©
Құрық орта мектеп-гимназиясында «Өз балаңа үлгі бол» атты ата-аналарға арналған жиын өтті. Оған мектеп директоры, тәрбие жөніндегі орынбасарлары мен бастауыш сынып мұғалімдері және жүзге жуық ата-ана қатысты.
Конференцияда оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ отбасылық құндылықтарды нығайту туралы бірнеше өзекті тақырыптар талқыланды. Сонымен қатар жиынға келген ата-аналарға бала тәрбиесіне аса мән беріп, қадағалау жөнінде баяндамалар оқылды және бейнебаяндар көрсетілді. Бейнебаянда мектепке деген ынтасын арттыруымен қоса ата-ана баласының болашақта өзіне деген нық сеніммен қарауына ықпал жасау қажеттілігі туралы айтылды. Бұдан соң ата-аналар балаларымен қарым-қатынастары қандай деңгейде екендігін білдіру мақсатында арнайы тарқатылған бетшелердегі сауалнамаларға жазбаша түрде жауаптарын берді. Жиынды қорытындылай келе мектеп директоры К.Түгелбайұлы мұғалім, ата-ана және оқушының арасы тығыз қарым-қатынаста болмай, оқушылардың оқуда озат болуы, әрі олардың жоғары дәрежеге көтерілуі қиынға соғатынын айтты.
- Тәрбиесіз білім нәтижесіз болуы әбден мүмкін. Сондықтан ата-ана тәрбиесін мықтап бірінші орынға қоюымыз шарт, - деді К.Дауірбаев жиын соңында.
Ата-аналар конференциясы №1,№6 орта және №9 бастауыш мектептерде де бір мезетте өтті.
Майра ТӨЛЕУОВА