©
«EXPO&WOMEN» ұйымымен бірлесуімен 15 қыркүйекте «Рұқсат етілмеген қоқыс төгілген жерлерді жою» бір күндік акциясы аясында Маңғыстау ауданында сенбілік өтті. Жер-жерде жүргізілген қызу тазалық жұмыстарынан соң ауданымыз айнадай жарқырамаса да біраз жаңарып қалды.
Таңертеңгі сағат 9-дан бастап өз аумақтарынан қоқыс-қалдықты шығарып, ғимараттарды әктеген мекеме, кәсіпорын қызметкерлері ортақ үйіміздің әсемденуіне бір кісідей атсалысты. Бұл жолы сенбілікке Маңғыстау ауданы бойынша 1143 адам қатысты.
Шетпе ауылы бойынша тазалық жұмысына аудандағы мекеме, балабақша, кәсіпорын қызметкерлерінен 200 адам жұмылдырылды. Әрбір мекеме өзіне бөлінген тиісті аумақтарды, аудан әкімінің аппараты Қамысбай ата қорымын түрлі қоқыстардан тазартып, жастар ғимаратының сырты сырланды. Сенбілікке 1 жүк тиейтін көлік, 1 жүк таситын көлік, 1 УАЗ қатынасып, аудан аумағын 20 тонна қоқыстан тазартты.
Шуақты күн нұры күш пен серпін беріп, күзгі науқанды бір кісідей жұмылып атқарған жыңғылдылықтар Құнан ата және Қарқын ата қорымдарының айналасын қоқыстан тазартты, 5 га аумақтан 5 тонна қоқыс шығарып, ауылдың ажарына сән қосты.
«Таза ауылдың тынысы кең» деп ұрандатқан ақшымыраулықтар ауыл ішіне, кіре берісіне және ауыл іргесіндегі қорымға, тарихи-мәдени ескерткіштерінің айналасына санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізді. Сенбілікке қатысқан жүз қаралы адам 10 га аумақтан 8 тонна қоқыстар жинап, арнайы орынға төкті.
Осындай қарқынмен жұмыс жасаған Қызан ауылдық мекеме, мектеп, балабақша қызметкерлері Қызан әулие қорымына, ҰОС ардагерлері мен соғыстан оралмаған боздақтарға арналған ескерткіш айналасына тазалық жұмыстарын жүргізіп, 2 тонна қоқыс шығарды.
Ал Шайыр ауылы бойынша сенбілікке барлық мекеме қызметкерлерінен 80 адам күші жұмылдырылды. «Есбол» әулие, Қаңғырқазы ата, Сарсенғали Жұмағали қауымдарына тазалық жұмыстары жүргізілді.
Тұщықұдық ауылы мекемелерінен жинақталған 60 тазалық жанашырлары ауыл ішін, «Айдар Ишан» қорымының айналасын тазалап, 9 тонна тұрмыстық қатты қалдықтарды арнайы орынға төкті.
Сенбілікке серпінді қатысқан өтестіктер Толыбай қауымының айналасына тазалық жұмыстарын жүргізсе, Ақтөбе ауылы қызметкерлері саябақтағы обелиск аумағына, «Жандай» қорымын қоқыстан тазартып, сауапты іс қылды. Тұщыбек ауылындағы «Бетонтоған», «Тұщыбек әулие», Қайнар су көзінің, Е.Оразақов атындағы шипажайының және Тұщыбек су скважинасының айналасы тазаланып, 5 га аумақтан 2 тонна тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Тарифті тартқылайтындарға тыйым бола ма?Сондай-ақ, ауыл келбетін ажарландыруға атсалысқан Шебір, Онды және Жармыш ауылының тұрғындары да ауыл көшелеріне тазалық жұмыстарын жүргізіп, шыққан қоқысты арнайы орынға төкті.
Қоршаған ортамыз-ортақ үйіміз. Оның көркейіп, гүлденуіне әрбір тұрғын бей-жай қарамай, қоқыс-қалдықтарды кез-келген жерге тастамай, таза ұстауға атсалысуы қажет. Бірақ қанша жазылып, қанша ескертілсе де аудан тұрғындары арасында тазалық шараларына қатысуда енжарлық танытатындар баршылық. Мұндай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында аудан әкімшілігінің ұйымдастыруымен түрлі тазалық жұмыстары өтіп тұрады. Оған, әрине, мекеме басшылары мен қызметкерлері, мұғалімдер атсалысып жатады. Десек те, қанша тазаланса да бүгін жиналған қоқыстың орны ертең толып тұратынын қайтерсің?! Қоқыс бізге даладан келмейді, өзіміз өмір сүретін ортаның әдемілігі өзімізге абырой. Сондықтан әр тұрғын сенбілікке атсалысқан адамдардың еңбегін бағалап, өзінің пайдаланған тұрмыстық қалдықтарының тиісті жерге төгілуіне жауап береді деген ниеттеміз.
А.НОҒАЙХАН
Көрнекі сурет сайттың архивінен