Жуырда Бейнеу ауданына 45 жыл толу мерекесіне орай мүмкіндігі шектеулі жастар мен жасөспірімдерге арналған «Спорт мектебіне ашық есік» шарасы өткізілді. Тұлғаны әлеуметтендіруде тек қана қоғам емес, ең бірінші әрбір адам белсенді рөл атқаруы тиіс, өйткені мүмкіндігі шектеулі бала еркіндікті, әлеуметтік интеграцияны қамтамасыз ететін ортада толыққанды және лайықты өмір сүруіне көмектесетін ерекше күтім, білім және қажетті дайындық алуға толықтай құқылы.
Осы мақсатты берік ұстанған аудандық жастар ресурстық орталығы аудандық спорт мектебімен бірлесіп, спорт мектебінің тарихымен, спорттың түрлерімен, спорт саласындағы ауданымыздың мақтанышы республикалық, әлемдік деңгейдегі спорт шеберлерімен таныстырды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Баспаналы болудың жаңа мүмкіндіктеріСонымен қатар балалардың қабілетіне қарай доппен ойнатып, таэквондо, қазақша күрес, дзюдо үйірмелеріне қатыстырып, олардың қатты қызығушылығы мен қуанышына себепкер болды. Балалардың арасынан тоғызқұмалақ, дойбы, үстел теннисімен шебер ойнаушылар да табылды. Балалардың қабілетін байқаған спорт мектебінің жаттықтырушылары оларға спорт мектебінің есігі әрдайым ашық екенін, спортқа уақыт бөліп, мүмкіндігі шектеулі балалар арасындағы жарыстарға белсене қатысуға шақырды. «Спорт мектебіне ашық есік» шарасының соңында ауданымыздың 45 жылдық мерекесімен құттықтай отырып, белсенді қатысқан балалар Алғыс хатпен марапатталды. Осы балаларды оқытып, тұлға ретінде қалыптасуына аянбай еңбек етіп, мәдени шаралардан қалдырмай қоғамға белсене араласуына себепкер болып жүрген үйден қызмет көрсету орталығы мен Бейнеу психологиялық педагогикалық түзету кабинетінің қызметкерлерінің еңбектеріне табыс, қажырлық пен қайрат тілей отырып, алғысымызды білдіреміз.
Әсел ЖҰБАНОВА, Бейнеу жастар ресурстық орталығының бөлім меңгерушісі