Берекелі Бейнеу өңірінің бағзы тарихын баяндап кетсек, бір дастан емес, мың дастанға арқау боларлық аңызы да бар, ақиқаты да бар. Аңызды ауыз екі әңгіме дейік те, ақиқатына көз жіберейік. Айталық, Ақжігіт деген ауыл бар, Ақжігіт деген станса бар. Ал оның әрірегін байыптасақ, Ақжігіт деген көне құдық пен Ақжігіт деген қорым бар. Жақында осы Ақжігіт аулында, ескі құдықтың қасында, көне зираттың басында осы өлкенің тарихына қатысты ұрпаққа ғибратты іс-шара өтті.
Ойдан-қырдан жиылған Шоғы ұрпақтары ежелгі қорым, ескі зиратқа зиярат етіп, осы бейітке жерленген Ақжігіт Бәкіұлына ас-садақа беріп, ескерткіш белгі қойды, құлауға жақын тұрған қорымға қоршау жүргізді. Әлбетте үлкен істі ұйымдастырушы ер азаматтар екені белгілі. Ақжігіт атаның жетінші ұрпағы Табынбай Тастайбеков, Ерғали Қайыров, Жаңаөзен қаласынан келген Дінмұхамед Амандықов жиынды үлгілі дәрежеде ұйымдастыра білді.
Жасыратыны жоқ, тарихи тұлғалардың зиратын табуда жаңсақтыққа жол берілетін жайттар да болады. Бұрын көне құлпытастарды оқи алмай қор болып, бұл Ақжігіттің қай Ақжігіт екенін біле алмай дағдарғанда қазіргі күнде Маңғыстау мемлекеттік тарихи- мәдени қорығының директоры қызметін атқарып отырған Нұрлан Құлбаев осыдан он жыл бұрын тас белгідегі ескі жазудың сырын тайға таңба басқандай етіп, таратып берген болатын. Ақжігіт - Адайға белгілі тұлға болып, шежіреде аты қалған адам. Ерлігі ел тарихында қалған Шоғы батырдың Есекей деген ұлынан туған Бәкілік деген азамат екен. Осы Бәкіліктің төрт ұлы Сарба, Садақ, Ақжігіт, Шыңдәулет ел ішінде беделді төрт берен болғаны жайлы шежіре жинаушы Алпысбай деген бейнеулік азаматтан естігенім бар. Осы төртеудің ішінде Ақжігіт атаның өмірге келген жылдарын көне-көз қарттар 1755-60-жылдар деп шамалайды, фәни жалғанда алпыс жастай өмір сүріп, осы мекенде өмірден озған. Туа бітті бойына көрегендік қасиет дарыған, өте жершіл, тұщы су көздерінің қай жерден шығатынын біліп, құдық қаздырғанын асқа жиналған азаматтар тілге тиек етті. Осы қасиеттерімен қоса зергерлік өнермен айналысқанын одан тараған ұрпақтар айтады. Жиын кезінде Ақжігіт ұрпағы Али Құдабаев, Ақжігіт ауылының әкімі Серік Қамысбаев, Жаңаөзен қаласынан келген Шегем ұрпағы Ескендір Сағиев, Шыңдәулет ұрпағы Дүйсенбек Айсұлтанұлы Ақжігіт атаға қатысты естіген, білгендерін айтып, ескі қорымды, ата бейітін қайта қалпына келтіріп, қамқорлыққа алу жөнінде ұсыныс, пікірлерімен бөлісті.
- Жаратқан иеміз ел ішіндегі кейбір жандарға күнделікті тұрмыс үшін аса қажетті қасиеттерді сыйға тартып отырған тәрізді. Ақжігіт атамыздың бойына біткен қасиеттері осы пікірімізге дәлел бола алады. Осындай таптырмас қасиеттер қонған кісілерді жалпақ ел сыйлап, өздері өмір сүріп жатқан мекендерін осындай кісілердің есімдерімен атап отырғаны белгілі. Бүгінгі күні Ақжігіт станциясындағы Ақжігіт елді мекені деп аталатын жер кезінде біз сөз етіп отырған атамыздың ауылының мекені болған.
Халқымызда «Ағайын тату болса, ас көп...», «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген мәнісі терең сөздер бар. Осындай сөздер қай кезде айтылса да жәй айтылмаған. Өмір шындығынан пайда болып, сондықтан ел аузынан түспей, ескірмей жүр.
Мұны айтып отырғанымыздың себебі Есекейдің ұрпақтарының арасында Ақжігіт пен Шыңдәулет ауылдарының қонысы да, өрісі де бөлінбеген. Үнемі бірге көшіп, қонып жүрген. Себебі Шыңдәулет жағы өскен ауыл болып, арасынан жүрегі түкті батырлар, ел қорғайтын ерлер көп шықса, Ақжігіт ауылының саны олармен салыстырғанда аз болғанымен ұсталық, зергерлік, алдын болжау мен жершілдік қасиеттері қонғандары аз болмаған. Бауырлас екі ауыл бірін-бірі осы қасиеттерімен толықтырып, ауызбірліктерін сақтап, киелі жердің иесі бола білген. Нұрлан Құлбаевтың арқасында ескі құлпытастағы көне жазулардан атамыздың бейітін таптық, санаулы уақыт ішінде аталар туралы құнды деректер қолымызға тиіп үлгерді. Атап айтатынымыз, осылардың арасында Ақжігіт атамыздың жатқан орнын таптық. «Өлісін сыйлаған тірі бай болар» деген сөзді айтып жүретініміз де шындық. Шындық осындай болатын болса, Ақжігіт атамыз жатқан қорымға ел болып, ағайын болып көңіл бөлсек, дұрыс болар еді.Бүкіл Маңғыстау демей-ақ қояйын, осы Бейнеуіміздің өзінде Ақжігіт атамыздан тараған 200-дің үстінде жанұя бар. Жер атауы кімге тиісті екендігін бірінші кезекте ескі қорымдар ғана айғақтап тұрады. Тарихымыздың өшпейтін бір беті. Осы тарихымызды қаншама қастерлесек, қадірлесек жүрер жолымыз айқындалып, ұрпақтың мұрасы, - дейді, А.Таймұхамбетов.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Бейнеубек Әбілов: Жерлестерімнің бірлігіне қуанамын- Ақжігіт күмбезі — ерекше архитектуралық үлгіде, әдемі жасалған, ХІХ ғасырдың бастапқы кезінде салынған алғашқы тамдардың бірі. Қазіргі кезде алпыс пайыздай сәулеттік қалыбын жоғалтқан жағдайда тұр. Бұрын мемлекеттік қорғауға алынбаған, бірақ осы тіркеуге енгізуге тиісті алдын ала тізімінде тұр, - дейді Нұрлан Құлбаев.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, тарихи көркемдік пен шеберлік көне үлгісі көз алдымызда жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Осы орайда айтарымыз, Ақжігіт атаның күмбезі оның ұрпақтарына ғана емес, елге ортақ мұра екенін ескерте отырып, осы мәселеге қоғамның назарын аударып, ас, жиын жасап, көне бейітке қоршау жасаған Шоғы Бәкілік ұрпақтарына алғыс айтамыз. Қайткен күнде де айырықша айшықты тарихи тамды сақтап қалу ұрпақ парызы дер едік.
Айнахан ЕСЕТ