Түпқарағанда Маңғыстау облысы «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы жанындағы іскер әйелдер кеңесінің жүрмелі отырысы болып өтті. Облыстағы іскер әйелдердің басын қосқан кеңестің осы уақытқа дейін жасаған жұмыстары мен жеткен жетістіктері де аз емес екен. Түпқараған ауданы әкімі Айдос Хамиев және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жанындағы осы кеңестің төрайымы, «deSali design territory studio» мен «Coffee & People» ЖШС, «Маңғыстау облысының интерьер дизайнерлері және декораторлары» қауымдастығының президенті Сауле Салихова, ұйымның аудандық филиалының директоры Дәулет Өтебалиев бастаған кеңес отырысына ауданда өз кәсібін жүргізіп жүрген қыз-келіншектер де белсенді қатысты.
Сонымен қатар кеңес мүшесі, жеке кәсіпкер, "Маңғыстау әйелдері көшбасшы мектебі" қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Маңғыстау облыстық филиалы Қазақстан Коммунистік халық партиясының бірінші хатшысы Роза Маханбетова, Маңғыстау облысы ІӘК мүшесі, «Қазақстан – Тур» агенттігінің директоры Гүлсара Жүнісова да арнайы қатысты.
Кеңес барысында Маңғыстау облысы ІӘК мүшесі, Батыс Қазақстан аймақтары бойынша «Цептер Интернэшнл» компаниясының директоры, бизнес-тренер, мотиватор Шолпан Тусипбаева қатысушыларға кеңес аясында тегін семинар-тренинг ұйымдастырды.
Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және әйелдер бастамаларын қолдау, жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін табысты жобалар үлгісінде ісін ынталандыруды арттыру, әйелдер кәсіпкерлігінің өзекті мәселелері және оларды шешу жолдарын талқылау мен түсіндіруді мақсат еткен семинар кәсіпкер болып, өз кәсібін дөңгелетіп отырған және жұмыссыз отырған, кәсіпті енді бастап жүрген қыз-келіншектер үшін ұйымдастырылды.
Кеңес барысында бизнеске келуші қыз-келіншектердің білім алуына, түрлі шеберлік сағаттарынан өтіп, білімдерін жетілдіруді, қаржы табудың түрлі тетіктерін меңгеріп, ізденуге кеңес берді. Мәселен, бір ғана Түпқараған ауданының өзінде кәсіп ашып отырғандардың дені алып-сатумен айналысатындар. Киім және азық-түлік сатумен шектелетін дүкендерден аяқ алып жүре алмайсыз. Сондықтан кәсіпке келуші өз өңірін зерттей отыра нарыққа қажет, халық сұранысындағы қызмет не тауарды ұсынуы керек. Аудан бойынша химиялық тазарту, кинотеатр т.б. қызмет түрлері мүлдем жоқ. Сондықтан алдын ала зерттеулер жүргізу арқылы кәсібін жүргізуге шақырған кеңес төрайымы Маңғыстаудың географиялық әлеуетін де бизнеске тиімді пайдалану керек екенін жеткізді. Туристік кластер арқылы бірнеше тың идеяларды бизнеске айналдыруға болатынына да тоқталды.
- Бұл кеңестің жанынан 5 ассоциация жұмыс жүргізуде. Бір қауымдастықтың өзі бірнеше кездесу ұйымдастыруда. Ал әйелдер басқаруы бойынша 2018 жылдың сәуір айына алынған көрсеткіш екі есе өсіп отыр. 2015 жылы бірінші өңірлік форум өткізген едік, 250 әйел қатысқан болатын. 2017 жылы Жаңаөзен қаласында 120-150-дей әйел қатысқан екінші форумды өткіздік. Биыл үшінші форумды сәуір айында өткіздік. Бұл форумға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының төрағасы Тимур Құлыбаев арнайы қатысқан болатын. Осы форумнан кейін біздің өңірдегі кеңестің жұмысын өзге өңірлерге үлгі етіп, форумдарды ұйымдастыруда. Әйелдер кәсібін дамытуға несие беру бойынша 2016-2018 жылдарда 166 жобаның 75 жобасын әйел адамдар қолға алған. 974 млн.теңге ішінде 404 млн.теңгені әйелдер алды. Жаңа жұмыс орнын құру мен қызмет етуде де басым көпшілігі әйел адамдар, белсенділігі жоғары. Тіпті техникалық қызмет көрсету станциясы (СТО) тәрізді ер азаматарға тән қызметтерді әйел адамдар басқарып, жүргізіп отырғаны қуантады, - деп атап өтті «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сауле Салихова.
Кеңес барысында сөз алған аудан әкімі аудандағы қыз-келіншектердің бизнеске жол салуын қолдайтынын білдіріп, бизнеске қатысты түрлі жобаларды да қуана қолдайтынын әрі кәсіпкерлікке бағыттау үшін түрлі бағдарламаларды оларға кеңінен түсіндіруді ұйымдастыру қажеттігін жеткізді.
Кеңес отырысы соңында жаңа тіркелген жас кәсіпкерге естелік сыйлықтар табысталып, шара аясында кәсіпкер қыз-келіншектердің қолынан жасалған бұйымдар мен қызметтер көрсетілген көрме ұйымдастырылды.
Милана ЕЛЕУСІНОВА