Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында батагөй ардагерлердің байқауы өтті. Дәстүрге айналған байқау биыл «Батаменен ел көгерер» тақырыбында Атырау қаласының Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында ұйымдастырылды. Сын-сайысқа Жаңаөзен қаласынан шежірежі-ақын, «Өзенмұнайсервис» ЖШС-нің құрметті мұнайшы-жөндеуші зейнеткері, еңбек ардагері Қаржаубай қажы Рейімбайұлы қатысып, жүлделі орынды қанжығасына байлап қайтты. Бата беруші ардагерлер арасындағы байқау республикалық «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесі және Атырау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен жүзеге асқан. Мақсаты - бүгінгі қоғамда бата беру дәстүрін дәріптеу, жаңғырту және жас ұрпақты имандылыққа, адамгершілікке, рухани тазалыққа тәрбиелеу, сондай-ақ ел арасында бата беруші ақсақалдарды насихаттау. Аталмыш сынға Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің 14 облысында өткен іріктеу сайыстарында жүлделі болған 17 үміткер қатысып, үш сайыс бойынша бақ сынады. Атап айтар болсақ, ел ақсақалдары алдымен тарихта аты сақталған тұлғалардың баталарын нақышына келтіріп айтуы қажет, екінші қазақтың салт-дәстүрлеріне байланысты бата беру, соңғысы салт-дәстрүрлерге қатысты сұрақтарға жауап беру болды. Үш кезеңде сүрінбей өткен ақсақалдар жүлделі орындарды иеленіп, арнайы дипломдармен және қаржылай сыйлықпен марапатталды. Байқауға республикалық «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев төрағалық етіп, қазылар алқасы құрамындағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген заңгері, «Ардагерлер ұйымы» орталық кеңесінің төралқа мүшесі Бекет Тұрғараев, жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Шәрбану Бейсенова, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінің директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жабал Ерғалиев, Атырау облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, Атырау облысының Құрметті азаматы Мұрат Өтешов, Қазақстанның халық әртісі Меруерт Өтекешова, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Нұртілеу Иманғали бата беруші ақсақалдарды бағалады. Нәтижесінде бас жүлдені Алматы облысының ардагері Жақыпбек Өмірбек иеленді. І орын Павлодар облысынан Балтабай Сыздықовқа, ІІ орын Атырау облысы Исатай ауданының ардагері Әділов Уахит пен Шығыс Қазақстан облысынан Мұхамеджан Рашитбекке, ІІІ орын Маңғыстау облысынан қатысқан жаңаөзендік Қаржаубай Рейімбайұлы, Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының ардагері Сердалин Ертай мен Ақмола облысынан Жақсыбай Ахметовке бұйырды. Жүлде қоры бас жүлдеге 1 млн. теңгені құраса, ал 1-ші орынға 750 мың теңге, 2-ші орынға 500 мың теңге, 3-ші орынға 300 мың теңге белгіленді. Байқауға қатысқан басқа ардагерлерге алғысхат пен 150 мың теңге көлемінде сыйақы табыс етілді. Қаржаубай қажы РЕЙІМБАЙҰЛЫ, шежіреші-ақын: - Бата беру дәстүрі - ұлтымыздың ұлы құндылықтарының бірі. Қазақта болашақ ұрпақ үшін қалдырылған «Баталы құлға бақ қонар», «Баталы құл арымас, Батасыз құл жарымас», «Бота алғанша - бата ал» деген жақсы мақал-мәтелдер, нақыл сөздер бар. Бұл дегеніміз өмірге келген пендені жақсы әрекет жасауға, ешкімнің ала жібін аттамай, адами құндылықтарын сақтап қалуға, алтын алмай, алғыс алуға т.б. бағыттайтын үлкен тәрбие құралы. Сол себепті де, қазіргі қоғамда бата беру дәстүрін жаңғырту өте орынды. Осы орайда байқау ұйымдастырушыларына алғыс айта отырып, бұл шара жыл сайын үзіліссіз жалғасуына тілектестік білдіремін. Наурыз БАТА Ассəлəмуəлейкум, Бірлікті Қазақ Еліміз! Бір Хақтан тілеп бас идім, Сақталғай Мұра-Жеріміз! *** Бісміллə,құт-бақ Ұлыс Күн, Бақ-Береке жұғыссын! 14-наурыз, жылдың басы Ұлыс Күн, Жаңа мүшел кіріс күн, Мейірлене көріскін! Көңілді көктей өсіріп, Көріселік замандас! Артық-кемді кешіріп, Ақ пейілмен амандас! Қазан толғай бал-уыз, Өскей аман мал-жаның! Құт-Бақ болғай наурыз, Қабыл болғай арманың. Ойың өсіп бірегей, Құтты болғай жасыңыз! Береке-Бірлік тілегей, Досың менен қасыңыз! Құрметтелгей еріміз, Бастар Елді Бірлікке! Ерлер қорғап Еліміз, Кемдік көрмес тірлікте! Ерлер Елмен қол ұстас, Елді-Жерді сатпайық! Ұрпақ сізді ұмытпас, Ұлт үмітін ақтайық! Ерсіз, Жерсіз Ел болмас, Бар Қазақ бір тілекте! Ер-Жер болса Ел тозбас, Бойтұмар сақта жүректе! Қазақ Тіл барда, Қазақпыз, Елдік тұғыр тілімде! Тіл қорғасақ азатпыз, Тəрбием ұлттық білімде! Ең бастысы Иман-Нұр, Бақытым Ханаф жолымда. Бес фарызбен жиған Нұр, Мезгілінде орында! Қазақтық шарғи салтымыз, Ұйытар ұлттың тірегі! Салтыммен жарқын халқымыз, Əр Қазақ азбай, тілері. Тағдырлас ұлттық өкілдер, Қазақпен туыс, құрметте! Тірлікте ұйыс бекіңдер, Бірлікте үлгі, іззет те! Жастарым - ізім, Болашақ, Əрбірі болғай жұмысты! Бірлік қорған қаласақ, Бір Алла берер ырысты. Елбасым сабыр, қанағат, Қазаққа еңбек еткейсің! Ізіңе ермей жаман ат, Мұратқа елмен жеткейсің! Ұлтымды ұйыт Ерлікке, Сақтатып сабыр, Теңдікті. Ерлікпен жетем Елдікке, Көрсетпе қорлық, кемдікті. Жақсы сөз іспен сақталар, Қазақпен аман даңқыңыз! Жұмысты, қолдар жастарым, Ұлтыммен өсіп, шалқыңыз! Тəуелсіз Қазақ Еліміз, Хақ беріп, бағы ашылғай! Тұтастық Дəулет-Жеріміз, Рахым Нұры шашылғай! Бір Алла кешір қатамды, Қазақ Елім ұйысын. Қабыл ет Ақбатамды, Ниғметің нəсіп бұйырсын. Аллаһу Акбар.
Жанайым ЖАРЫЛҚАП