©
Ақтау қаласы әкімдігінің мәжіліс залында қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Қоғамдық кеңес күн тәртібінде тұрған жер салығының мөлшеріне және тұрғын үймен қамтудың мөлшері мен ретін анықтауға өзгерістер енгізу туралы, қалалық қоғамдық көліктердегі жолақысы мәселесін талқылап, қалалық мәслихаттың жиырмасыншы сессиясының қарауына жіберілді.
Қалалық мәслихаттың 2016 жылғы 21 қазандағы «Ақтау қаласында тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы баяндаманы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімінің басшысы Гүлнар Қайырлиева жасады. Қазақстан Республикасының Үкіметімен 2009 жылдың 30 желтоқсанында «Тұрғын үй көмегін көрсету туралы» заңына бірнеше өзгерістер мен толықтырулар енгізілген еді. Осы заң жобасына сай болу үшін Ақтау қаласында да баспана мен қамтуға өзгерістер енген. Бұл талқылауды қажет етпейтін мәселе болғандықтан қоғамдық кеңес мүшелері бірауыздан қалалық мәслихаттың қарауына жіберді.
Қоғамдық кеңестің талқылауына түсіп, дау тудырған мәселе – қалалық қоғамдық көліктердегі жолақы құнын өсіру болды.
«2018 жылдың маусым айынан бастап жолаушыларды тасымалдайтын 3 жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен арыз келді. Олар жолақы құнын көтеруді сұрап отыр», – деп бастады баяндамасын Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары мемлекеттік мекемесінің бас маманы Бексұлтан Шалабаев.
Олардың айтуынша, қаладағы жолақы құнын өсіруге бірнеше фактор себеп болып отыр. Олар – бүгінгі нарықтағы жанар-жағармай бағасының тұрақсыз өсуі, қосалқы бөлшектер мен сервистік қызмет көрсетудің қымбаттауы, жаңа автокөліктер бағасының жоғарылауы. Осы себепті тасымалдаушылардың жүріс шығыны ақталмайды. Осылайша шаһардағы жолаушы тасымалдаушылар қоғамдық көліктегі жолақы құнын 50 теңгеден 70 теңгеге жоғарылатуды сұрап отыр.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары мемлекеттік мекемесі Көлік және коммуникациялар министрлігінің 2011 жылғы 13 қазандағы «Тұрақты маршруттар бойынша жолаушылар мен багаж тасымалдау жөніндегі қызмет көрсетулер кезіндегі тариф көтеруді бекіту туралы» №614/2 заңнамасын негізге алып отыр. Онда тұрақты маршруттарда жолаушылардың жол жүру құны оларға байланысты баға факторлары бойынша отын және жағармай материалдарының, автошиналар мен аккумулятор, қосалқы бөлшектерінің қымбаттауы тасымалдаушылардың нақты шығыны 10 пайыздан артық көтерілген кезде түзетіледі, яғни жол жүру ақысы қайта қаралады делінген.
Мекеме мамандары арнайы сараптама да жүргізіпті. Бексұлтан Шалабаевтың айтуынша, қаладан Маңғышлақ елді мекеніне қатынайтын №105 маршруттың тарифі 95 теңге. Осы бағытта қатынайтын 20 автобус бар. Маршруттың ұзындығы 28 шақырым. Бір автобус күніне 5 айналым жасайды. Ал қала ішіндегі №3 маршрут жолының ұзындығы 28 шақырым. Бірақ оның тарифі 50 теңге. Желіге 23 автобус шығады әрі бір автобус күніне 6 айналым жасайды. Қала ішінде жүретін автобустың шығыны көп, табысы аз.
Өзге өңірлермен салыстырғанда қоғамдық көліктердегі ең төмен баға да Ақтауда екен. Мысалы Орал, Петропавл, Қостанай, Өскемен, Семей, Қарағандыда жолақысы 80 теңге. Ал Ақтөбе мен Павлодарда жол жүру құны 60 теңге, оны 80 теңгеге көтеруді жоспарлап отыр. Алматыда жолақысы 80 теңге болса, оны да жақын арада 100 теңгеге арттырады. Қызылорда мен Астанада қоғамдық көліктегі билет құны 90 теңге.
Сондай-ақ қалада тегін жүретін тұрғындар 10 категорияға бөлінген. ҰОС мен тыл ардагерлері, I, II топтағы мүгедектер, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Қалада II топтағы мүгедектер саны көп, ресми есеп бойынша олардың саны 3 мыңға жуықтайды. 7 мен 15 жас аралығындағы балалар жолақының жартысын төлейді.
Жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлер тек баға мәселесінен қиындық көріп отырған жоқ. Жолаушылар автобусында қызмет көрсететін жүргізушілер мен жолсеріктерді табу, кадр мәселесін реттеу де күрмеуі көп мәселеге айналған.
Шығынның ақталмауы, кадр мәселесінің дұрыс реттелмеуі салдарынан жыл сайын қаладағы маршрут саны да азайып келеді. Мысалы, 2009 жылы қала ішінде түрлі бағыт бойынша 9 маршрут қатынаған болса, қазір 6 маршрут қана бар.
Шаһарымыздағы жолаушылар тасымалындағы тағы бір олқылық – ескі автобустар. Оларды ауыстыру үшін де қомақты қаражат керек.
Табыстың аздығына байланысты қоғамдық көлік тасымалдаушыларын еліміздегі екінші деңгейлі банктер қаржыландырғысы келмейді. Өйткені қоғамдық көліктерге арналған автобустардың бағасы қымбат.
Осы кезде қоғамдық кеңес мүшелерінің пікірталасы мен толассыз сауалдары басталды. «Жолақы құны артса қаладағы ескі автобустардың орнына қанша жаңа көлік сатып алынады?», «Жаңа автобустарды сатып алуға қаржы жете ме?», «Жаңа автобустар қай кезде келеді?», «Ол отынның қандай түрін қажет етеді?»
Қазір қаладағы жолаушылар автобусы жаңа автобустарға ауыстырылып жатыр. Қала ішінде жүретін №3 маршрутта 10, №2 маршрутта 8 жаңа DEO маркалы автобус бар. Алайда қалада әлі күнге дейін тозығы жеткен автобустардың бар екені жасырын емес. Жол ақысын 70 теңгеге көтерген жағдайда құны 37 миллион тұратын 20 автобусты қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мемлекеттік мекемесі «СПК Каспий» мекемесі арқылы сатып алуға ниетті. Осылайша келер көктемге дейін қаладағы ескі қоғамдық көліктер жаңасына ауыстырылуы мүмкін.
Бүкіл ел бойынша қоғамдық көліктердің 75 пайызы стандартқа сай келмейді. Ескірген автобустарды 3 жылдың ішінде жаңасына ауыстыру керек. Елордада өткен алқалы жиында осындай тапсырма берілген. Ол үшін арнайы бағдарлама да жасақталған. Арнайы бағдарлама арқылы тасымалдаушылар автобустарды несиеге алады. Бағдарламаның өзіндік талаптары да жоқ емес. Сатып алынатын автобус отандық өнім болуы керек әрі жалпы соманың 15% алдын ала төлемін жасау керек.
Қалалық тасымалдаушылар Семейден өндірілетін автобусқа тоқтапты. Ондағы автобустың ең арзаны 37 миллион теңге тұрады. Біздің қалаға 20 автобус керек десек, 740 миллион теңгенің 15% пайызын төлеу де оңай шаруа емес.
Қоғамдық кеңес мүшелері әрі-бері ойланып, қала үшін маңызды мәселені қалалық мәслихаттың жиырмасыншы сессиясының қарауына жіберді.
Тойгүл НҰРЖАНҚЫЗЫ