Қосаяқ Бегей Қыдырша Жылқыбайұлы – XIX ғасырда өмір сүрген Адайдың белгілі тұлғаларының бірі. Ол әруақты сынықшы болып елдің мал-жанына пайдасын тигізген жан. Сынықты қолмен ұстап салмаған қасиет иесі болған. Сынықтың үстінен аттап, әлде қамшысымен сипай қамшылап емдеген. Емдеген жандары сол бойда лезде аяққа тұрып кететін болған. Әруақ – Қыдыршаның бойына он жеті жасында қой бағып жүрген кезінде қара шұбар жылан болып дарыған көрінеді.
Қыдырша ата туралы ел арасында айтылатын аңыз, әңгімелер өте көп. 1993 жылы Нұрберді Алтыбаев (марқұм) ақсақалдың айтуымен осы Қыдырша Жылқыбайұлы мен оның ұрпақтары туралы қалам тартқанмын. Ол кезде әруақты ата-бабалар жайлы жазу түгілі, ел арасынан олар туралы дерек айтатын адам табудың өзі оңайға соқпайтын. Өйткені 70 жылдан астам үкімін жүргізген кеңес өкіметінің шаңырағы құлап, ел тәуелсіздікке аяқ басқанына да, баспағанына да толық сеніңкіремей жүрген шағы болатын. Оның үстіне, қылт еткен кемшілігің байқалса ізіңе май шам алып түсетін Ислам Кәрімов пен Түрікменбашы атанған Сапармұрат Ниязовтың саясатының айдарынан жел есіп тұрған шағы. Сондықтан мұндай «қазақтың қауіпті зиялылары, әруақты ата-бабалары» туралы жазу - өзіңді өзің тірілей тозаққа апарумен бірдей болатын. Сонда да тәуекелге бел байлап, ел арасындағы азын-аулақ қарттардан құнды деректер алып қалу үшін тырысқанбыз. Әрине, тәуелсіздік орнап, еркіндік келіп, жариялылық үкім сүре бастағаннан бастап, әсіресе соңғы кездері Қыдырша ата туралы әртүрлі аңыз-әңгімелер ғаламтор мен әлеуметтік желілерде жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптап кеткен. Ол да – дұрыс. Бірақ аса қатты әспеттеймін, әсірелеймін деп әр ата-бабаның өз деңгейінен, өз шегінен шығуға болмайтынын естен шығармау керек. Міне, бұл сол кезде жазыла бастаған дүние еді. Кейде осы Қосаяқ Бегей Қыдырша Жылқыбайұлы, Шегем Түрікпенбай палуан, Ақпан Алдияр ишан, Балықшы Молжігіт әулие, ең берісі Бекет атаның алтыншы ұрпағы кешегі Асан Пір туралы деректерді жұрттан бұрын, алғашқы болып қағаз бетіне түсіріп қалғаным үшін осы күндері өзімді бақытты санаймын. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қорқыныш пен күдік, қобалжу мен үміт тайталасқан шақтағы эмоцияның бәрі - елдің пайдасына, халықтың қажетіне жарағанына ризамын. Оның үстіне, ҚР Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласы жарияланып, біз сияқты сыйынғанынан сүйенгені әлсіз қалам иелерінің жолы ашылды. Бұл – үлкен мүмкіндік. Содан тиімді пайдаланып қалмау – қаламгер үшін қасірет. Сондықтан бұдан ширек ғасыр бұрын жазыла бастаған тақырыбыма қайта оралуды өзімнің азаматтық борышым деп санап отырмын.
Қыдырша ата өзіне аяқ-қолы сынып келетін жандарды, оның қандай жағдайда екенін, тіпті неден майып болғанына дейін күнілгері біліп отыратын болған. Ол адамның ниетін де, пікірін де біліп, сезеді екен. Бірде Бегей ауылының жаңадан үйленген жас азаматының бірі таң алдында «Аттан! Аттан! Ойбай, жылқыға жау шапты» деген суыт хабарды құлағы шалып қалады. Содан асығып жүріп шекпенін желбегей жамылып, құрығы мен сойылын, қылышы мен найзасын белі мен еріне іліп, атқа қонады. Белгілі бағыт жоқ, ауылдың еркек кіндіктілері тұс-тұсқа «Аттандап» шауып бара жатыр. Шаңғыра шұрқыраған жылқыларға қарай бұл да шаба жөнеледі. Таң қылаң бере аш бөрілерге таланып жүрген үйір-үйір жылқының үстінен шығады.
Қасқыр көп, жылқыларға қорған болып жүрген боз айғыр жылғыз қорғап жетісе алар емес. Артына қараса бұның да өзі жалғыз екен. Әйтсе де, қарап тұруға уақыт жоқ, сойылды ыңғайлап атына қамшы басады. Сүт пісірім уақыттың ішінде жылқыларды қасқырдан арашалап ауылға айдайды.
Көңіл көтеріңкі, ысқырып әндетіп келеді. Әсіресе, үйде қалған жас аруына қалай мақтанатынын ойлап, масайрай түсті. Құрығыр, пендешілікті қойсаңшы. Тек жалғыз өзін өзі батыр санап, пендешілік, астамшылық ойға жеңдіріп алғанын сезбейді. Сол кезде аяқ астынан құздан құлап бара жатқанын аңғармай қалады.
Үйір-үйір жылқымен ауылға астындағы аты ғана келген оны жігіттер іздеп шығады. Олар оның құздан құлап, екі аяғы бірдей қирап, зарлап жатқан жерінен табады. Ауылға алып келіп Қыдырша аталарына хабар жібереді.
- Мына пәлекетті, анау шидің үстіне жатқызып жуындырыңдар. Денесі таза емес ғой, қатын жандысын қарай көр өзінің, - дейді Қыдырша атынан түсіп жатып.
Күнімен зар илеп, қасына жан жуытпай жатқан әлгі жігіт төрт кісінің жұлмалағанына қыңқ етпейді. Шидің үстіне жатқызып, төрт шелек суды шашса да қабақ шытпайды.
- Біссіміллә, - деп Қыдырша сынған аяқтардың үстінен аттағанда қайнаған сүйектен жіліншіктің терілері жыбырлап жатқан көрінеді. Екінші қайтара аттап қамшымен сипай тартып жібергенде әлгі жігіт аяққа тұрыпты. Қыдыршаның атын әкеліп, қайтарда аяғы сынған жігіт өзі аттандырып жіберген құсайды.
Біздің бұл айтып отырғанымыз Қыдыршаның көзі тірісінде істеген істері туралы мыңдаған әңгіменің бірі ғана. Ол көз жұмғаннан кейін де атын атап, пір тұтып, сыйынып, әруағын ардақтап, қаншама жандар бақытқа бөленбеді дейсің. Ел аузындағы мына бір әңгімені де сөйлетіп көрелік.
1950 жылдардың бер жағы болса керек. Түрікменстанның Ташауыз облысындағы Көнеүргеніш ауданынан Қарақалпақстанның Хожелі қаласына қарай Түрікпенадай Бәли Өтесбай жортып келеді. Қасқараймай ел қарасына жетіп қалуды ойлаған ол атына қамшыны баса түседі. Бір кезде аттың алдыңғы аяғы оқпанға кіріп кетіп мертігеді. Жалдан жабысып, көз ілеспес жылдамдықпен жерге ұшып түскен Өтесбайдың аяғы аттың астында қалып қояды. Көмек берер тірі пенде жоқ. Жападан жалғыз түнде жортқан аң мен құсқа жем болмаған несі қалды? Сөйтіп Қыдырша атаның әруағына сыйынып, жалына жалбарынып, жапан түзде жылап жатып, көзі ілініп кетеді. Таңсәріде бір шал келіп «Тұр, Өтесбай!» деп қамшымен тартып жібереді. Тұра келсе аяқтары сап-сау. Аты анадай жерде көкмайсада жайылып жүр. Ата әруағына риза болған Өтесбай бес-алты түйір кесек жинап өзінше белгі салады. Берегірек келгесін Қыдыршаның сол кездегі ұрпақтарымен бірге сол жерге тұрпат жасап, арнайы белгі қойып, садақа береді. Көп ұзамай өзі де сол жерге қоныстанады. Бұл күнде Өтесбай қария да о дүниелік болып кеткен. Бірақ жаңағы ата тұрпаты Хожелідегі ескі Гәуір қаланың құбыла батысындағы шағын ғана поселкенің арасында әлі тұр. Аймақ ауданның «Ақ алтын» ұжымшарына қарайды. Сол жерден поселке түскенде үй салған жылжымалы механикаландырылған колонна құрылысшылары жоспарларын өзгертіп ата тұрпаты тұрған жерді арнайы қалдырып кетеді. Бұл киелі орынға беріге келгенше шыбын жанына шипа іздегендер келіп зияраттап, тәу етіп, үкілі үміттерін маздатып жататын. Мұндай мысалдарды айта берсек көптеп келтіруге болады.
Негізінде Жылқыбайұлы Қыдыршаның бәйбішесінен Төремұрат, Өтемұрат, Аяған, Силаған, екінші әйелінен Тағаберген, Айберген есімді ұлдар дүниеге келген. Қыдыршаның Аяғаны мен Тағабергенінен басқасынан бұл күнде ұрпақ жоқ. Аяғаннан туылған сегіз баланың ең үлкені Бисалыдан Нұрнияз есімді жалғыз бала бар. Ол Қарақалпақстанда медицина саласында жемісті еңбек етті. «Қарақалпақстанға еңбегі сіңген медицина қызметкері» деген құрметті атақтың иегері. Медицина ғылымдарының кандидаты. Қарақалпақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің орынбасары болып жемісті еңбек етті. Бүгінгі таңда Ақтөбе қаласында тұрады. Жетпістің желкесіне шықса да сүйікті кәсібінен әлі қол үзбеді. Ол - Ақтөбедегі Батыс Қазақстан облыстық Оспанов атындағы медициналық академияда педитрия кафедрасының доценті. Оның ұл-қыздарының бәрі дерлік медицина қызметкерлері. Қызы Рахима – Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінің биология факултетінде биология ғылымының магистры. Разилиясы Жаңаөзен қаласында балалар жұқпалы аурулар ауруханасында балалар физиотерапевті қызметін атқарады. Ғазиза - Алматы облысында балалар ауруханасының неврология бөлімшесінде жетекші маман. Ұлы Бауыржан – Екатеринбург қаласындағы Свердлов атындағы мемлекеттік медицина академиясының балалар хирургиясы бойынша аспирант болды. Қазір медицина докторы. Оспанов атындағы БҚО академиясы балалар хирургиясы кафедрасының доценті. Ал екінші ұлы Дінмұхаммед Алматы мемлекеттік дәрігерлердің білімін жетілдіру институтының балалар неврологиясы доктарантурасында оқып, докторлық ғылымды қорғап шықты. Ол да БҚО академиясы балалар неврологиясы кафедрасының жетекшісі.
Ал Қыдыршаның Тағабергенінен туылған Қали, Жұмақожа, Қоңырбай, Нұрбайдың алғашқы үшеуі де кезінде сынықшы болды. Қоңырбай ағамыз 77 жаста, қазір Ақтөбеде тұрады. Қалғандарының мәңгілік мекеніне аттанғалы біраз болды.
Жалпы Қыдырша Жылқыбайұлы Маңғыстау да өсіп, өніп, өзі 85 жасында 1915 жылы Өгізбай Сары қорымына жерленген. Дегенмен оның ұрпақтары кеңестік қудағалау кездері Бесқала өңіріне ауып кетуге мәжбүр болды. Ұрпақтары Бесқаладағы Ташауыз облысындағы Көнеүргеніш, Қарақалпақстандағы Хожелі аудандарында мекендеді. Бүгінде олардың барлығы Бейнеу, Ақтау, Ақтөбеге қоныс аударды.
Қыдыршаның әруағы баласы Аяғанға, одан кейін Тағабергенге, бұлардан соң Аяған атаның бәйбішесі – атақты Бекет атаның шөберелерінің бірі – Дәулет молданың қызы – Күміс шешеге ауады. Қазір ол кісілердің бейіттеріне шын ниетімен жалынып-жалбарынып барған кісінің анау-мынау сынықтары түсе береді.
Көнеүргеніш ауданының «Қазақ Ждан» деп аталатын, яғни баяғы Жданов атындағы ұжымшарында орналасқан «Аяған ата қорымын» Бесқаланың қазақ, өзбек, түрікпен, қарақалпағының көпшілігі жақсы біледі. Тек ғана сынықтан зардап шеккендер емес, көтерілмелі ауруға ұшыраған науқастардың бәрі де Аяған атаның басына зияраттап, түнеп құлан таза айығып кетіп жатқандары өте көп болған. Сондықтан дін, ғұлама десе ішкен асын жерге қойып, аса қадірлейтін түрікпен халқы осы күнге дейін ол қастерлі орындарды қадір тұтады. Себебі, ол жерде Қыдыршаның біраз ұрпағы жатыр.
Көзі жұмылса да халыққа шапағаты тиіп тұрған қасиетті атаның жоғарыда айтқанымыздай бірқатар жерлерге ұрпақтары және атағын қастерлеген жандар тұрпатын орнатып, оның рухын қастерлеп, тәу етуді әлі жалғастырып келеді. Жоғарыда айтқанымыздай атаның Қарақалпақстан, Түрікменстан, Қазақстанда бес-алты жерде тұрпаты жасалған. Оған тұрғындардың ауылдарына, аудандарына жақын жерден зиярат етіп тұруларына мүмкіндіктер жасалған. Мысалы, Қыдырша атаның Хожелі ауданында үш жерде, Ашхабадта бір жерде, Көнеүргеніш ауданының бұрынғы Буденный атындағы ұжымшарының аймағында бір жерде, Маңғыстаудың Жетібай кентінде бір жерде осындай тұрпаттары орналасқан.
Жақында осындай тұрпат Қызылсай ауылы мен Сенектің ортасындағы Сұмсаға орнатылып, бүгінгі ұрпақтарының күшімен тұрпаты жасалып, қима там салынды. Сол қима тамның бітіуіне орай ас-садақа берілді. Сүйіндік ата ескерткішінен бастап, «Қызылсай-Сенек» тасжолының бойынан 300 гектардай жер телімін алып, «Өмір бар жерде, өлім бар» дегендей ол жерден жаңадан қорым жасауды жоспарлап отыр. Әрине, мұны табылған ақыл деп ойлаймыз. Өйткені, тірлікте мойындамағанмен жұрттың бәрінің баратын жері - сол. Сол үшін ол жерде Қыдырша атаның тұрпаты жасалып, қима тамының бітуіне орай берілген ас-садақада ұрпаққа үлгі, жастарға өнеге боларлықтай ұлағатты әңгімелер айтылды. Хамит Мұсабекұлы деген азамат Қыдырша атаның өмірдерегі туралы ел арасында айтылып жүрген аңыз-әңгімелерге сүйеніп ақпарат берді. Одан кейін Қожабай Есімов, Тәжібай Орынбеков сияқты басқа да азаматтар шығып сөйлеп, естіген, білген естеліктерін ортаға салды.
Мұнан кейін Қыдырша атаның Ақтөбеден келген шөбересі, Қали сынықшының баласы, Сүлеймен Тағабергенов сөз кезегін алып, өзінің тікелей бабасының әруағын құрметтеп, қасиетін қастерлеп жатқан жаңаөздік тума-туысқандарына ризалығын білдіріп, алғысын айтты. Соңында жиналған жұртқа ас беріліп, Қыдырша атаның рухына құран қатым етілді.
Жалпы бұл халық қолдайтын, жұрт риза болатын өте сауапты іс. Мұндайды ҚР Президенті Н.Назарбаев та қолдап-қуаттап «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты құнды мақала жазып, елімізге жол-жоба көрсетіп, тура бағытты нұсқап отыр. Әрине, мұндай қасиетті де, қастерлі орындардың өлкемізде көп болғандығы – жастардың тәрбиесіне, олардың ата-баба әруағын қастерлеп, патриот болып өсуіне септігі тиетіні сөзсіз. Сол үшін Қыдырша атамыздың орнатылған тұрпаты мен қима тамының қасына оның Бесқалада қалған Аяған, Тағаберген, Бисалы аталары мен Күміс шешенің, сондай-ақ Рахметулла ахунның да, оның ұлы Муса аталардың да тұрпаттарын орнатып, өмірбаяндарын бүгінгі жас ұрпаққа таныстырып отырса нұр үстіне нұр болар еді деп ойлаймыз. Бұл ойымыз бүгінгі жастары орталап қалған азаматтар болмаса да, келесі азаматтардың есінде жүрсін деген ойдамыз. Себебі, біздің қазақта «Әруақты ардақтаған - азбайды», «Өлі – жебемей, тірі – байымайды» деген сияқты құнды да, қасиетті, қастерлі, маңызды да, мәнді сөздеріміз өте көп. Әрине, мұның бәрі арда туған азаматтарға, жүрегіне жомарттық пен адамгершілік қатар ұялаған кең пейілді жандарға, ең негізгісі қаржыға байланысты. Әрі әлгі айтқан 300 гектар жер телімінің 1-2 % жеріне әлгіндей игілікті істер жасалса, біріншіден ата-бабалардың рухы риза болып, иманы шаттанады. Екіншіден, киелі мекен Маңғыстаудың қасиеті одан сайын артып, өлкемізде архитектуралық ансамбльдердің қатары көбейіп, аспан астындағы мұраждай атанған киелі мекендегі туристік базалардың біріне айналуы ғажап емес. Үшіншіден, Елбасымыздың қазіргі таңдағы жүргізіп отырған салиқалы саясатының іске асып жатқандығының айқын көрінісі болар еді. Төртіншіден, ең бастысы – жастардың рухани жағынан өсіп-өркендеп, Отансүйгіштікке, ұлт жанды, ел жанды болып қалыптасуына игі ықпал етер еді деп ойлаймыз.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН