Темірден түйін түйген
[ 2017 ] 8 қыркүйек, 04:38 | Қоғам
«Темірдің жүрмейтін жері жоқ», - деп жылы жымияды Ерхан. Болмысынан бос сөзге жоқ, әр нәрсеге қырағы қарап, ұқыпты орындауды жаны сүйетін ол темір жонушы болғанына түк те өкінбейді.
Ол мамандықты таңдаған жоқ. Әкеден келе жатқан кәсіп-тін. Баянбай ата жастайынан темірді «таныды». Темір арқылы ел оны таныды десек, артық айтқандық болмас. Сол әкенің сүйікті ісі жанұядағы бес баланың екеуіне берілді. Қалғандары қыздар болмағанда, олар да темір жонушылар болар ма еді?!
Бала күнінен еңбектің қазанында қайнап, істің ебін білген Ерханға темір жонушы мамандығын игеру оңай-ақ болды. Машина жасау және металл өңдеу, металл кесуші құрылғылар маманы деген жоғары білімі бар.
- Теория керек, ал тәжірибе жүзінде білу - одан да маңызды, - дейді Ерхан.
25 жыл темір жонушы болған Ерхан бұл қызметке қатысты өзгелердің пікірін түбегейлі өзгерте алады.
- Темір жонушы математикаға мықты болу керек. Есептемесең, еткенің еш. Химия мен материалтануды білмесең, апатты жағдайға апарар құрылғы дайындап бересің. Физиканы меңгермеген болсаң, металдың қасиетінен хабарсызсың. Қауіпсіздік ережелерін сақтамайтын болсаң, цехқа кірмей-ақ қой, - дейді ол.
Мамандығының қыр-сырын меңгерген Ерхан Сүгіров 2014, 2015 жылдарда «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ еншілес мекемелері арасында өткен яғни «Үздік маман» байқауларының 3-ші кезең жеңімпазы. Екі жыл қатарынан 4 бірдей мекемеден дара танылған темір жонушыларды өзінің кәсіби білігі, шеберлігі, ұқыптылығы арқасында жеңді. Жақында өткен 2017 жылдың байқауынан да соңғы бөлімге жолдама алып отыр. Сайыста темір жонушыларға қойылатын сан талап - сапа, шапшаңдық, тазалықты ол мүлтіксіз орындайды. Ерханның жонған темірлері құдды темір емес, айна дерсің! Сапасына да талайлар сын айта алмаған.
Жалақы үшін жұмыс жасайтындардан жақсы маман шықпайтынын айтады ол. Адалдық пен ізденімпаздық - барлық салада адамды алға сүйрейтін жақсы қасиеттер,- дейді.
«Білгенім - бір тоғыз, білмегенім - тоқсан тоғыз» дейтін Ерхан өзі қызмет ететін МӨҚжТКЖБ-ның бұрынғы темір жонушылары, қазіргі технолог мамандары Сүйіндік Ақжігітов пен Сырлыбай Мұхановты тек жұмыстас емес, рухтас, тілектес жандар деп біледі. Себебі әр жеңісті сәттерінде олардың ақыл-кеңестері пайдаға асып, қажетіне жараған. Ал өзі шәкірт тәрбиелеуді мақсат етпегенмен, жұмыс барысында кейінгі жас мамандарға көмектесуден, білгенін үйретуден жалыққан емес. Барлық қозғалысы темірге «тірелген» мұнай-газ өндірісінде темір жонушының рөлі зор. Ал кәсібін толық игерген Ерхан сынды үздік мамандар мекемеге керек-ақ!
2024
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.