Ауданымыздың 45 жылдық мерейтойы қарсаңында Тұрыш ауылындағы Тұрыш ата қорымының түнеуханасы алдына үйлер тігіліп, қасиетінің арқасында рухын жалпақ жұрт мойындап, есімі ауыл мен қорым атауына айналған ишан атамызға бағышталып садақа берілді. Тұрыш ишанның Бейнеудегі ұрпақтары ұйымдастырған бұл жиынға Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен көрші Атырау облысынан, өзіміздің ауданымыздың орталығы мен ауылдарынан ата рухына тағзым етуге келген қонақтардың қарасы мол болды.
Өткен ғасырдың отызыншы жылда- рына дейін ұлы Сам құмы төрт түлігі мыңғырып өсіп, қыдыр дарып, бақ қонған аталарымыздың құтты қонысы болғаны тарихтан белгілі. Кешегі өткен әкелеріміз бен әжелеріміз «Самның жері, елі, желі қандай еді, шіркін! Қызыл шәпкілілер қоқаңдап, қырамын, жоямын, деп зәремізді ұшырғаннан босып кеттік-ау», деп сағыныш толы көкіректерінің сыздағанын амалсыз сездіретін. Еліміз тәуелсіздік алып, ақтаңдақтары жойыла бастаған тарих беттерінде шындығында Самның жері көкірегінде саңылауы бар адам баласы қимайтын қоныс екені жарқырап көрінді. Қызыл империяның жасанды тарихында жазылғандай, «Бұл жерді зұлым байлар надан, қараңғы елді зұлымдықпен қанаған, жабайылар мекені» емес екенін пайымдап, Алла ұнатып, шексіз махаббатымен жаратқан, күллі адамзатқа ұнайтын илаһи нұр ерекше жарқыраған мекен, діни-ағартушылықтың ордасы болған қасиетті жер екеніне көз жеткіздік.
Тылсым ғаламның құдірет-болмысына біткен ерекше нұры жарқыраған асыл аталарымыздың біреуі, біреуі болғанда да бірегейі - Тұрыш ишан Үйтолыұлы атамыз. Ол шамамен он тоғызыншы ғасырдың орта тұсында осы құтты қоныста, хақтың жолына шынайы берілгендіктен ұрпақтарына ұлы жаратушының нұры қонған отбасында өмірге келген. Тұрыш Үйтолыұлы ауыл молдасынан сауат ашқан кезінде зейінді, зеректі болып, ерекше дарындылығы байқалып, кейін ұшан - теңіз ілім - білімді Хиуадағы атақты діни оқу орнынан алып, ишан дәрежесіндегі шатырхатпен елге оралғаннан кейін мешіт ашып, бала оқытады. Арнайы діни оқу орнында ол жаратылыстану, медицина бағытын терең меңгерген болуы мүмкін деген пікір айтылып жүр. Жаратқан ием Тұрыш атамыздың бойына тек ұстаздықты емес, емшілікті, көріпкелдікті де сыйлапты. Ол заманда тіке келген ажалдың өзі болып адамдардың зәре - құтын қашыратын шешек ауруын емдеудің, қарақұрт пен жылан шаққан адамды ажалдан аман алып қалудың емін тапқан Тұрыш атамыз екен. Бұл қазіргідей дамыған медицина жетістіктері жоқ заманда ажалға араша тұрудың тамаша көрінісі болып, атамыздың атағын аспандатқаны аян. Керемет қасиет қонған атамыздың демі қабыл болғаны тағы бар. Төлін алмай қасарысып тұрған түйе мен биеге атамыз дем салса болды, жануар ботасы мен құлынына еміреніп, иіп, емізе бастайды екен...
Тұрыш ишанның бойындағы зайырлы қасиетті тізбелеп шығу — арнайы зерттеу еңбегінің еншісіндегі міндет. Десек те осы тұста айтпай кетуге болмайтын зайырлылығы, көрегендігі. Құтты қоныс Самның төсіне құдайсыз жендеттер - қызылдардың атының тұяқтары тиген тұс Тұрыш атамыздың әбден қартайып қалған кезі екен. Ол бір күні өзіне қараған ағайын, ауылдастарын жиып алып «Бұл жердің құты қашты, енді елімізге қоныс болмайды. Бірақ менің сүйегім Сам төсінде қалады. Мына саясат менің рухымды өшіруге қанша жанталасса да өшіре алмас. Мені арулап жерлегеннен кейін, сіздердің мұсылман елдеріне қоныс аударғаныңыз жөн болады. Келе жатқан заман да баянды бола алмас. Алдымызда ұлтымыздың қолына еркіндік тиетін тамаша заман бар», деген мазмұндағы ойын жеткізіпті. Содан көп уақыт өтпей балаларының біреуіне өзінің қай күні Алланың аманатын тапсыратынын, жаназасына кімдерді шақыру керектігін де мұқият тапсырған екен. Көрегендік қасиеті бар зайырлы атаның бұл айтқандары дәл келіпті, - дейді ескі әңгіме.
Шындығында да кешегі заманның кері саясаты Тұрыш атаның рухын өшіре алған жоқ. Өзге қоныстар орыстардың, орысшылдардың атымен аталған заманда атамыздың қонысы Тұрыш ауылы деп аталды. 1947-1948 жылдардан бастап осы өңірге көш басын бұрған Маңғыстау малшыларының да алғашқы орталығы болған жер – Тұрыш ауылы.
8-9 қыркүйек күндері зайырлы Тұрыш атаның рухын ұлықтауға бағышталып, екі күнге жалғасқан жиында ғибраты мол әсерлі әңгіменің көрігі қызып, сөзден сарай тұрғызылып, жыр-термеден шашу шашылды. Садақаның қонақасында түн ортасы ауғанша жырлап, текті өнер термені ерекше шабытпен нөсерлетіп төккен ауылдасымыз Амангелді жыраудың өнері алқалаған әлеуметті ерекше желпіндіріп тастаса, жан-жақты білімге, өлке тарихына байланысты мол мәліметке ие, талантты, танымал ақын Светқали Нұржановтың аталар тарихы, рухани жаңғыру жайлы зор толғаныспен шерткен әңгімесі ойлы жанның ой дүниесін толқытқандай әсер қалдырды.
- Бүгін жер басып жүрген біздер боз қырдың бауырында төмпешік болып мәңгілік ты- ныстап жатқан аталардың жалғасымыз. Тәуелсіздік тұсында аталар рухын асқақтатуды мұрат етіп жүргендігіміздің мәнісі осында. Біздің әрекетімізді халқымыздың жұмыла қолдауының арқасында есімдері ұрпақ жадында сақталса да бейіттері белгісіз жатқан аталарымыздың мәңгілік мекендері анықталды. 1994 жылы бүкіл халықтың қолдауымен қазір біздер алдымызда тұрған Тұрыш ишан кесенесі тұрғызылды. Ер Қармыс жайлы мемлекеттік қолдау аясында кино түсіріліп жатыр. Қорымдарды қорғау, жәдігерлерді сақтау тек мемлекеттік емес, бүкілхалықтық міндет деген түсініктің қалыптасуы өлке тарихын танып, білуге ынталы азаматтардың әрекеттерінің нәтижесі екені баршаға аян. Біздер Сам жерінде жатқан Тұрыш атаға бағышталған садақаға келе жатқанымызда бағытымыздағы қорымдарды зияраттап, садақа беруіміз – аталар рухына құрметтің айғағы, ұрпаққа өнеге болатын сауабы мол шара болды. Ал есімі ел жадынан өшпейтін Тұрыш ишан атамызға арналған бүгінгі жиынды әдемі ұйымдастырған Бейнеудің рухы биік халқына, азаматтарына алғысымыз шексіз, - деді Атырау облысы мен Ақтау, Жаңаөзен қалаларынан қонақтарды бастап келген еңбек ардагері Өтеш Оңайбаев пен кәсіпкер Қылышбай Көшербаевтар.
Садақаның соңында қонақтар Тұрыш ишан кесенесі алдына жиылып, молдалар ата рухына бағыштап аят оқып, Құран хатым жасады.
Ауданымыздың мерейлі мерекесі басталар қарсаңда төл қонысымызда осындай қайырлы, сауабы мол шараны ұйымдастырған Бейнеу халқына алыс-жақыннан келген қонақтар «Сіздерге Алланың нұры жауып, аталар рухы қолдап жүргей» деген ақжарма тілектерін білдірді.
Қартбай ҚОЖАЕВ