Қазіргі қоғамдағы жемқорлықтың белең алуына кім кінәлі деп ойлайсыз? Қоғам мүшелерінің барлығы кінәліміз, сіз бен біз де бармыз. Оқып отырған оқырманның тең жартысы менің сөзіме қарсы шығуы мүмкін. «Өмірімде біреуге пара берген емеспін» дейтін азаматтар уәжін айтар. Біреуге пара бермегенімен жемқорлық факторларын көрген немесе байқаған жағдайда арнайы орындарға хабарлауды ойладық па? Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны секілді, кішігірім ауданда болып жатқан оқиғалардың шыны мен өтірігінің арасын ажыратып, кейбір мәселелерді ел болып шешуге атсалыстық па? Сіздің байқаған, көрген немесе естіген мәліметіңіздің жемқорлық, сыбайластық деген тақырыпқа қатысы бар болды ма? Осы сұрақтардың соңғысына қатысты бір нәрсе білсем, оны кімге баяндауым керек деп ойланып қалдыңыз ба? Онда әрі қарай оқи түсіңіз. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы агенттік жұмыс жасайды. Оның қала және облыс орталықтарында департаменттері бар. Одан қала берді аудандарда сыбайластық, жемқорлыққа қарсы мониторингтік топ мүшелері жұмыс жасайды. Енді кез-келген тұрғынға жол және әлеуметтік нысандар құрылысы, медицина, білім беру, мемлекеттік қызмет және басқа салаларда сыбайлас жемқорлық көріністерін байқағанда пікірлерін ашық айтуға, жемқорлықтың алдын алуға септігімді тигіземін деуіне кедергі жоқ. Ақпарат берген азаматтың өз қалауынша есімінің жария болмауы да қадағаланады екен. Осы жылдың 9 ай қорытындысында республика бойынша 1577 жемқорлық фактісі тіркелген. 12 млрд. қаржы қазынаға қайтарылған. 40 млрд. теңгенің мүлкі тәркіленген. Бұл туралы ақпарат 23 қазан күні ауданымызда болған жиында айтылды. Бұл жиынды ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы агенттіктің жұртшылықпен байланыс жөніндегі департамент директоры Арман Бердалин және республикалық мониторингтік топтың мүшесі, «Алтын сапа» сыйлығының иегері Ырза Тұрсынзада, Маңғыстау облысы бойынша агенттіктің департамент басшысы Нұргүл Жанназарова және мониторинг топ мүшелері арнайы ұйымдастырды. «Біздің қызмет – халыққа қызмет» деп ұрандататын мемлекеттік қызметкерлерге ұйымдастырушылар баянда малар оқыды. Түптеп келгенде қылмыс болып саналатын істен мемлекеттік қызметкерлерді аулақ болуға шақырды.
Ұрлық түбі - қорлық
«Есті адамға айтқаның – шыңға тіккен тумен тең...» «Ал ессізге айтқаның — құмға сіңген сумен тең» деп сөзін бастаған А.Бердалин мемлекеттік қызметтегі азаматтарға мемлекет қазынасынан алынған әрбір қаржы қатаң бақылауда екенін айтты. - Мемлекеттік қызметке келдің бе, халыққа қызмет ет. Уақытылы арыз-шағымға жауап беру басқа, тұрғын қанағаттанатындай сапаға көңіл бөлу ең бірінші кезекте тұруы керек. 452 түрлі мемлекеттік қызмет түрі болса, оның 61 пайызы электронды түрге көшірілді. Демек біздің халықтың сауаттануына да жергілікті басшылар жауапты деген сөз. Қазір агенттігімізге жемқорлық факторына қатысты тұрғындардан хат-хабар 100-деп келе бастады, өкініштісі, соның 90 пайызы рас болып шығуда. Жолға деп, суға деп бөлінген қаржылардың жартысы жоқ екені анықталып жатыр. Кәсібін ашқан немесе енді бастаған азаматтарға мемлекеттік қолдау керек деп Елбасының өзі айтқандай, агенттіктің жұмысына бизнесті қолдау да жатады. Қазір 162 бизнес жобалары агенттік қорғауында, 6 триллион теңгенің жобасына жемқорлық факторлары кедергі келтіре алмайды деген сөз. Жеке ісімен айналысамын деген азаматтар қандай да бір кедергіге кезіксе, агенттікке хабарласуын сұраймыз. «Парадан жиған түйеден, парасыз жиған ешкі артық» деп қайсыбір жыршы жырлағандай, парасыз өмір кешуді тәрбиеден бастағанымыз жөн. Себебі шаңырақта «Ұрлық түбі – қорлық, біреудің ала жібін аттама» дегенді естіп өскен ұрпақ жемқорлықтан аулақ болып өсетініне сенімдімін. Қазақтың даласында бабаларымыз «Жемқор емес, қамқор халық» деген атымызды қалыптастырып кетіп еді. Бүгінде жемқорлықты баланың туылуынан бастап кеттік, перзентханада сый беретін болдық. Жемқор адам өзін басқадан артықпын деп санайды. «Мен білдірмей жасадым, айламды асырып жібердім, ешкім байқамады» деген ойы өзіне сенімділігін күшейтетін болар. Бірақ біз бүгін барлық жемқорлықтың ашылатынын көріп отырмыз. Оған тұрғындар да атсалысуда, - деді.Елге қиянат жасама, ұрпағыңа қарғысы тиеді
Бүгінгінің батыры деп кімді айта аламыз? Әйелі базарда жүрген, жұмыссыз еркегі үйде қалған қорқынышты кезеңге де тап болдық емес пе? Базардан тоңып келген ананың мейірімі шаңырақты жылыта алмайтыны бөлек әңгіме. Ең қиыны – ол ананың баланың тәрбиесіне қарайтын уақыты табылмайтыны. «Аналар мектебі» деген үлкен қалыптасқан үрдісті жоғалтып алдық дегенге келісесіз бе? Бүгінгі жиынның қонағы Ырза Тұрсынзада — құрақ көрпе тігудің шебері атанған, қазақтың құрақ көрпелерін шетелге таныстырып, рухани мұраны насихаттап, жаңғыртып жүрген ұлт жанашыры. Өз кезегінде тегін шеберлік сыныптарын ұйымдастырып жүргенін айтқан ол «Бар мақсатым – әйелді қара шаңыраққа қайтаруға үлес қосу», - дейді. – Өзімнің отбасымда әкем мемлекеттің қызметінде болды. Кішкентай болсақта шешеміздің әкемізге үнемі «Елге қиянат жасама, ұрпағыңа қарғысы тиеді» деп айтатынын еститінбіз. Ал бүгінгі дастархан басында «Анау үй салыпты, мынау жаңа көлік алыпты, бізде жоқ» деп әңгімесін бастайтын аналардың жұбайлары қандай болады, балалары нені сезіп өседі деп ойлайсыз? Бізде де сондай дүние болса екен деп заңсыздыққа баруы мүмкін жағдай. Ең бірінші аналарымыздың ақылды болуы маңызды. Нәпсіге кісен салынса екен. Байыса, Шыңғысханның байлығы қайда, Барлығы да өтпелі. Осы дүниеден өткенде қадірі болмай қалады. Ал әкенің малы балаға мал бола ма? «Қазір барлығын жауға жасағандай ма?» деген әсер аласың. Жол салынса да сапасыз, баспана салынса да олқылығы жетерлік. Сонда ол жолмен өзі немесе ұрпағы жүрмейді ме, ол баспанаға өзі немесе балалары болашақта тұрмайды ма? Үкіметтен ойнатылған тендерлік жұмысты жеңіп алу, басшылармен бөлісу дегеннің соңы сапасыз жұмысынан көрініп жатады. Аналарымыз ұрпақты халқының қалтасынан жырсын деп емес, елге қызмет етсін деп әкелді. Кісенсіз қоғам тарихымызда болған, кетіріп алған бізбіз. Қазақтың азаматтары күшіне қайта ие болып, отбасын асырауға адал жолды таңдаса, аналар бала тәрбиесіне көңіл бөлсе екен. Еңбек жасаймын, бір нәрсемен айналысамын деген адамға екі қолға бір күрек табылады. Қазақтың даласы тек қазаққа керек, ойланатын кез келді, - деп түйіндеді.Жемқорлық фактісі азайған
Облыс бойынша департамент басшысы Н.Жанназарова еліміз бойынша жемқорлық фактісі азайғанын, мемлекеттік қызметке деген сұраныстың өскенін айтты. Мысалы, 1577 жемқорлық фактісі биылғы 9 ай қорытындысында республика бойынша тіркелсе, бұл көрсеткіш өткен жылдың қорытындысынан 20 пайызға аз екен. Ал былтыр облыстың ауылдық жерлердегі басқару органдарында 35 мемлекеттік қызметкер орны бос болса, бүгінгі таңда тек 2 орын бос екенін, қызметтен өз еркімен кету 3 есеге азайғанын мәлімдеді. – Мемлекеттік қызметкерлердің жағдайын жақсартуды Елбасының өзі қолдап отыр. Енді адал жұмыс жасауымыз керек. Облыстық кірістер департаментіне сыбайлас жемқорлықты болдырмау, сыбайластықты жою тақырыбымен өткен жылы 1 рет, биылдың өзінде 2 рет ұжымдық кездесу жиынын өткіздік. Бірақ кейде айтылған әңгімеден нәтиже шығармайтын қызметкерлер де бар екен. Облыстық кірістер департаменті басшысының орынбасарына «10 млн. теңге пара алды» деген айып тағылып, бүгінде сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бар лауазым иелеріне әдепті, арлы, мәдениетті және адал болу қасиеттері керек. Мемлекеттік қызметкердің пара алмаса да алуға деген ниеті байқалғанның өзінде жұмыстан босату шарасы жүреді. Дөрекілік, мәдениетсіздік танытуы әдеп жөніндегі өкілдердің қадағалауында болады. Шағымыңыз болса, бізге хабарласыңыздар, – деді тұрғындарға.Клара ҚАНСҰЛТАНОВА