Алғашқы танысуын Баутин ауылынан бастаған әкім бірқатар әлеуметтік нысандар мен отандық, шетелдік компаниялар базасында болды. Компаниялардың жұмыс көлемдерімен танысып, жұмыс беруші тарапқа ауыл азаматтарын жұмыспен қамтуға басымдық берілуі керектігін жеткізді. 4670 тұрғын тұратын, 824 үй орналасқан Баутин ауылы халқымен кездескен алғашқы жиында көптеген мәселелер көтерілді. Онда алдымен даму жоспарын таныстырып өткен ауыл әкімі Дәулет Меңдіханов:
– Алдағы жұмыс жоспарымызда спорт кешені және мәдениет үйі салынады деп күтілуде, - деп тоқталды.
Тұрғындар тарапынан қойылған ауылішілік жолдардың жөнделуі бойынша сұраққа аудан әкімінің орынбасары Жансейіт Қайнарбаев:
– Баутин-Аташ елді мекені арасындағы Қазмұнайгаз ғимараты мен Баутин ауылы арасындағы жолдардың ақшасы төленді. Енді колледж бен Аташ арасындағы, Аташ пен Теңізсервис мекемесіне дейінгі жол қалып тұр. Жоба толық аяқталған жоқ, жарты ақшасы 2019-да өтеледі. Бұл кезекті жұмыстар жөндеу мен жамаудан тұрады. Ал толықтай жолды жөндеу күрделі қаражатты қажет етеді, - деді. Сонымен қатар су мәселесі туралы қозғалған сұраққа аудан әкімі бірден:
– Ауылда су мәселесі туындамауы керек. Ол үшін халыққа ең керекті суды уақытында жеткізуді дұрыс ұйымдастыру қажет. Су үшін халық ақшасын төлеп отыр, - деп ауданды сумен қамтып отырған мекеме басшысына және аудан әкімінің орынбасарына тапсырды.
Жұмыссыздық, көлік қатынасы, мектептердегі әжетхананы ішке көшіру тәрізді мәселелер де ұсыныс және сұрақ ретінде берілді.
Түстен кейін Форт-Шевченко қаласының әлеуметтік нысандарын аралаған әкім алғаш таныстығын түске дейін мәселе ретінде көтерілген Түпқараған су жүйесі мекемесінен бастады. Ондағы су тұшыту қондырғысымен танысып, суландыру жүйесі жұмыстарының жәй-күйін тыңдады. Кейін аудандағы өрт сөндіру мекемесінде болып, ондағы тілсіз жауға қарсы дайындық барысын пысықтау үшін бөлімше атынан қандай ұсыныстары барын сұрады. Содан соң халыққа мемлекеттік қызметтің бірнеше түрін ұсынып отырған «Халыққа қызмет көрсету орталығының» жұмысын қарап шықты. «Дарын» қосымша білім беру орталығының да жұмысымен танысқан аудан әкімі дарынды балаларға жасалған бұл мүмкіндікті бағытты пайдалану керектігін және бұндай орталықтар өзге аймақтарда жоқ екенін естіп, сапаға жұмыс жасауға шақырды. Кейіннен аудан орталығындағы Есбол Өмірбаев мектебін аралап, оның жылу қазандықтарын да аштырып, тексерді. Жаңадан ашылған «Алпамыс» балабақшасын аралап, жаңа Форт-Шевченко мектеп-лицейімен танысты. Ондағы кітапхана, асханаларды қарап, жас робототехник оқушылардың жұмысымен танысты. Жастарға сәттілік тілеп, робототехниканы дамытуға қандай қолдаулар қажеттігін сұрады. Аталмыш мектепте қала халқымен кездескен аудан әкіміне халық тарапынан тұрғын үй, көше жарығы, ауылішілік жолдар мен аялдама, тасымал мәселелері көтерілді. Онда аудан әкімі алдағы уақытта 48 пәтерлі тұрғын үй салынатынын, әзірге жекешелендіру жұмыстарының түгендеуге байланысты тоқтатылып тұрғанын, аудан бойынша жарық шығыны 200 млн. үстінде қарыз екенін, сондықтан түнгі сағат 12 мен таңғы 6-00 аралығында жарық өшіру арқылы айына 3-4-5 млн.-ға дейін қаржы үнемдеп, ауданның жарыққа қарызын біртіндеп өтейтіндігіне жұмыс жасалып жатқанын жеткізді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтау: құт қазаны қайнаған қалаАудан әкімі өткен сенбіні Таушық ауылына арнады. Ауыл тұрғындарымен кездеспес бұрын шебін шығаратын тас кескен орындарымен танысып, олардың жұмыстарындағы түйткілді мәселелерді жөнге қоюды тапсырды. Ауыл мектебін аралап, ондағы мектеп түлегі сыйға тартқан жылыжаймен танысты. Сонымен қатар мектептің қысқа дайындығы бойынша жылу қазандықтарын қарап, оқушылар үшін жасалатын санитарлық талаптардың, жағдайлардың болуын, мектептер жанындағы спорт алаңдарының сын көтермес жағдайын мейілінше тез арада түзетуді тапсырды. Ынтымақпен ұйысқан шағын ауылдың азаматтары мен ақсақалдары жаңа әкімге ауылға қатысты мәселелерді көтерді.
Жиында мәлім болған Таушық-Форт-Шевченко бағытындағы жол жұмысының республикада қаралу ақпараты тұрғындарды қуантты. Ауылға қатысты үнемі көтерілетін негізгі сұрақ ретінде бұл жолдың аудан орталығымен, Маңғыстау ауданымен қатынасуларына және туризмді дамыту үшін негізгі жол екені белгілі. Одан өзге газ, су мәселелерімен қатар өрт сөндіру бөлімшесі қажеттігі сияқты мәселелер де кездесу барысында тыс қалған жоқ. Кездесуден соң спорт кешенімен, амбулаторияның жұмыстарымен танысып шықты. Ұлы жолдың бойында, екі ауданның тоғысында ірі өндіріс орындарына жақын орналасқан ауыл ретінде бұл ауылдың жедел жәрдемі түрлі жолкөлік оқиғаларына алдымен көмекке барады екен. Сондықтан ауданның бас дәрігері осы жерден пункт ашып, жұмыссыз медбикелерді қамту үшін жағдай жасауға ұсыныс берді.
Таушық ауылы – отырықшы әрі ұйымшыл ретінде өз бағасын алған ауыл. Былтыр «Үздік ауыл» атағын алған ауыл түлектері де туған ауылдарына тарту жасауға ұйымшылдығымен көзге түсіп жүр. Ауылдың кіре берісіндегі демалыс орыны мен аялдама, қоршалып отырғызылған талдар мен мектеп үшін жылыжай, құрметті ұстаздары атына сыныпты жабдықтау, тіпті балалар үшін мектеп әжетханасы – бәрі осы түлектердің тартуы. Ал балабақша мен ардагерлер үйін ауыл меценаты салып берген болатын. Бір байқағанымыз – тұрғындар жеке бас мәселесін айтпай, елдік мәселені бір ауызға салып сөйлейтін ауыл үлкендерін, ақсақалдарының аталы сөзінен аттамайтын ұйымшыл ауылды көрдік.
Сегіз жүздің үстінде халқы бар шағын ғана ауылдың да тынысымен танысқан аудан әкімі алдымен ауылдың көпшілігіне қызметтің түр-түрін ұсынып отырған «Қазпошта» бөлімшесімен танысудан бастады. Ауыл әкімдігіндегі бір кабинетте орналасқан пошта бөлімшесінде бір қызметкер ауылдықтарға зейнетақы алу, коммуналдық төлемдер, пошта жөнелтілімдері мен хаттар жіберу, газетке жазу, сату сияқты түрлі қызметтер ұсынып отыр. 7 млн-дай қаржы айналымы бар шағын бөлімшенің жұмысы тарапынан халықтың ұсыныс, тілектері қандай екенін сұрады. Кейіннен жалғыз білім ошағы З.Баймырзаев атындағы орта мектептің жұмысымен танысуды жалғастырған аудан әкімі ондағы психолог жұмысын жандандыру, мектеп оқушыларына жайлылықты тудыру үшін әжетханаларды іштен салуды қарастыру тәрізді тапсырмалар берді. Өзге ауылдарға қарағанда 2-3 ауысымдық мәселесі мен тасымал мәселесі туындамайтын шағын ауылға сапа көрсеткішті көтеруді тапсырды. Су тұшыту қондырғысы, балабақша, медпункт, мәдениет үйі жұмыстарымен танысып, ауыл клубына жиналған жұртшылықпен кездесті. Онда ауыз су мәселесі, жұмыссыздық, жер алу, дәрі-дәрмек сатылымын ұйымдастыру, ауылдан алыстау орналасқан санаулы үйге интернет желісін қосу сияқты да мәселелер мен мал жайылымы, шағын шаруашылық үшін Қаңға жерінен жер беру сияқты мәселелер де көтерілді. Сонымен қатар аудан әкімі Елбасы бағдарламалары туралы түсінік беріп, тұрғындарды заңсыз балық аулау сияқты әрекеттерден аулақ болуға шақырды. Жазаның жеңілі – айыппұл, аяқ үсті жаза берілгенде арысы бас бостандығынан айыру сынды жазалар күтетіндігін, соңы отбасына ауыртпалық түсетінін түсіндіріп өтті. Сондықтан ауыл тұрғындарын өнім өндіру, жұмыс көздерін ашатын кәсіппен айналысуға шақырды.
Милана ЕЛЕУСІНОВА