Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында «Қоғамдық келісім» КММ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Санаңды аш!» тақырыбында саяхат сабақ ұйымдастырды. Оған «Ақжелкен» балабақшасының бүлдіршіндері мен №10 мектептің жоғары сынып оқушылары қатысты.
Балалардың патриоттық сезімін оятып, өзге ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлерімен танысу, достыққа, бірлікке тәрбиелеу мақсаты көзделген бұл шараны «Қоғамдық келісімнің» Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымдарымен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Самира Абдуллаева өткізді. Саяхат сабаққа қатысқан кәріс, шешен, орыс, украин, қырғыз, осетин этномәдени бірлестіктерінің мүшелері балаларды өзге ұлттардың салт-дәстүрлерімен таныстырып, оларға ұлттар жайында тереңірек мағлұмат берді. Сондай-ақ сабақ барысында балаларға викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген оқушыларға Маңғыстау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан Алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табысталды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Конфедерация Кубогы: Маңғыстау боксшылары жартылай финалға шықты***
Ал облыс орталығындағы №24 балабақшада Ақтау қаласының 55 жылдығына арналған «Туған күніңмен, Ақтау!» атты мерекелік шара өтті. Мерекелік шараға Маңғыстау облысы әкімі аппараты «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастырған бұл шарада Т.Шевченко атындағы украин этномәдени бірлестігінің, «Русское землячество» орыс қоғамдық бірлестігінің, «АЛА-ТОО» қырғыз этномәдени бірлестігінің өкілдері қатысты. Бүлдіршіндер балабақшаға келген қонақтарға арнап концерттік бағдарламасын көрсетті. Мерекелік шарада «Қоғамдық келісім» КММ ҚХА құрылымдарымен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Самира Абдуллаева алғаш құттықтау сөз сөйледі.
Шара барысында балалар мен балабақша қызметкерлері өзге ұлттардың салт-дәстүрлерін көрсету мақсатында меймандардың өздерімен бірге ала келген көрмені тамашалады. «Русское землячество» орыс қоғамдық бірлестігінің өкілі Галина Погарелова Владимировна «Живи Актау» әнін орындаса, Т.Шевченко атындағы украин этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Людмила Кравченко мен «АЛА-ТОО» қырғыз этномәдени бірлестігінің мүшесі Гүлжазира Газибекова Ақтау қаласының 55 жылдығына арналған өлеңдерді мәнерлеп оқыды. Шара соңында этномәдени бірлестіктер №24 балабақша қызметкерлеріне мерекелік шараны жоғары деңгейде өткізгені үшін ризашылық білдірді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА