса, оның ішінде Маңғыстау облысынан 5 бүлдіршіні бар. Көбіне бүйрек ауыстырғанда үлкендерге туысқандары, балаларға ата-аналары береді. Бұл жағдай әрі қарай жалғаса берсе, болашақта халықтың көбі бір бүйрексіз қалуы мүмкін. Сондықтан да біз елімізде мәйіттен алынған мүшелерді трансплантация жасау әдісін кеңінен насихаттауымыз керек,-дейді Назарбаев университетінің ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының нефрология, диалез және трансплантация бөлімшесінің меңгерушісі, республикалық балалар және диалездің бас маманы Венера Алтынова.
Венера МИРЛАН,
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="34920,34923,34921,34919"]