Ақтауда шетелдің туристік операторларына, кәсіпкерлері мен журналистеріне арналған ақпараттық тур өз мәресіне жетті. Шетелдік қонақтар өз әсерімен арнайы ұйымдастырылған баспасөз жиынында бөлісті.
Жақында ғана бес патшаның табаны тиген Ақтау жуық арада туристік аймаққа айналуы керек. Оған қауқары да келеді. «Ақтау Қазақстанның Анталиясы болады» деген Елбасының сенімді сөзі өзгелерге екі есе сенімділік пен күш бергендей.
«Мен қалайша өзіңмен мақтанбаймын? Ақтау! Ақтау! Ақ құба, ақ маңдайлым!»Маңғыстаудың, қала берді Ақтаудың тұмса табиғаты мақтануға тұрарлық. Сол себепті Маңғыстау облысы туризм басқармасы 45 шетелдік қонақты елге мейман қылып шақырды. Жақсы жаңалықты естіген туризмнің майын ішіп, жілігін шаққан мамандар тек Маңғыстауды емес, Астананы да көрмек болған. Биылғы жылдың наурыз айында басталған келіссөздердің нәтижесінде 11-16 қыркүйек арасында америкалық, польшалық туристік операторлар, кәсіпкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдары ақпараттық турға қатысты. 11-13 қыркүйек аралығында Астанада мейман болып, 13 қыркүйек кешқұрым Ақтауға табан тіреді. Үш күн бойы Маңғыстаудың көрікті жерлерін тамашалап, салт-дәстүрмен танысқан топ өз таңданыстарын жасыра алмады.
«Біз алдымен Қазақстанға шақырту алғанда қауіпсіздік жағын ойлап, қатты уайымдадық. Бірақ бел буып осында келдік. Еш өкінбеймін. Бәрі әдемі. Біз кең, жазық далаға, мына теңізге, теңіздің тым ерекше көк түсіне ғашықпыз. Туризмдегі ең маңызды нәрсе – қонақ жайлық. Ақтаудың халқы өте қонақжай екен. Барлық жерде күліп қарсы алып, қимай шығарып салды. Осындай қонақжайлықпен Ақтаудың туризмін дамытуға мол мүмкіндік бар екенін білемін. Менің ұлтым – поляк. Өткен тарихымыздан поляктардың Маңғыстауға жер аударылғандығын жақсы білеміз. Сол кезде маңғыстаулықтар поляктарды бөліп жармай, өз нанын аузынан жырып беріп, көмек қолын созған. Бұл жақсылықты поляк азаматы ұмытпайды. Сондай-ақ бүгінгі поляк жастарына да осы тарих қызық болады деп ойлаймын. Сондықтан біз Польшадан да Ақтауға туристерді тартуға тырысамыз», – деді польшалық кәсіпкер.
«Кереметтің өтейін – жырлап бәрін, Ақтау! Ақтау! Тым ыстық, нұрлы ақ таңың. Келем десең – ағайын, Ақтауға кел, Көрем десең – қызарып Күн батқанын!» Шетелдік қонақтарға ақмаржан Ақтаудың әсем көрінісі ерекше әсер етсе керек. Өйтпегенде ше? Жай ғана жағаға еркелей соққан толқынның өзі кім-кімді болмасын бірден ғашық етеді.
Қонақтар облысымыздағы этноауылды аралап, Шерқаланы тамашалап, Тұрышқа да жолы түскен. Адам қолы тимеген, табиғаттың өзі тарту еткен ғажайыпты көрсетуге америкалық туристерді шақыруға дайын екенін мұхиттың арғы жағынан келген туристік операторлар сеніммен айтты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Бейнеубек Әбілов: Жерлестерімнің бірлігіне қуанамынТуризм деген – ауқымды ұғым. Оған тек көңіл көтеру, қыдыру, тамақтану ғана кірмейді. Туризмді дамыту үшін қонақ үйлердің құрылысын арттырып, тарихи жерлерге барар жолды салып, инфрақұрылымды күшейтіп, сол туризмді жарнамаламақ керек. Осы мақсатта биылдан бастап Ақтау-Құрық бағытын да қонақ үйлер салу жоспарланып отыр. Бұл қонақ үйлердің ерекшелігі – қонақ үй ішінде де теңіз суынан бассейн салынады. Ауа-райы салқын, һәм құбылмалы кезде де келген турист Каспийдің суына шомыла алады.
«Жыл сайын туризмге бөлінетін қаражат та аз емес. Ақтауды туристік орынға айналдыру үшін бар күш-жігерімізді жұмсап жатырмыз. Осы ретте жеке кәсіпкерлердің де қолдауы аз емес», – дейді облыстың туризм басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Сүйеуова.
Былтыр облысымызға 28 мың шетелдік турист келген. Биыл олардың саны көп болады деген үміттеміз.
«Ғажабына жетпейді баға, сірә, Ақтау! Ақтау! Маңғыстау даласында. Ақпандағы «аққуды» көруге кел, Ақтаудағы теңіздің жағасына!»Тойгүл НҰРЖАНҚЫЗЫ