Маңғыстау ауданының 90 жылдығы қарсаңында Елбасының «Рухани жаңғыру. Болашаққа бағдар» бағдарламасының «Туған жер» айдары аясында аудандық тарихи-өлкетану мұражайында ауданға, облысқа белгілі ақын, журналист, сазгер, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, қыл қалам шебері Бірғали Байекеевпен кездесу өтті.
Табиғи болмысымен, қарапайым қалыпымен ерекшеленген елдің біртуар, сан қырлы азаматы 65 жасқа толған Бірғали Байекеевтің кездесу кешіне замандасы Шолтаман Жанайысов, көп жылдар білім саласында қызмет еткен Ордалы Қосай, филолог маман Ғұбайдолла Алдабергенов және Н.Жұбаев атындағы мектеп оқушылары мен мұражай қызметкерлері жиналды.
Кеште сан қырлы талант иесі Бірғали Байекеевтің өмір жолынан сыр шертіліп, талант иесінің журналистік қызметі, суретшілік қабілеті, сазгерлігі, ой-толғамы мен нақыл-қанатты сөздері, кітаптары жайында кеңінен сөз етілді. Замандастары ақынның еңбек жолы, арманына қиялмен емес, мақсатпен қараған ақынның бүгінгідей бәрі қолжетімді заманда өмірге төтеп бере алмайтын кейбір бос белбеу жастарға үлгі болар өмірге деген құлшынысы, құштарлығы арқасында осындай биік белеске жеткендігі жас ұрпаққа үлгі етілді.
Мұражай залында Бірғали Байекеевтің туындыларынан сурет көрмесі жасақталып, келушілерге ұсынылды. Кездесу кешінде оқушылар ақынның өлеңдерінен үзінді оқып, қанатты сөздерін талқылады. Б.Байекеевтің өмір жолы мен шығармасы жөнінде зерттеу жасап, ғылыми мақала қорғаған Шетпе гимназиясының оқушысы Әділбек Жаңбуршиев өз жұмысының мақсатын слайд түрінде көрсетті.
Бала кезінен Шайырдың сұлу табиғатынан, көк аспанда қалықтаған құстар мен кең даласынан шабыт алып, ақ параққа түсіре білген бала Бірғали суретшіліктің ұзақ жолына түсетінін ол кезде өзі де байқамаған-ды. Б.Байекеевтің таланты, мазасыз бір терең ойы мен табиғаттың тылсым күші өзіне табындырып қойғандай. Таудың әр тасы мен даланың әрбір сыбдырынан үн шығара білген ақын қай өнер туындысын да шынайылықпен қарапайымдылық қалпында жеткізе білді.
Ауыз әдебиетінің құнарлы қайнарларынан бастау алып жатқан құбыла сөздері, нақты ой-толғамдары, Бірғалидың ақындығы, суреткерлігі, әндері күні бүгінге дейін халықты сүйсіндіріп келе жатқаны сөзсіз.
Даңғаза атаққа құмарлығы жоқ, бойына жаратушы берген асыл қасиеттерін жоғалтпаған, өнердің биік қиясында мазасын тапқан, әрбір сурет туындысы өзінің өмірбаянын жырлап тұрғандай әсер қалдыратын Бірғали Байекеевтің таланты келер ұрпаққа үлгіөнеге.
А.ЖАНАЙЫСОВА