©
Ана тілі - әр адамның ұлтының жан дүниесі мен мәдениетінің ғасырлар бойы жиған рухани азығынан нәр алатын кіндік тамыры. Біздің ана тіліміз - қазақ тілі. Ол тек отбасы, ошақ қасындағы ғана тілі емес, мемлекеттік тіл. Осыған орай өткен аптада Қарақия аудандық мәдениет үйінде тілдер күніне арналған «Тіл – біздің тірегіміз» атты көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық байқауы өтті.
Тілім-менің асылым, арым менің, Арым кетсе не пайда барым менің. Бас кескендер тілімді кесе алмаған Тілім-менің асылым, арым менің, - деген өлең шумақтары сахналық композициямен оқылып, көркемсөз байқауы шымылдығы салтанатты түрде ашылды. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру мақсатында өткізілген байқауға әділқазылар алқасының төрайымы Ф.Әлпіш, ұлағатты ұстаз, республикалық, халықаралық деңгейдегі айтыскер ақын, әділқазылар алқасының мүшесі Н.Қонайұлы, мұғалімдер мен оқушылар және ата- аналар қатысты.
Байқауға бақ сынай келген ынталы мектеп мұғалімдері мен бір топ жоғары сынып оқушылары жеңіске жетуге белсене бел буды. Дәстүрлі түрде өткен шарада алдымен аудандық мәдениет үйінің директоры Ф.Әлпіш көпшілік қауымды Тіл мерекесімен құттықтаса, ауданымыздың жас әншілері Данияр мен Мадияр Наурызғалиевтер «Ассаламағалейкүм» атты әнін көрермендерге нақышына келтіре орындап берді. Бұдан соң өңірлік деңгейде көркемсөз оқу шебері атанған қатысушылар екі кезең бойынша бақталасты. Үміткерлер бірінші бөлімде туған ел, туған жер, туған тіл тақырыбында дайындаған шығармаларын оқыса, екінші бөлімде еркін тақырыпта бір прозалық шығарма оқыды. Ал олардың орындау шеберлігі мен дайындығын әділқазылар алқасының мүшелері тура таразылап, нақты бағасын берді. Кеш соңында жеңімпаздар анықталды. Бас жүлдеге Жетібай ауылындағы №4 орта мектептің оқушысы З.Тәжібай ие болды. Бірінші орынды Қарақұдық орта мектебінің қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі Ә.Ербосынова иеленсе, Жетібай ауылы №3 орта мектептің математика пәні мұғалімі Қ.Қашқынбай мен Құрық ауылы №6 орта мектеп оқушысы С.Сисенғалиевтерге екінші орын бұйырды. Ал Мұнайшы ауылынан №7 орта мектеп оқушысы М.Сарыбекова мен станса Ералыдағы №2 орта мектеп оқушысы С.Қонысовалар болса, үшінші орынды қанағат тұтты. Жеңімпаздарға жүлдесі бойынша қаржылай сыйлықтар берілді. Үміткерлер Ж.Исметова, Ж.Баукулова, Б.Ауғанұлы, А.Решов, Б.Рахмен, Д.Нұрғали, Қ.Сабыров, А.Базарбаеваларға ынталандыру бойынша Алғыс хаттар үлестірілді. Жоғары көрсеткіште өткен байқау мәнді де сәнді әрі қызықты өтті.
Майра ТӨЛЕУОВА