Жуырда облыстық туризм орталығының ұйымдастыруымен Маңғыстау туризм колледжі ғимаратында жалпы білім беру орта мектептері жанындағы мұражайлар арасында облыстық байқау өткізілді. Байқауға облысымыздың барлық аудандарынан, Жаңаөзен мен Ақтау қалаларынан үздік деп танылған мектеп мұражайлары қатысты.
Маңғыстау облыстық туризм орталығының, тарихи-мәдени қорықтың мамандары қазылық еткен додада Мұнайлы ауданының №8 орта мектебінің мұражайы үздік деп танылып, І орынды жеңіп алды.
Аудан мектептерінде түрлі бағытта қызмет атқаратын бірнеше мұражайлар бар. Мұнайлы ауданының 10 жылдық мерейтойы қарсаңында 2017 жылдың маусым айында № 8 орта мектебінде ашылған «Кешегі мен бүгіннің өнегесі – ұрпаққа мұра» атты мұражай осы қатарды толықтырды.
Мұражай үш бөлімнен тұрады: мектеп тынысы, аудан тарихы және этнография бөлімі. Мұражайдың ашылуына мектеп ұжымы, оқушылар, ауыл тұрғындары белсене атсалысты. Мұражайда бастапқыда 50-ден астам экспонат болса, қазіргі таңда мұндағы экспонаттар 100-ден асты. Мұражай тәрбие ошағына айналды, онда тәрбие сағаттары, түрлі кездесулер өтіп тұрады. Аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев облыс активімен бірге мұражай қонағы болып, жүрекжарды ақ ниетін білдіріп, оң бағасын берді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «РобоМұнайлы – 2018» аудандық байқауы өттіТарих пәнінің мұғалімі, өлкетанушы, ардагер ұстаз Якуб Аталиков жетекшілік ететін мұражайдың алғаш гиді, осы мектептің үздік оқушыларының бірі – Бердіхан Жансая облыстық байқау кезінде бөлінген уақыт ішінде шеберлік танытып, мұражай қызметін толықтай таныстыра білді. Жетекші мен шәкірт жұбы осы оқу жылында Астана қаласында өтетін республикалық байқауға жолдама алды.
Якуб Қайырұлы мен Жансаяға ұжым атынан сәттілік тілей отырып, республикалық байқауда да биіктен көріне беріңіздер деп үлкен сенім білдіреміз.
Т.МҰХАМБЕКОВ, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары