Сөз басы
Ертеде Үстірт үстімен Самның құмының саласында ен жайлаған елдің тыныс-тіршілігі мен болған оқиғалар жайлы ой толғап, сыр шертетін тасқа жазылған тарихтай мәдени-тарихи ескерткіштер аз емес. Киелі орындар да көп.
Солардың қатарында ерекше сәулет үлгісімен талайды таңдай қақтырып, тамсандырып жүрген ескерткіштің бірі — Омар-Тұр тамы. Бұл ескерткіштің тарихы бізге ел аузында сақталған әңгімелер арқылы жеткен. Тамды кезінде Сыңғырлау бойын, Сам құмын жайлаған Адай тайпасының шоңай руының Омар Қаратауұлы деген байы көзінің тірісінде салдырған. Оны салған қараш руының Аманжол деген шебері.
Бейнеуден 18-20 шақырым шамасындай шығыс-түстікке қарай жол жүргенде биік төбенің басында қаракөрдім жерден көзге түсіп, көрінетін әдемі күмбезді тамға кім де болса бір соқпай кетпейді. Өйткені алыстан мен мұндалаған бұл ескерткіш-кесене өзінің көркем көрінісімен көз тартып тұрады. Бұл — жай ғана там емес, басқаларға ұқсамайтын құрылысымен, ғажайып келбетімен, тамаша сәулет үлгісімен сәулетші-ғалымдар мен тарихтың тамырын басып білетіндердің талайын тамсандырған ескерткіш. Көпшіліктің назарын аударған бұл ескерткіш – мемлекет қорғауына алынған мәдени мұралардың тізіміне енген жәдігерлік.
Сонау 1946 және 1954 жылдардағы Сам өңірі мен Батыс Қазақстан аймағын экспедициямен келіп зерттеген архитектор-ғалымдар К.Басенов пен М.Меңдіқұловтың кітаптарында Омар-Тұр тамы жайлы да ғылыми зерттеу жұмыстарының тұжырымдамасы жасалған. Мысалы, М.Меңдіқұловтың «Памятники народного зодчества западного Казахстана» деген кітабында; «... Декоративное оформление интерьера в основных чертах воспроизводит внутренное устроиство юрты. Несмотря на некоторую разномаштабность орнаментальных узоров, они отличаются геометрической четкостью рисунков в гармоничном колористических решением. Высокохудожественный облик этого крупного архитектурного сооружения позволяет отнести его к шедрам народного зодчества не только этого региона, но и Казахстана в целом» деп зерттеу нәтижесінде ғылыми тұрғыдан баға берген.
Осылайша талайды тамсандырып, көргендердің көзін суарған Омар-Тұр тамын салған шебердің қасында туған інісі Еламан, оның баласы Өтесін, тағы да басқа көмекшілері болыпты.
Кезінде адайдың игі жақсылары мен батырларын, би-шораларын, бай-мырзаларын, ақын-жырауларын, ахун–ишандарын жалпы аты шыққан абыройлы адамдарды атап, шежіре қалдырған Ыбырайым ахун Құлбайұлының баласы марқұм Сматулла мақсым «Әнес шебер» деген мақаласында «Әлқисса, Әнес шебердің арғы атасы Аманжол Жаншораұлы Бейнеуге жақын жердегі Омар-Тұр тамын салған шеберлердің бірі еді. Аманжол әрі молда, әрі домбырашы, арасында ән салып, терме айтатын өнерлі адам болған екен. Кейде жанынан сөз шығаратын ақындығы тағы бар. Әкем Ыбырайым ахун Аманжол жайлы айтқан әңгімесінде оның бұл өнерлерін жалғастыруға көбіне көп молдалығы жол бермеді деп отыратын еді. Ақбас ер, көксауыр күмістеген жона, алтын тоға мен ақсулық, күміс шайған өмілдірік, тағы басқа зергерлікпен жасалатын ат әбзелдерін және әртүрлі бұйымдарды да жасап, ағаштан түйін түйген хас шебер...Сол атаның немересі Әнес те жасынан-ақ шебер атанған... Ер жеткен соң Ашхабад қаласындағы өнер ордасында оқып, үйреніп, суретші-мүсінші мамандығын алған» деп Бейнеудің көпшілік адамдарына таныс Әнес шебер жайлы жазған.
Бұл айтылып отырған Әнес шебер Аманжолдың Сүйесінінің баласы. Аманжолдан 3 бала болған. Үлкені — Әзи, одан кейінгі баласы Сүйесін және Әбіш деген.
Әзи деген кісі де шебер болды. Бала күнімізде бір ауылда көрші болып отырғанда мен де көрдім. Домбыра және ер жасайтын еді. Қолы шебер адам. Кейде домбыра тартып отыратын. Бұл кісінің 3 қызы болды. Үлкен қызы Балғара қазір Бейнеуде тұрады.
Сүйесінді біз көрген жоқпыз. Баласы Әнестің шеберлігінен хабарым бар. 1986 жылы Сыңғырлауда отырғанымда шешем қайтыс болып, қабірінің басына қойған ескерткіш-құлпытасты Әнеске жасатқан едім. Құлпытастың қойылғанына 30 жылдан асса да міні құрамай, жазуы әлі сол қалпында тұр. Алюминий қаңылтырға чеканкалап жазылған. Әнес жақын жылдарда қайтыс болды. Бұл күнде Әнестің шеберлікпен айналысып, құрылыста жұмыс жасайтын балалары бар.
Аманжолдың үшінші баласы Әбіштен Ілияс деген кісі болды. Оның шеберлігін көрген жоқпын. Қарапайым шаруаның адамы еді. Бейнеуде Байкүшік пен Борқұдық маңында мал бақты. Қазір қайтыс болған. Оның да бала-шағасы осы Бейнеуде тұрып жатыр.
Аманжол шебер тамды салғанда інісі Еламан және оның баласы Өтесін көмектесіп жүрген. 1929-30 жылдардағы зобалаң туған заманда шеберлердің балалары да Бесқалаға ауып барған. Өтесіннің баласы Сахидәулет Өтесінов Қарақалпақстанның Шоманай ауданының Луначарский мектебінде ұзақ жыл мұғалім болып, зейнеткерлікке шыққан соң Алматы жанындағы Есік қаласына көшіп барды. Сол жерде 96 жасында қайтыс болған кісі. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген сауатты адам еді. Ара-тұра мақалалары газет-журналдарға шығып тұрды. Бірде мен де оның «Мәдениет және тұрмыс» журналына шыққан бір өлеңін оқығаным бар.
Омар-Тұр тамын салған шеберлер жөнінде жақын жылдарға дейін екі ұдай пікір болды. Маңғыстаулық шежіреші Алшын Меңдалиев «Адай шежіресі» деген кітабында: «Қараштан там салатын шеберлер де көп шыққан. Сыңғырлаудағы Шоңай Омар, баласы Бейнеу, немересі Тұрдың тамын салған Қараштың шеберлері Назар Шырбасұлы және Өтесін деген адамдар. Самдағы молаларды зерттеген Бәсеновтер Омардың тамын салған Дүйсен Қаражүсіп баласы деген. Ол - қате, басында отырған малшылар айта салған болуы керек» депті. Осы қарама-қайшы пікірлерге орай Сахидәулет Өтесінов Омар-Тұр тамын салған шеберлер жайлы Бейнеу аудандық «Рауан» газетінде мақала жазып, тамды атасы мен әкесі салғандығын дәлелдеп, соңғы нүктесін қойған еді. Қолөнерде өшпестей қолтаңбасын қалдырған Аманжол шеберге деген халқымыздың құрметі сейілмей келеді. Бейнеу ауылында бір көшеге есімі берілген. Қысқаша Аманжол шебер жайлы айтарымыз осы.
Енді Омар бай мен оның ұрпақтары жайлы әңгімелегенде Омар-Тұр тамын шоңай Омар Қаратауұлы көзінің тірісінде салдырған дедік. Тамға ең алдымен Омардың Тұр деген баласы 1913 жылы қойылып, арасы алты айдан кейін Серіктің қолында болған Омар байдың өзі 68 жасында қайтыс болып қойылған. Содан соң Бейнеу деген баласы 1918 жылы жерленген. Және беріде, дәлірек айтқанда Бейнеуде тұрып, қайтыс болған Нұрдың қызы Жамал апамыз 1969 жылы жерленді», - деді Қосанбек. Сонымен Омар әулетінен бұл тамға төрт адам жерленген болып тұр.
1929-30 жылдары көп ұзамай бай мен молдаларды қудалау басталады да Омардың балалары біртіндеп ұсталады. Кейінгі ұрпақтарының айтуына қарағанда Омар бай - 4 әйел алған кісі. Олардан өрген 7 бала болған. Атап айтқанда, Тұр, Нұр, Бейнеу, Жұбатыр, Қашаубай, Серік және үлкейген шағында алған кіші тоқалынан Айшуақ деген бала туады. Үлкен әйелдерінің айтуымен Айшуақ туған соң жас тоқалын жіберген екен. Ол да алысқа кетпей шоңай руының бір адамымен бас қосып, балалы-шағалы болады.
Адай тайпасының руларын «жатқызып-өргізген» шежіреші Алшын Меңдалиевтің «Адай шежіресі» деген кітабында Шоңай руының шежіресін жіктеп айтқанда «Омардан жеті бала, бәйбішеден-Түрекеш, Бейнеу, Қошабай, Нұр, тоқалынан-Жұбатыр, Серік (бір бала), Бақтылы тоқалынан–Айшуақ (бір бала бар.) Түрекештен-Тұр, Тұрдан бір бала–Мұхан. Бейнеуден бір бала-Тілеубай (екі бала бар.) Қошабайдан екі бала-Тілеунияз, Спан. Нұрдан бір бала – Жаңай» деп жазылған.
Осы жерде бұл Алшекеңнің жазып кеткенін қазіргі Омардың ұрпақтарының айтқандарымен салыстырғанда сәйкессіздік болып тұр. Ұрпақтары «Түрекеш — Тұрдың баласы» дейді. Негізінде Айшуақтан екі бала болған. Алшекең; «бір бала» деп айтқан екен.
Қуғын-сүргін жылдарында Тұрдың Түрекеш деген баласы мен Айшуақты НКВД адамдары ұстап кеткен. Соның ізін ала Омардың Бейнеу деген баласынан туған Тілеубай 1930 жылы ауған елмен Бесқалаға қашып көшіп бара жатқанда қырдың үстіндегі Итібай құдығының басына қонып отырғанда НКВД-ның адамдары «байдың баласы» деп оны да ұстап кетеді. Оның 3 ер баласы мен 2 қызы бар әйелі зар илеп, көшкен елге ілесіп, Түрікменстанға қоныс тепкен. Олар Қарақұмның шетін паналап отырғанда Түрекештің Мұхан деген баласы құмнан берегерек «Ызмықшиыр» деген жерде отырған ағайындардың қасына көшіріп әкеліп, өзі басқа жаққа Мақтарал жағындағы ағайындарына кеткен, - дейді Тілеубайдың кіші қызы Сырға әже. Бұл күнде 88 жастағы Сырға әже шешесінен естігеніне қарағанда 1930 жылы әкесі ұсталғанда өзі қырқынан шықпай қалған нәресте екен. Сырға әже жақын жылдарда Бейнеуге көшіп келген. Қазір 6-шы ауылдың Рзаевтар көшесінде тұрып жатыр. Ол — Айдарбай деген кісіге тұрмысқа шығып, 7 ұл мен 3 қыз тәрбиелеген ата-ана. Балалы-шағалы. Балаларының бірқатары осы Бейнеуде және Алматыда тұрады. Қарақалпақстанда да қалғандары бар дейді. Үш ағасы болған. Түрме деген апасы қазір 94 жаста, Алматыда тұрады екен. Ағасының біреуі Ұлы Отан соғысына қатысып, қаза болған. Одан соңғы ағасы Арызбай және Озғанбай 2013 жылы қайтыс болған.
- Озғанбай қайтыс болмастан бұрын Омар атасының басына бірнеше рет келіп, кетіп жүрді, - дейді Сырға әже әңгіме барысында. Озғанбай да балалы-шағалы. Оның үлкен баласы Базарбай қайтыс болды, оның отбасы мен Аман деген баласы — Ақтөбеде. Дүйсені мен Есенқосы Маңғыстаудың Ақшұқыр ауылында.
«Мен енді Омар атамыздың басқа балалары жөнінде білмеймін. Атамыздың ұрпағы көп болған ғой. Ақтаудағы Сапар деген інімізден сұрасаң болады. Әкелерінен естігендері бар шығар» деген Сырға әже өзі білетіндерін айтып берген еді.
Осылай Сырға әжемен кездесіп, әңгімелескен соң әженің Елдос деген баласынан Ақтауда тұратын нағашысы Сапардың телефон нөмірін алып, хабарластым. Ол менің Омар ата жөнінде сұрағандарымды айтып беретін болып келістік. Содан көп уақыт өтпей маған Ақтаудан өзін Омар атаның ұрпағымын деп таныстырған Қосанбек Серіков телефонмен сөйлесті. Ол жақын арада Бейнеуге келетінін айтып, «Екеуміз барып Омардың тамын көріп, саған керек материалдарды тауып беремін» деп, 2018 жылдың 27 маусымы күні Бейнеуге келіп, әңгімелескен болатын.
«Әлгінде Омардың Айшуақ деген баласы мен Тұрдың Түрекеш деген баласының ұсталып кеткенін айтып өттік» - деп Қосанбек әңгімесін әрі қарай жалғай түсті. Түрекеш ұсталып кеткенде 1909 жылы туылған Мұхан да Мақтаралда болып, соғыста Ленинград майданында ерлікпен қайтыс болған жауынгердің бірі. Содан кейінгі 1923 жылы туған Құбыш деген баласы ол да Ұлы Отан соғысына қатысып, Германиядағы соғыста қайтыс болған, одан ұрпақ бар деген дерек жоқ.Мұханнан 1940 жылы туған Михаил деген бір бала қазір Мақтаралда.
Омардың Айшуағынан ұсталып кеткенінде 3 бала қалды. Олар: Қобылан, Сақта және Сағынтай деген. Сағынтай Түрікменстанға ауып барған соң балалар үйіне тапсырылған, кейін одан хабар болмай кетіпті. 1914 жылы туған Қобылан деген баласы Түрікменстан жағында болып, сол жерде қайтыс болды. Одан туған 3 бала. 2-уі қайтыс болған, қазір бір баласы Қызылтөбеде тұрады. Айшуақтың 1922 жылы туған соғыс ардагері Сақта деген баласы 60-ыншы жылдары Маңғыстауға қоныс аударады.Ұзақ жыл теміржолда жұмыс жасап, 1982 жылы зейнетке шығып, 80 жасында өмірден озған. Оның Сапар мен Сәбит деген балалары бұл күнде Маңғыстауда жұмыс жасап жүрген бала-шағалы азаматтар. Омардың Қашаубайы (Қошабай) баласыз болып, Нұрдың Тілеунияз деген баласын асырап алған. Жұбатырдан бір бала болған, бірақ аласапыран жылдары Бесқала жағына ауып кеткенен кейін тумаластары көз жазып қалғанға ұқсайды. Тілеунияздың Спан деген баласы да Мақтарал жағында. Одан 7 бала бар.
Ал Омардың Серік деген баласы аласапыран кезінде Оңтүстік Қазақстанның Мақтарал деген жеріне көшіп барады. Алдында, яғни 1929-30 жылдары Маңғыстауда байларды кәмпескелеген кезде Серік қолындағы бар малын елге таратып береді де, оның есебінде мал болмай бұл сапар құтылып кетеді. Ол Мақтаралға барған соң 1941 жылы ұсталған. Одан 1911 жылы туған Табынай және 1923 жылы туған Қонарбай деген бала қалып, екеуі де ілгері-кейін Ұлы Отан соғысына қатысады. Табынай Сталинград майданындағы соғыста қаза болған. Қонарбай соғыста гвардиялық полкта аса маңызды әскери құжаттарды жеткізуші-пошташы болған. Ол әскери құжаттарды тиісті орындарға оқтың қарша борап тұрғанына қарамастан күн-түн демей, дер кезінде жеткізіп, жауынгерлік тапсырманы мүлтіксіз орындап, командирлердің көзіне түскен жауынгер. Сол үшін оны командирлер наградаларға ұсынып отырған. Соғыста ол жауынгерлік «За боевые заслуги» медалін алған. Кезінде мемлекеттік награда — «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылып, марапаттау қағазы толтырылса да берілмей қалған.
Әлқисса, Қонарбайдың баласы Қосанбек осы марапаттау қағазын іздеп, Подольск қаласындағы әскери архивке хат жолдап, соғыс кезінде «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылған «Наградной листтің» көшірмесін алыпты. Онда «Гвардии рядовой Сериков Конурбай работал в должности конного посылного при пункте сборе донесении со дня формирования дивизии. За все время боев проявил отвагу и мужество при доставке срочные оперативных документов. Особенно большую работу провел во время боев за г. Вену. В ночь на 8 апреля нужно было срочно доставить боевой приказ в №206 и 208 ис.п. Не смотря на водной рубеж под артминометным и пулеметным огнем противника не считаясь с опасностью для жизни, доставил точно в срок боевой приказ. Таких случаев у тов. Серикова было не один в боях на территории Румынии, Венгрии. Своей точностью, аккуратностью, преданностью всегда обеспечивал выполнение боевой задачии дивизии. Гвардии рядовой Сериков Конурбай достоин правительственной награды ордена «Красной звезды» деп 1945 жылдың 30 апрелінде командир қол қойып толтырған екен. «Бірақ орден берілмей қалған. Әкеміздің аржақ-бержағын тексере келгенде әкесі Серіктің 1941 жылы «байдың баласы» деп ұсталып кеткенінің салқыны тиген болуы керек» деді Қосанбек Серіков мырза. Қонарбайдың баласы Қосанбек Серіков Ақтау қаласында тұрып жатыр. Ұзақ жыл ішкі істер органдарында абыройлы қызмет атқарып, зейнетке шыққан ардагер азамат.
Міне, көрдіңіз бе, бұл кезінде төрт түлікті түлеткен бабасы Омар байдың ат құмарлық қасиеті бойына дарып, бала күнінде ат құлағында ойнап өскен Қонарбай ақсақалдың соғыстағы ерлігінің дәлелі. Бұл жерде біз Омар байдың «ат құмарлық қасиеті» деп тектен-текке айтып отырғанымыз жоқ. Ол — бағына қарай біткен мал - дәулетінің арқасында сән-салтанаты жарасқан байдың біреуі. Заманында қарақұс деген жүйрік ат ұстап, атағы шыққан кісі. Қарақұс-Маңғыстаудың ойы мен Жем-Сағыздың бойында берілген айтулы астардың бәйгесінде шауып, талай байрақты қанжығасына бөктерген жүйрік. Сол кезде «Бүгінгі аста Омардың қарақұсы шабады екен» деген хабар тараса былайғы ат сейістер: «Бұдан бізге байрақ жоқ екен» деп тартынып қала беретін болған дейді білетіндер. Сол қарақұс өлгенде Омар бай қатты қиналып, жерлепті деген әңгіме бар.
Омардың немересі Қонарбай соғыстан елге аман-есен келген соң Мақтарал ауданында еңбек еткен. Агроном болып егін салған маман. Егіншілік саласында абыройлы еңбек еткен ол зейнеткерлікке шыққан соң атажұрты Маңғыстауға қоныс аударған екен. Осы жерге келген соң да қол қусырып, қарап отырмай, үйренген кәсібі егіншілікпен айналысады. Өмірде көрген-білгенін ұл-қызы мен ұрпақтарына үйретуден жалықпаған жан. Қайда жүрсе де кеудесіндегі намыс отын өшірмей, ата-бабаның салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын сақтап, ата жолынан адаспаған адам. Оның өмір дерегіне зер салсақ, атадан балаға дарыған тектілік пен адамгершілік асыл қасиеттердің иесі болғанын аңғару қиын емес. Тіршілігінде өмірдің қиын-қыстау кездерін басынан өткізіп, мойымаған Қонекең отбасында өнегелі ұл мен қыз тәрбиелеп өсірген ардақты әке, немерелеріне ақылшы ата болып, ортасына сыйлы қалпында жақын жылдарда дүниеден өткен кісі.
Оның осындай қасиеттері ұрпағына ұласып келе жатқанына Қосанбекпен әңгімелескенде көзім жетті. Қосанбектің әңгімесінен ата-бабаға деген құрметі мен ата мұраға деген жанашырлығын сезіндім. Оның бойына әлгіндей қасиеттер дарымаса, бабасы Омар жайлы айтылған әңгімелерге құлақ түріп, есінде сақтамас та еді. Сөз соңында бабасынан қалған асыл мұраға қолынан келгенше жақсылық жасауға ұмтылып жүрген Қосанбекке алғыстан басқа айтарым жоқ.
Біз осы жерге дейін Омар атаның балаларының тағдыры мен өмір деректері жөнінде біршама әңгімелеп жазып келдік. Дегенмен қазірше Омар атаның 7 баласынан тараған ұрпақтарын толықтай таратып айта алмадық. Әлгінде айтып өткеніміздей, Жұбатырдың ұрпағының бар-жоғынан қазірше дерек жоқ болып тұр. Нұрдың Жаңай деген баласының ұрпақтарының дерегі де жеткіліксіздеу. «Оның Батыр деген баласы Мақтаралда тұрады», - дейді Қосанбек.
Мен жақында Бейнеуде тұратын руы шоңай Жанбай ақсақалмен сөйлестім. Ол Нұрдың Жамал деген қызының күйеу баласы.
«Мен 1955 жылы Бесқаладағы Шоманайда тұрған Нұрдың Әпуаш деген қызының үйіне Жаңаймен бірге бардым. Әпуаш Әбдір деген кісімен тұрмыс құрған. Сонда Әпуаш «Мен Омар атамның қарақұсымен талай бәйгіге шаптым» деп отырды.
«Жамал құнанорыс руының адамына тұрмысқа шыққан. Ол үлкейген шағында Мырзабай деген баласы Үстіртке көшіп келіп, мектепте мұғалім болды. 1969 жылы Жамал қайтыс болған соң Омардың тамына қойылды», - деді Жанбай ақсақал. Бұл күнде Мырзабайдың отбасы — Бейнеуде. Өзі жақын жылдарда қайтыс болғанынан хабарым бар менің де.
Жалпы осы жерде бір еске сала кететін жағдай, сонау 1928-29-30 жылдардағы аласапыран кезеңдерде Омардың балалары «байдың балалары» делініп, қуғын-сүргінге түскенде Маңғыстаудан жан-жаққа тарыдай шашылып кеткен. Көпшілігі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Мақтарал деген жерге көшіп барып, тіршілік жасаған. Бірқатары Түрікменстанның Ташауыз бен Кушка деген жерлеріне дейін барып, бас сауғалап паналаған. Олардың ұрпақтары қазіргі кезде атамекенге оралып, Маңғыстауда, Мақтаралда, Ақтөбеде алаңсыз өмір сүріп, өсіп-өніп жатқан жайы бар.
***
...Әлқисса, бірде Омар бай қарақұрымдай малы өрістен ауылға қайтар кешкі мезгілде үй маңындағы биік төбеге шығып, терең ойдың тұңғиығына батып отырады. «Әй, осы менің жасым да біраз жерге келіп қалды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген. Мен ертең олай-бұлай болып кетсем соңымда қалар бір белгі керек-ау... Құдай менің тілегімді қалап, ырыс-несібемді ешкімнен кем қылған жоқ. Мал-дәулет берді. Сол малдың арқасында Адайға атым шықты. Бір төбелі там салуға дәулетім жетеді емес пе?!..» деген ойлар мазалап, түнімен дөңбекшіп, тыныш жата алмайды. Ертесі күні мазалаған ойын ағайын-туыс, бала-шағасына айтып, шаруаны қолға алды. Өзі білетін ел ішіндегі шеберлерді ой елегінен өткізіп, ақыр аяғында қараштағы Аманжол шеберге тоқтап, таңдауы түсті. Оған арнайы ат шаптырып, хабаршы жіберген. Аманжол да кешіктірмей, уәдесін беріп қайтарды.
Осыдан көп ұзамай уәделескен күні Аманжол шебер қасына қолының ұсынағы бар кісілерді ертіп, құрал-сайманымен іске кірісіп кетті. Әп-сәтте тып-тыныш жатқан төрткүл төбенің басы дүбірлеп, еңбектің қазанындай қайнады. Күн сайын алыстан тас артып, маң-маң басып жеткен нар түйелерге де тыным болған жоқ. Төбенің маңын шаңдатып, шұбатылған керуеннің бірі келіп, бірі кетіп жатты. Анау Желтаудан тас артып, бері қарай жол тартқан керуен жол бойы аздап тыныққаны болмаса, там салынып біткенше тоқтаған емес.
...Құдды Аманжол шебер тамның төрт бұрышына жіпсіз байланып қалғандай күй кешіп жүрді. Оның ұшқыр қиялы мен ақыл–ойы, арман-мүддесі осы жерге ойысып, ықыласы ауған. Күн ұзағына тамды айналшықтап, қасынан бір елі шықпайды. Әдемі ою-өрнекпен бедерленген әрбір тасты қалаған сайын ол елдің салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпын әдіптеп, келер күнге ұштасып жатқан асқақ арманын тасқа қашап жазып жатқандай сезінетін-ді. Әйтпесе ше?!.. Омар байдың ойынан шығу оңай шаруа емес!. Оның үстіне елдің артып отырған сенімі мен ауыздан шыққан уәде деген ұғым тағы бар. «Қалай да ұятқа қалмау керек», - дейді, жігерін жанып, өз ойымен алысып жүрген шебер күбірлеп. «Кем дегенде тамның тасы қарыс сүйем көтерілсе де оның жүгі жеңілдеп, тынысы кеңейіп сала беретінін қайтерсің, шіркін-ай!...
Күндердің бір күні тамның құрылысы бітіп, оны көрген Омар байдың көңілі толды. «Еңбегіңе де, шеберлігіңе де дән ризамын» деген бай сол күні-ақ берген уәдесінде тұрып, шебердің қол ақысына үйір-үйір жылқыны иіріп әкеліп, алдына салып айдатты.
Көңілі қош ауылына қарай беттеген Аманжол қырдан асып кеткенше соңына жалтақтап қараумен болды. Бейнебір айсыл дүниесін қимастықпен қалдырып бара жатқандай.
..Иә, бұл оның арман-қиялын тоғыстырып, көз майын тауысып салған өшпес өнер туындысына деген сарқылмайтын сезімінің көрінісі еді.
Міне, содан бастап төрткүл төбенің басында күндіз күннің нұрымен шағылысып, түнде айдың сәулесімен жарқырап, жымыңдаған жұлдыздармен сырласқан сырлы там көздің жауын алып қала берді...
Сөз соңы
Бұл күнде осы өңірдің мақтанышына айналып, халықтың қастерлеген мұрасы болып тұрған тамның жанына жақын барып, құлақ түрсең, мынау толғауы тоқсан дүниеден сыр ақтарып, ой толғағандай күмбездің күмбірін естисің.
Бұл кешегі өткен заманда құс төсектің үстінде отырып, сырлы аяқтан бал жалап, алтын қасықпен ас ішкен байдың сән-салтанатының белгісі немесе өшпес өнерді айшықтаған шебердің қолтаңбасы ғана емес, жылдардың жетегіне еріп, ғасырдың қойнауына кеткен замандағы ата-бабамыздың тіршілік-тынысынан хабар беріп тұрған көпке ортақ тарихының талып жеткен үні еді.
Осындай тарихи тағылымы көп ескерткіштердің еліміздегі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жас ұрпаққа берер тәрбиелік тәлімі мол. Сондықтан ескерткіштер жайлы түсінік беру артық болмайды.
Кәрісбай ӘДІЛ