Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 73 жылдан асса да, оның елге салған жарасы әлі жазылды деуге болмайды. Сол соғысты көргендер мен зіл-заласын бастан өткергендердің құлағынан зарлаған ана мен жесірлердің үндері әлі алыстан естілгендей сезіледі. Ал жетімектердің тағдыры не болды? Әркім іштей егілді. Майданнан оралғандарды көріп, үйден кеткен жан-жарының жүрек соғысын жүрегімен сезіп, іштей тілдескендей болады. Батысқа қарап телмірген аналар мен жесірлердің көз жастары да таусылып, күдер үзбестен жер қойнауына кетіп жатты. Олар көңілдегі асыл мұратын, бауырындағы балаларын көздің қарашығындай сақтап, оларды қанатының астына алып өсіруді арман етті.
Сұм соғыста қаншама боздаққа туған жердің топырағы бұйырмай, болашақ ұрпақ үшін жандарын пида етіп денелері жат жерде қалды. Олардың да қайда жерленгені беймәлім болып, артта қалған ұрпақтарын, туыстарын сергелдеңге салды. Сондай хабарсыз кеткен майдангердің бірі – Тұрлыбек Нұрмағамбетұлы. Аға туралы 1946 ж. «қара қағаз» келіп, хабарсыз кеткендер санатында болды. Содан бері қаншама іздеу салынғанмен дерек болмады.
Қазір заман түзелді, қатыс жақсарды, байланыстың неше түрі бар. Соңғы жылдары интернет желілері арқылы әртүрлі сайттардан жастар өздерінің аталары туралы сұраулар салып, сиректеу болса да деректер тауып, жерленген жерлеріне барып зиярат етіп жүр. Сондай жастардың бірі – Бағдат атасы Тұрлыбек туралы соңғы он жылда интернеттің барлық сайттарынан іздеу салды. Бірінің фамилиясы келсе, аты сәйкес келмеді. Аздаған қаріптен ауытқу болса, туған жылы келмеді. Осы 2018 жылдың шілде айының соңғы бір күндерінде барлық мәліметтері сай келетін атасы туралы деректі Бағдат тауып, қуанышын әуелі бауыры Асхатқа көрсетіп, деректің дұрыстығын екеулеп тексеріп, әкелері Бердібек пен Төлебекке айтуға асығады. Осылайша Нұрмағамбетовтер отбасында тосын жаңалық – өшкені жанып, өлгені тірілгендей қуанышты күн туды. Хабарсыз кеткен Тұрлыбек аға туралы деректер табылды. Ағаның жорық жолдарынан қысқаша мәлімет берсек.
Тұрлыбек Нұрмағамбетов 1914 ж. Маңғыстаудың Тұщықұдық ауылында дүниеге келген. 1939 ж. арнайы шақырумен Таушық поселкесінде ашылған көмір өндірісінде жұмыс жасаған. Ұлы Отан соғысы басталған сәтте 1942 жылдың қаңтар айының басында Шевченко әскери соғыс комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, жаңадан Орал қаласында жасақталған 152-атқыштар бригадасына қабылданып, Астрахань-Сталинград аумағындағы неміс-фашист басқыншыларының екпінді шабуылына қарсы соғыс қимылдарына қатысқан. Соғыс кезінде жараланып, Саратов қаласының Киров ауданында орналасқан №3939 эвагоспителге түсіп емделеді. 1.10.1942 ж. госпитальден шығып, қайта майданға аттанады. Мәскеу бағытындағы соғыс қимылдарына қатысып, тағы да ауыр жараланып 5.01.1943 ж. Владимир қаласындағы эвагоспитальге түседі. 1,5 айдан кейін Тұрлыбек аға қайтыс болып, Князь-Владимир қаласындағы «Бауырластар» зиратына аты-жөні жазылып жерленеді.
Нұрмағамбетовтер отбасынан аттанған екі ағайынды майдангер – Нұрмағамбетов Тұрарбек пен Тұрлыбек. Тұрарбек аға жарақатпен елге келді. Еңбекке араласты, ата кәсібімен жылқы шаруашылығын дамытуға зор үлес қосты. Отбасына ұл да, қыз да келіп, еңсесі түскен әулет–шаңырағын тіктей түсті. Тұрарбек аға бастаған көш ел алдында болмағанмен, жуан ортада өмір кешкен еді. Інісін іздеген аға мен ұрпақтарының бір бүйірінде бір ауыр күрсініс жүре берді. Алланың әр отбасына деген сынағы да, сыйы да болады. Міне, ұзақ жылдар тағдыры белгісіз болған Тұрлыбек аға туралы деректердің табылуы – Нұрмағамбетовтер әулеті үшін үлкен Алланың сыйы болды. Ұлы Отан соғысы аяқталғаннан кейін советтік жүйеде 1950 жылдардан бастап, соғыс кезінде қайтыс болған жауынгерлерді іздестіру бағытында «Қызыл ізшілдер» деген атпен жастардың бастамашылық қозғалысы болды. Сол қозғалыс беймәлім көптеген батырлар мен жауынгерлердің есімдерін анықтады. Бұл қозғалыстың маңыз-мақсатын зерттеп, үкімет кезінде оң бағасын беріп, қолдау да көрсеткенін аға ұрпақ өкілдері жақсы біледі. Есімдері белгілі болған жауынгерлердің аты-жөндері жазылған әртүрлі ескерткіштер жасалды. Соның бірі – Ұлы Жеңістің 30 жылдығына орай Владимир қаласында 1975 ж. ашылған ескерткіш-мемориал. Бұл мемориалда осы қаланың әскери госпитальдарында қаза болған 1500 жауынгердің есімдері қара мәрмәрге айшықталып жазылып, бой көтерген болатын. Сол жауынгерлердің бірі – Тұрлыбек Нұрмағамбетов. Ескерткіштің салынғанына 40 жылдан астам уақыт өтсе де, толық деректер бізге жақында белгілі болды.
Деректі нақтылау үшін Владимир қаласының басшылық орындарына сұрау салынып, Владимир қаласының Фрунзе аудандық әкімшілігінің басшысы Николай Маркинмен Бердібектің сөйлесу мүмкіндігі болды. Азаматтық сауалға Н.Маркин бір күннен кейін толық дәйекті хабарын беріп, майдангердің туыстарын шақырып, барынша күтіп алатындығын, қонақтарға барлық жағдай жасалатынын хабарлады. Сонымен ағайынды Нұрмағамбетовтер жол сапарына дайындалды. Қонақжайлық пиғылдарын күн ілгері танытқан орыс ағайындарға қазақ елінен сый-сияпаттық жоралғылар, құран оқылатын дастархан мәзірлері, марқұм болған ағаның кіндік қаны тамған Тұщықұдық жерінің топырағы т.б. шараларды қамтып, 1,5 күнде Владимир қаласына Бердібек, інісі Төлебек, майдангердің немерелері Бағдат пен Асхат болып жолға шығады. Айтпақшы, Бағдат әуелі ұшақпен Мәскеу арқылы ұшып барып, оған Владимир қаласынан қонақ үй т.б. дайындау тапсырылды. Нұрмағамбетовтер тамыз айының басында діттеген жерге жетіп, әзірленген қонақ үйге орналасады. Қонақ үйде қала әкімшілігінің тапсырмасы болған болу керек, қызметкерлері қазақстандық қонақтарды туыстарынша қарсы алады. Келесі күні Фрунзе ауданының әкімшілігінде кездесу болады. Кездесуге әкімшілік басшысы Кездесуге әкімшілік басшысыры, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Василий Никитенко, аудандық ардагерлер ұйымының басшысы Е.Королева, бір топ соғыс ардагерлері, қаладағы елшілік өкілі қатысты. Кездесуде меймандардың өтініштері бойынша қандай шаралар жасалады, барлығын әкімшілік жоспарлап, барлық бағытқа жауапты тұлғалар белгіледі.
Енді асыға күткен қалалық Ұлы Жеңіске «Мәңгі алау» ансамбліне бару болды. Бердібек қалалық мұсылмандар мешітінің имамын жетістіруге көмек сұрады. Осы жерден бір топ соғыс ардагерлері, қала әкімшілігінің орынбасары Е.Королева бастап қаладағы бауырластар зиратына келеді. Жүректері алып ұшқан Нұрмағамбетовтер әулеті көп зират ішінен «Қатардағы Нұрмағамбетов Тұрлыбек» есімін көргенде қуаныштан ба, толқудан ба көздеріне жас алып, ағамен тілдескендей сезімде болды. Дүниеден озғандар мәңгі көзден ғайып болғанмен, оның рухы жойылмайды деген сөз бар. Марқұмның рухы да бауыр еті баласын, бауырларын асыға күткен болар. Аға да бір аунап жатып, егілген болар? Осындай толқу сәттерін бірге ілесіп келген өзге ұлт өкілдері де көздеріне жас алып тұрды. Ағаның есімі айшықталған плитаны Бағдат пен Асхат күні бұрын жаңартып, орнын волонтерлер арқылы тазалап митингіге дайындаған еді. «Мәңгі алау» алаңқайында жиналғандар саны көбейе берді. Межелі уақытта митингіні Фрунзе аудандық әкімшілігінің орынбасары Е.Королева ашып, жиналғандарды қазақстандық қонақтармен таныстырды. Өзі ескерткіш-монументтің тарихы, онда Отан үшін қаза болған жауынгерлер туралы баяндай келе Тұрлыбек ағаның әскери емханаға түсуінен бастап, аурудың тарихы туралы нақты деректер келтіріп мәліметтер берді. Осыдан кейін қатысқан соғыс ардагерлері сөйлеп, туыстарын іздеп келген қазақстандықтарды қуаныштарымен құттықтады. Митингіде майдангер Тұрлыбек ағаның ұлы Бердібек, інісі Төлебек, атаның немерелері Бағдат пен Асхат та өздерінің жүрекжарды толғаныстарын ортаға салды. Бердібек екі күннен бері қонақжай владимирлік азаматтарды, қала халқын, жұмыстарға үнемі қолдау көрсетіп жүрген қала әкімшілігіне, волонтерлерге шын жүректен ризашылығын білдірді.
Ескеркіш монументтегі ағаға арналған плита ашылып, елден келген туған жердің топырағы салынып, әбден тегістеліп плита жабылды. Бұл сәт ағаны арулап жерлегенмен бірдей, қатысқан барлық туыстар қолдарымен топырақ салды. Содан кейін қалалық мұсылмандар мешітінің имамы аға рухына арнап құран бағыштады.
Митингіден кейін барлық қонақтар ресторанда жайылған марқұмға арналған ас дастарханына шақырылды. Мұнда да құран бағышталды. Кешке Нұрмағамбетовтер қала әкімшілігі мен қызмет жасағандарға ұлттық нақышта қонағасы беріп, елден келген сый-сияпаттар берді.
Кешке қалалық телеарна арқылы қазақстандық азаматтардың іздеу салып, туыстарымен қауышқан хабарын «Россия-1» желісі арқылы беріп, соңында тележүргізушінің «Еще один солдат вернулся домой!» деген сөзімен аяқтады. Өліге деген қандай құрмет?!
Келесі күні қазақстандықтар қаланың тарихи орындарына, «Мәңгі алаудағы» ескерткіштерге тағзым етті. Монументте әртүрлі ұлт өкілдерінің, оның ішінде көптеген қазақ ұлты өкілдерінің есімдерінің айшықталып аты-жөндерінің жазылғанын көріп риза болған.
«Өлі жебемей, тірі байымайды» деген қағиданың өзге мемлекетте ерекше сақталғаны, монументтің ерекше күтімі, жастардың аза тұтып, құрмет көрсетуі т.б. үлгілері ерекше байқалады. Шіркін, есімдері жазылған қазақ азаматтарының туыстары бар ма екен? Іздестіріп аталары туралы деректерді таба алмай жүр-ау деген күрмеуі келмеген күдіктер де ұялады.
Нұрмағамбетовтер әулетінің қуаныштарында шек болмады. Туыстары түгенделді, көңілдегі медеу тоқталды. Елге келіп, көңілдерін бірлеген Бердібек бастаған ағайындар қаланың көрікті мейрамханасы «Palazzoда» аға рухы-на арналған ас берілді. Асқа алыс-жақындағы туыстар, Бердібек пен Төлебектің жолдастары, құдалар, ел ақсақалдары, облыстық бас имам шақырылды. Ас соңында бас имам дүниеден озған Тұрлыбек аға рухына арнап құран бағыштады.
Мен осы баян-хабарламамды жерлес інімнің бір шумақ өлеңімен түйіндейін.
...Гүл шоғын қойып, арнайы бұрып ат басын, Иеміз басты сипалап бейіт тақтасын. Ел үшін туып, ел үшін өлер ерлердің, Белгісіз бейіт болуынан құдай сақтасын. (Кеңес ШОҚАН)Қойлыбай ҚАРАЖАНҰЛЫ, Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі, ҚР Журналистер одағының мүшесі, архив қызметінің ардагері