Қазақстандық «Бір ел – бір кітап» жобасының идеясы АҚШ-та өте танымал болған «Бір кітап - бір Чикаго» және «Егер Сиэтлдің бүкіл тұрғыны бір кітапты оқыса» деген кітапханалық жобаларына негізделген. Шартқа сәйкес бүкіл қала тұрғындары бір мезгілде бір шығарманы оқуы тиіс.
Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу. Сонымен қатар акция қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын әрі қарай жоғарылатуына мүмкіндік туғызады.
«Бір ел – бір кітап» акциясының шеңберінде 2018 жылы Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармалары, Немат Келімбетовтың «Үміт үзгім келмейді» және Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» туындылары таңдалған болатын. Осы акцияға орай «Бейнеу кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің оқырмандарды қамту бөлімінде 18 қазан күні «Шәкәрімнің асыл мұрасы» атты тақырыптық кеш өткізілді. Мақсаты - адамзат таныған ұлы тұлға Шәкәрімнің терең ойлы, көркем сөзді мұраларындағы рухани құндылықтарының бастау алар тамыры халық даналығында екендігін жеткізу. Өшпес сөз өрнегі таусылмас қазына ретінде жоғары бағаланатын ақын шығармалары әлемдік деңгейдегі шоқтығы биік асыл қазыналар қатарынан орын алатынын таныту.
Атамекен орта мектебінің 10 «в» сынып жетекшісі Ақмоншақ Сансызбаева және кітапханашысы Зауре Жаулиева кештің өтуіне атсалысты. Кеш барысында ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы мағұлмат беріліп, «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» поэмаларынан үзінді көрсетіліп, философ, аудармашы, сазгерлік қырлары сөз болды. Сонымен қатар «Бұл ән бұрынғыдан өзгерек» әнін Гүлбану Сәрсенбаева орындады. Демек келешек жас ұрпақ идеялы да берік, еңбексүйгіш те ақжарқын, күрескер де батыл, абзал жанды имандылық, адамгершілігі мол мұрагер етіп, тәрбие беру ісінде ақын өлеңдері құдыретті құрал ретінде қолданыла береді. Иә, қорыта келгенде ақын өлеңдерінің басым көпшілігі рухани адамгершілік қағидаларға толы десек, артық айтпаған болар едік. Адамгершіліктің ақ туын жоғары ұстаған қағидаларының жас ұрпаққа берері мол.
Э. АЧИЛОВА, оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің кітапханашысы