Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің нұсқауы бойынша «XXI ғасырдағы қазақстандық ата-ана: өз балаңа үлгі бол» республикалық ата-аналар конференциясы өз жұмысын бастады. Әдеттегідей конференция жаңа оқу жылының алғашқы аптасында Үстірт орта мектебінде болып өтті.
Конференцияның негізгі мақсаты - балалардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жағымсыз ақпараттардан қорғау, діни ағымдардың алдын алу, сонымен қатар оқушыны бірыңғай үлгідегі мектеп формасымен қамтамасыз ету.
Алғашында сөз алған мектеп директоры Н.Ауданбаев конференция қатысушыларын Отбасы мерекесі күнімен құттықтап, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Оршыбеков Нұрбек Әбубекұлының Үндеу хатымен таныстырды. «Отан отбасынан басталады» демекші, әрбір отбасына береке, бірлік, ынтымақ тілеп, болашақ ұрпақтарымыз елдің нығаюына өз үлестерін қосады деген сенім білдірді.
Иә, Елбасының сөзінде Қазақстанның өскелең ұрпақтары жағымды жасампаз, дүниетанымы қалыптасқан, адамгершілік қағидаларды берік ұстанатын, жауакершілігі бар, саналы таңдау жасай алатын, Отанымыздың игілігі үшін дербес шешім қабыл- дайтын жан-жақты тұлға болып қалыптасу керек делінген. Баланың тәрбиесі үшін отбасы мен мектеп арасындағы қарым-қатынастың атқаратын рөлі мықты болуы керек. Мектеп психологі А.Сырлыбаева өз сөзінде жаңа оқу жылында оқушыларға сәттілік тіледі. Оқудың алғашқы айларында мектепке дайындық кезеңі-бұл қиын кезең. «Әрбір бүлдіршін үшін бірінші сынып шын мәнінде терең өзгерістер уақыты сол үшін ата-ана өз баласы үшін барынша еңбектену керек» деді. Сонымен қатар әлеуметтік желілердің қауіпті түрлеріне арналған слайдттар көрсетіп, балаларды интернетке тәуелділігінен сақ болуға шақырды. Жиналыста ата-аналар өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын қойып, өз ойларын ортаға салды. Конференция алдағы уақытта өз жалғасын табады.
Жанар ТАПАЛОВА, Үстірт орта мектебі