Қазақстан Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жакупова мен Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова бастаған насихат тобы аудан тұрғындарымен жүздесіп, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты тарихи Жолдауын кеңінен түсіндірді.
Аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өткен алқалы жиынды жүргізген аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев насихат тобын таныстырғаннан соң алғашқы сөз вице-министр Светлана Жакуповаға берілді. Светлана ханым Елбасының биылғы Жолдауындағы алты бағытты егжейлі-тегжейлі түсіндіре отырып, одан туындайтын маңызды мәселелерді айрықша атады.
Расында да Президентіміздің 5-ші қазандағы Жолдауы тарихи құжат деп білеміз. Елбасымыз Тәуелсіздік жылдар ішінде республикамыздың әлеуметтік-экономикалық өркендеу барысындағы толағай жетістіктерді атап, халық үшін жасалған оңды қадамдарға тоқталып, енді алдағы уақытта атқарылар істерді нақтылап берді. Егемен еліміздің стратегиялық өркендеуінің бағыт-бағдарын айқындап, белгіленген қыруар істерді жүзеге асыратын жоғарғы және жергілікті билік органдарының міндеттерін түйіндеді.
Жолдауда басты назар аударылған жайт, халықтың табыс пен тұрмыс сапасының артуына көңіл бөлгендігі. Енді келер жылдан бастап ең төменгі жалақы 1,5 есеге артатын болды. Ал бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтіндердің еңбек ақысы орта есеппен 35 пайызға көтеріледі. Бұл – халық саны 18 миллионнан асқан еліміз үшін үлкен қолдау. Білім беру жүйесін жетілдіріп, денсаулық сақтау саласын өркендету, тұрғын үймен қамтамасыз ету, құқық қорғау мен сот жүйесін жаңғырту, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру, ұстаздардың мәртебесін көтеру, сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу бағыттарында белгіленген шаралар маңыздылығымен ерекшеленеді.
Аудан және аумақтық мемлекеттік органдар мен ірі кәсіпорындар басшылары және ауданның Құрметті азаматтары мен ардагерлері, аудандық мәслихаттың депутаттары, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, ауыл мен ауылдық округ әкімдері, үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері, имамдар мен аудан жастары қатысқан кездесуде сөз алған насихат тобының мүшелері Елбасы Жолдауындағы айтылымдарға барынша мән беріп, тапсырмаларды жан-жақты түсіндірді. Баршаны Президент Жолдауының жоғары дәрежеде орындалуына үндеді. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауаптар берілді.
Елбасы Жолдауынан туындайтын мәселелерді түсіндіру бас қосуы ауданымыздағы Басқұдық ауылдық округі әкімшілігінде де жоғары деңгейде болып өтті.
Д.ХАНСҰЛТАН