Киелі Маңғыстау өлкесінің тумасы, жас кезінен әнге деген құштарлығы үлкен өнерге жетелеген дәстүрлі әнші Айгүл Қосанова «Шағала» атты ән кешін Маңғыстау аудандық мәдениет үйінде тыңдармандарына тарту етті. Батыс өнеріне бет бұрып, дәстүрлі әнімізді шетке қарай ығыстырып бара жатқан кезеңде қолынан домбырасын тастамай, төл өнерін бар қазаққа мақтан етіп жүрген әншінің концертінде Шетпе тұрғындары залды толтырды.
Қасиетті домбыраның құдіретін көптеген шетел сахналарында көрсетіп, халық әндерінен қол үзбей жүрген әнші, заман ағымынан қалмай, дәстүрлі өнерді эстрадаға қосып шырқап, нақышына келтіре өлкемізге белгілі әнші Асанәлі Көшеровпен бірге шырқады.
Өнерге алғаш қанат қақтырған Орын Құлсариевтің шәкірті Айгүл Қосанова аудан тұрғындарын Маңғыстаудың ән-жырларымен сусындатып, өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына бөленіп, дәстүрлі әнге сусап қалған аудан жұртшылығына керемет тарту жасады. Өзінің дәстүрлі әнге тәрбиелеп жүрген маңғыстаулық шәкірттерімен бірге әнші кең даусына дүбірлі домбыраның үнін қосып, мәдениет үйін жаңғыртты. Айгүлдің өнерін ән сүйер қауым орындарынан тұрып, ұзақ қол соғып, қошеметтеді. Аға буын өз заманында шырқалған әнге қосылып, аналарымыз алғыстарын жаудырып, үлкен сезімге бөленген тұрғындар дәстүрлі өнерді ұрпақтан ұрпаққа жалғастырушы үлкен көпірдей көрді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жұмбақ жанрының Маңғыстау әдебиетіндегі көрінісіДәстүрлі өнердің дүлдүлі А.Қосанова рухани құндылығымыз, асыл қазынамыз домбыраның құдыретін сезіндірді. Екі сағатқа созылған концерттік бағдарламаның тез аяқталып қалғанын байқамай қалған өнер сүйер қауым атынан құлақ құрышын қандырар әншінің өнеріне ризашылығын білдірген аудан әкімі Ж.Айтуаров әншіге алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.
Өз тілшіміз
Көрнекі сурет shalkarfm.kz алынды