Маңғыстау ауданының 90 жылдық торқалы тойы қарсаңында аудан орталығында Жыңғылды, Шайыр, Жармыш, Тұщыбек ауылдарының «Ауылым - алтын бесігім» өнер күндері өтті.
Концерт сахнасының төріне көтерілген Маңғыстау ауданының әкімі Ж.Айтуаров: «Қадірлі жерлестер, ардақты ағайын, биыл біз үшін берекелі де мерекелі жыл. Биыл елордамыз Астананың 20 жылдығы, Каспий теңіз жағалауындағы 5 мемлекеттің саммиті өткен ару қаламыз Ақтауға 55 жыл, түбектің қара шаңырағы Маңғыстауымызға 90 жыл. Қазан айында мерекені кең көлемде атап өтеміз. Ғасырға жуық тарихы бар ауданымыздың мерекесі қарсаңында өрелі іс-шаралар өткізіліп келе жатыр. Мәселен, Жыңғылды ауылында ауылішілік су құбыры құрылысы жақын күндері аяқталады. «Самұрық Қазына АҚ-ның» демеушілігімен қолға алынған үлкен спорт алаңы мен «Кенсарының» демеушілігімен салынған мектептің футбол алаңы да ел игілігіне берілмек. Сонымен қатар "Шайыр-Жыңғылды", "Шайыр-Ақмыш" асфальт жолдарының жұмысы басталды. Шайыр ауылында төрт пәтерлі муниципальді тұрғын үй салынуда, «Отпан» селолық округінде де бой көтерген тұрғын үй мамандарға беріледі. Ауыл жастарының бастамасымен қолға алынған «Мен сені сүйемін Тұщыбек» жазуын халық сүйіспеншілікпен қабылдады. Жармыш ауылында да жасалып жатқан жұмыстар бар. Ауылішілік су құбырының, ауыл мәдениет үйінің құрылысы басталды, жастардың бастамасымен спорт кешені бой көтерді. Осылайша әр ауылда халық игілігі үшін іске асып жатқан жұмыстар алда да жалғасын таба береді Мереке қарсаңында барлық ауылдардағы нысандар халыққа тарту етіледі», - деді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтаулық ұстаздар Италияда зерттеулерін таныстырдыАудандық мәслихат хатшысы А.Сарбалаев осындай орасан жетістіктермен, толағай табыс, экономикалық дамуымен келе жатқан ауданның 90 жылдық мерейтойымен көпшілікті құттықтады.
Мәдени шара аясында әр ауыл мәдениет үйінің фойесінде қолөнер бұйымдарын көрсетті. Көрмеде бау-басқұрдан басталып, киіз үйдің жабдықтары мен зергердің барлық туындылары жұртшылықтың назарын аударды. Көздің жауын алатын әшекейге қызықпаған жан қалмады.
Жармыш ауылының қөлөнер шебері Сәттіғали Шәдібаевтың ағаштан әсемдеп жасаған бесігі, Ақкенже Көкованың қолынан шыққан текеметтің өрнегінің қанық, оюының орнықтылығы да көптің көңілінен шықты. Мұндай текемет, іргелікті тұрмыста көрмеген жастардың қызығушылығында шек болмады. Көрмеде тек қана қөлөнер емес, ауыл шаруашылық өнімдері де халыққа ұсынылды.
Ж.АМАНҚҰЛОВА