Мәжіліс депутаттары М.Чирков, А.Тасболатов, Б.Ізмұхамбетов және А.Мурадов Маңғыстау облысының тұрғындарымен кездесуде. Депутаттар облыстағы сапарлары барысында Мұнайлы ауданының Қызылтөбе ауылындағы «Шлюмберже» мега-базасының жұмысымен танысты.
«Шлюмберже» компаниясының еңбек ұжымы мен кездесуге облыс әкімі Е.Тоғжанов, «Нұр Отан» МОФ төрағасының бірінші орынбасары Н.Тумышев қатысты.
Депутаттар Жолдаудың басым бағыттарына, оның ішінде әлеуметтік қамсыздандыру саласына баса назар аударды. Атап айтқанда, зейнетақы, жалақы, денсаулық сақтау, білім беру салаларының қолжетімділігін арттырып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ерекше мән берілді.
«Шлюмберже» компаниясы – әлемнің 80-ге жуық елдерінде істейтін, 140 түрлі ұлттан тұратын, 100 мыңға жуық жұмыскерлері бар дүниежүзілік ірі мұнай саласындағы қызмет көрсету корпорациясы. «Шлюмберже» сейсмикалық ақпарат пен формацияның даму процесі, ұңғы тесті мен тура бұрғылау, ұңғы цементтеу мен қоздыру, жасанды көтеру, ұңғыны аяқтау және консалтинг, бағдарламалар мен ақпаратты басқару сияқты кең ауқымды өнімдер мен қызметтер ұсынады.
Бүгінгі таңда компанияның Маңғыстау облысындағы базасында 300-ге жуық адам еңбек етуде.
Кездесуде еңбек ұжымы халық қалаулыларына өз ұсыныстарын білдіріп, пікір алмасты. Генерал-лейтенант, Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің депутаты Тасболатов Абай Бөлекбайұлының айтуынша, «Шлюмберже» компаниясының қызметкерлері тарапынан ешқандай шағым болған жоқ және олардың құқықтары қорғалған.
– Біз Маңғыстау облысының біршама мекемелерін аралап шықтық. Соның ішінде «Шлюмберже» мега-базасын ерекше атап өткім келеді. Бұл мекеме мұнай-газ саласы бойынша сандық жүйеге көшуді жолға қойып, қарқынды дамып келеді. Мұнда 300-ден аса адам қызмет атқарады, олардың әлеуметтік жағдайы жақсы екендігімен таныстық, көңіліміз толды. Себебі біз үшін ең басты мәселе қарапайым халықтың әл ауқатын жақсарту, – деді халық қалаулысы.
Өз хабаршымыз