Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді. Ол аз қамтамасыз етілген отбасылар үшін бұрын бар үш әлеуметтік төлемді қамтиды. Бұл – төрт және одан да көп балалары бар отбасыларға арнайы мемлекеттік жәрдемақы, 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек.
Жаңа форматтағы АӘК жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен азаматтарға төленеді. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің екі түрі бар: шартты және шартсыз.
Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамды мүшелері жоқ отбасыларға, мысалы, мүгедектер немесе қарт зейнеткерлердің отбасылары немесе еңбекке жарамды мүшелері объективті себептер бойынша жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатыса алмайтын отбасыларға, мысалы, мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелейтін жалғыз басты анаға көрсетіледі. Мұндай отбасыға жәрдемақы алу үшін міндетті түрде жұмыспен қамту орталығының іс-шараларына қатысу талап етілмейді.
Шартты ақшалай көмек әлеуметтік келісімшарт жасалған және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелерінің міндетті түрде қатысуы жағдайында өз құрамында кемінде бір еңбекке жарамды мүшесі бар отбасыларға беріледі. Яғни жұмыс істей алатын адамдармен әлеуметтік келісімшарттар жасалады.
Егер алушы ұсынылған бос орындардан бас тартса, онда алдымен төлемді 18 жасқа дейінгі балалардан және жеті жасқа дейінгі балаларды күтуді жүзеге асыратын аналардан басқа барлық алушыларға 50%-ға, содан кейін 100%-ға азайтады.
Жыл басынан бері Ақтау қаласында жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек 279 отбасыға тағайындалды, сонымен қатар 2567 мың адам АӘК тағайындау бойынша кеңес алды. Оның ішінде шартты ақшалай көмекті 154 отбасы немесе 758 адам алды.
Шартты ақшалай көмек алушылардың құрамында өтініш берген сәтте 74 адам тұрақты жұмыс істеді, 101 адам жұмыссыз болды. Оның ішінде 84 адам тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды, ал 11 адам қоғамдық жұмыстарға қатысады, 1 адам жастар тәжірибесіне қатысады, 5 адам қысқа мерзімді курстардан өтті.
Бір мысал айта кетсем: Бізге Приозерный кентінен бір отбасы хабарласты. Отбасында 8 адам бар. Ата-анасы, бала-келіні және 4 немересі. Отбасында 3 жұмыссыз адам (атаанасы және баласы). Отбасын да 30015 теңгеден (4 және одан көп балаларға арналған жәрдемақы) басқа табыс жоқ. Біз оларға шартты ақшалай көмек түрінде АӘК тағайындадық. Ата-анасы зейнеткерлік алдындағы жаста болғандықтан, оларға жұмыс табу өте қиынға соқты. Сол себептен біз оларға өз кәсібін ашуға ұсыныс жасадық. Ұлы өз ісін ашып, тағы екі жұмыс орнын ашты. Қазіргі таңда олар отбасымен жиһазды қалпына келтірумен айналысады.
Менің айтпағым, біз тек жәрдемақы тағайындап қана қоймай, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтамасыз етеміз.
Біздің міндет – бірінші кезеңде барлық аз қамтылған отбасыларды анықтау, екінші кезеңде – оларды жұмысқа орналастыру және оларды аз қамтылғандар құрамынан шығару.
Барлық сұрақтар бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне 43-26-50, 42-12-80 телефондары арқылы хабарласуға болады.
Күнімхан ҚОЖАХМЕТОВА, Ақтау қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы