Болашақ – білімді жастардікі. Білім жолында оза шапсаң да, сүрініп, талай жерде құласаң да жарасады. Ілім іздеп тауың шағылып, артыңа қайтсаң да, берілмей, өзіңді мың мәрте сынасаң да кешірімді. Оқып-тоқу үшін қысылып- қымтырылмай, бағын сынап, небір әлемге аты озған шетелдегі жоғары оқу орындарында талай маңғыстаулық жас білім алып жүр.
«Үштілділік саясат қызығушылығымды оятты»
Маңғыстаулық Азиза Әлбетова – Қытайдың әкімшілік қаласы, әлемнің бизнес орталығына айналған Гонконг шаһарындағы политехникалық университеттің студенті. Шетелге оқуға қалай түскенін, қандай қиындықтарға тап болып, оларды қалай еңсергенін Азиза Әлбетова былай баяндады:
«Мен Ақтау қаласында туып-өстім және мектебімнің соңғы екі жылын осы қаладағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде оқып шықтым. Қазір Гонконг политехникалық университетінің гуманитария факультетінде «Тілдер. Мәдениет. Коммуникация» мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Жалпы шетелге оқуға түсу деген ой болмады. Өйткені мен Астана қаласындағы Назарбаев университетіне оқуға түсемін деп дайындалып жүрдім. Болмаса Алматыдағы бір университетке түсемін деп ойлаған едім. Дегенмен 12-сыныптың ортасына қарай мектептегі мамандыққа бағыттаушы жетекшім Сәуле Бекқалиқызының кеңесімен, «өзіңді сынап көр» деген ұсынысымен осы Гонконгтағы университетке тапсырып көрдім. Бағымды сынадым. Әрине, ата-анам да мен үшін қуанышты болды, қолдады. Өйткені бұл университет Азиядағы үздік университеттердің бірі деп естідік. Атаанамның қолдауымен, сәттілік серік болып осы университетке түсіп кеттім. Сол кезде қуанышымда шек болмады.
Назарбаев зияткерлік мектебіндегі үш тілдік саясат менің болашақта да тілге деген қызығушылығымды оятты. Сондықтан дәл қазір ағылшын тілін жетік меңгеріп, Еуропа, Азия мәдениетімен танысып, коммуникация саласын дамытқым келеді. Білім беру жүйесі өте жоғары деңгейде. Университеттегі барлық профессорлар, лекторлар өте мейірімді. Кез келген сәтте қол ұшын соза алады. Мысалы, сен бір сабақтан қиналып, оқытушының өзіне барсаң, әңгімелессең, кеңестерін айтады, барымен бөліседі. Сенің жағдайыңды жасауға тырысады. Осынысы ұнайды.
Гонконг политехникалық университетіндегі өмірім өте қызықты өтіп жатыр. Күнде түрлі мереке болады. Қоғамдық шараларға белсенді қатысамын. Соның арқасында әлемнің әр бұрышынан келген достар таптым. Өзім жаһандық студенттер ассоциациясына, қазақ студенттері ассоциациясына және шетелдік студенттік ассоциацияға мүшемін. Гонконгтағы дәл осы университетке оқуға түскеніме өкінбеймін».
«Оқуымды бітірсем елге келемін»
Ал боранқұлдық Төремұрат Аралбаевтың шетелге оқуға түсу оқиғасы тіпті қызық. Ақтау қаласынан 600 шақырым қашықтықта орналасқан ауылда өсіп-өнген бала шаһар емес шекара асып, білім алады деп өзге түгілі Төремұраттың өзі де ойламапты.
«Мен мектепке 5 жасымда бардым. Менің мектебім сол кезде ауылда жаңа салынған мектеп еді. Жаңа құрылыс бірінші сынып оқушыларына жақсы серпіліс туғызды. Бірақ біздің жаңа мектептің өзге мектептерден еш өзгешелігі жоқ екен. Барлығы да кеңес үкіметінің білім жүйесі бойынша сабақ береді. Бірақ менің білім алуыма атам, әкем мен анам көмектесті. Мен өз-өзімді дамытуды тоқтатқан жоқпын. Мектепте жүрсем де ауылдан шығып, басқа мектептер де оқығым келді. Ақтөбе қаласындағы физика-математиканы тереңдетіп оқытатын мектепке тапсырып көрдім. Бірақ мен Ақтөбенің тұрғыны болмағандықтан ол мектеп қабылдамады. Менің мұғалім жеңгем бар еді. Сол Ақтау қаласында Назарбаев зияткерлік мектебі ашылып жатқанын айтты. Сол жаққа барып, оқуға тапсырдым. Негізі жай ғана бағымды сынап көргім келді. Ауылдың баласы болғандықтан оқуға түсіп кетемін деген ой да болмады. Бірақ оқуға түстім. Ол кезде шетелге оқуға кету туралы мүлде ойлаған емеспін. Назарбаев зияткерлік мектебін бітіргенше Астанадағы Назарбаев университетіне түсемін деп жүрдім, сол университетке ғана дайындалдым.
Назарбаев университетіне түсу үшін ұпайым жетпей қалғаннан кейін Назарбаев зияткерлік мектебіндегі университет таңдауға көмектесетін жетекшім Сәуле Бекқалиқызынан Кореяға оқуға түсуге болатынын естідім. Сөйтсем Кореядағы Пусан мемлекеттік университеті мен Назарбаев зияткерлік мектебінің арасында келісімшарт бар екен. Жаз бойы құжат жинаумен әлек болдық. Назарбаев зияткерлік мектебіндегі жетекшім Сәуле Бекқалиқызы өзінің баласын оқуға түсіргендей, күні-түні менің оқуыма жүгірді. Негізі нақты Корея былай тұрсын, жалпы шетелге шығамын деген ойым болған жоқ.
Грант иелену үшін жоғары талаптар қойды. Олардың талаптары бойынша IELTS 5,5 балдан жоғары, ҰБТ нәтижесі жоғары болуы керек. Сонымен қоса ағылшын тілінде сұхбаттан өттім. Одан кейін «Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы сауда байланысы» тақырыбында ағылшын тілінде эссе жаздым. Сынақтан сүрінбей өтуіме Назарбаев зияткерлік мектебінің білім беру жүйесі көп көмектесті. Осыдан кейін грантқа ие болдым. Қазір Кореядағы Пусан мемлекеттік университетінде машина құрастыру мамандығы бойынша білім алып жатырмын.
Қазақстан мен Кореяның білім беру жүйесінде кішкене айырмашылық бар. Ол жақта мұғалім кітаптағы затты оқып береді. Қалған көп қосымша дүниені өзің ізденуің керек, сонымен қоса студенттерді бағалауда кішкене айырмашылық бар. Жалпы ондағы мұғалімдер студенттің қарым-қабілетіне, талпынысына қарап баға қояды.
Шетелде білім алудың кемшілігіне қарағанда артықшылығы көп болатыны түсінікті. Мысалы шетелде білім алып келсең Қазақстанда жұмысқа орналасу оңай. Жұмысқа орналасып жатсаңыз, ол жұмыс орны кейін шетелдік компаниялармен бірлесіп жұмыс істейтін болса сіз өзге елдің мәдениетін, салт-дәстүрін біліп, тұрмысын көріп келгендіктен олармен араласып кету, тез келісімге келу оңай болады. Сонымен қоса қазақ, орыс, ағылшын тілінен бөлек тағы бір өзге тілді меңгересіз.
Менің оқуым 4 жыл. Бірақ кредиттерді ерте жапсаң, ерте бітіруге болады. Алайда менің асыққым келмейді. Оқуымды бітірген соң елге келемін. Кореяны білесіздер ғой. Ол жақта технология деген өте дамып кеткен. Жаңа технологияның түр-түрі бар. Соларды барынша меңгеріп, елімізде оны қолдану мәдениетін жеткізуге үлес қосқым келеді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа технологияларды игеру керек екенін ұдайы айтумен келеді. Расымен де жастар осы салаға көбірек көңіл бөлсе жақсы болар еді».
Елбасы жастардың біліміне үнемі баса назар аударады. Биылғы «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» атты үндеуінде студенттерге жыл сайын бөлінетін 54 мың мемлекеттік грантты тағы да 20 мыңға арттыруға тапсырма берді. Студенттерге арнап жатақханалар салу басталып та кетті. Ал мемлекеттен қол созып ештеңе сұрамай, өзінің білімі мен табандылығының арқасында шетелдің білім грантын иеленіп, бойына бар ілім мен ғылымды жиып келген талапты жастарды Елбасы да, ел де жоғары бағалайды емес пе?
Тойгүл НҰРЖАНҚЫЗЫ
Көрнекі сурет әлеуметтік желіден алынған