Денсаулық сақтау – Елбасы Жолдауында ерекше тоқталып өткен мәселелердің бірі. Озық елдердің қатарына енуді мақсат еткен еліміздің бүгінгі күні алдына қойған негізгі мақсаты - үздік денсаулық сақтау ісі және дені сау ұлт. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің денсаулық сақтау жүйесі алдына нақты міндеттер қойды. Қазіргі заманғы денсаулық сақтау саласы қымбат стационарлық емге емес, аурулардың алдын алуға бағытталуы тиіс екенін айтты. Қоғамдық денсаулық саласын басқаруды күшейтуді, салауатты өмір салтын насихаттауды, жастардың репродуктивті денсаулығын сақтауды және нығайтуды тапсырды.
Қазақстан Республикасының денсаулық саласын дамытуда 2013 жылы Елбасының тікелей тапсырмасымен ең алғаш «Денсаулық» медициналық пойызы жасақталды. Биыл ҚР Төтенше жағдайлар комитетінің қолдауымен «Денсаулық» медициналық пойызының жұмысын Маңғыстау өңірінде ұйымдастырған Атырау теміржол ауруханасының бас дәрігері Ізжанов Серік Абуұлы. Пойыз жұмысының мақсаты - шағын елді мекендердегі орналасқан халыққа жоғары сапалы медициналық қызмет көрсету. Шетпе стансасына келіп тоқтаған төрт вагон заманауи технологиялық дәрігерлік құрал-жабдықтармен жабдықталған. Мұнда кеңес алуға, диагоностикалық тексеруден өтуге мүмкіндік бар. Цифрлы рентген, УДЗ аппараты, эндоскопия, электрокардиография, стоматологиялық құрал-жабдықтар, тонометр, офтальмоскоп, ЛОР, лабораториялық анализатор аппараттары жұмыс жасап тұр.
5-25 қыркүйек аралығында облыс тұрғындарына медициналық қызмет көрсетуге жолға шыққан «Денсаулық» консультативті-диагностикалық медициналық пойызының дәрігерлері Тұрыш, Сам, Үстірт, Өтес, 10 разъезд, Шетпе бекеттерінің тұрғындары тексерістен өткізді. Негізгі медициналық бригадасы Атырау Теміржол ауруханасының мамандары, және Алматы, Ақтөбе, Семей қалаларының мамандары шақырылды. Пойыз құрамындағы жиырма төрт маманның 12-сі дәрігер, 3 инжинер-оператор, қалғандары мейірбикелер. Дәрігерлердің әрқайсысының өз кабинет-купелері бар.
Дәрігерлер құрамы халықтың қажеттілігіне сай жинақталған. Терапевт, кардиолог, хирург, невропотолог, әйел дәрігері, тіс, көз, құлақ, мұрын тексеретін арнайы мамандар пойызда қызмет атқарады. Мамандар күніне 250 науқасты қабылдауға қауқарлы.
Міне, бүгіннен бастап, аудан тұрғындары «Денсаулық» пойызының дәрігерлерінен тегін диагностикалық кеңес алуға және үздік мамандарға қаралуға мүмкіндік алып отыр. Медициналық пойыз жолға шыққалы бері қаралған адамдар саны 1853 болса, оның ішінде балалар-488.
Тұрғындар бүкіл отбасымен, балаларымен келуде. Халық үшін бұл өте ыңғайлы. «Білікті мамандардың барлығы бір пойыздың ішінде халыққа қызмет көрсетіп, тұрғындардың денсаулығын барынша тексерістен өткізіп жатыр. Аудандық ауруханада жоқ кейбір мамандардан кеңес алып қуанып жатырмыз. Денсаулық адамның бірінші байлығы. Сондықтан Елбасымыздың жүзеге асырып отырған игі бастамасы өте дұрыс деп ойлаймыз. Тегін медициналық көмек көрсетіп жатқан ақ халатты абзал жандарға алғысымыз шексіз», - дейді Шетпе селосының тұрғыны О.Далабаева.
«Ауданға келіп тұрақтағалы бері медициналық пойыздың дәрігерлері қауырт жұмыс үстінде. Нәтижесінде бірқатар қаралушылардан қан аздық, бүйрек ауруы, асқазан жарасы және тағы да басқа ауру түрлері анықталды. Оларға тиісінше дәрігерлік кеңес беріп отырмыз», - дейді хирург Ғибрат Ордабайұлы.
Денсаулығына бей-жай қарамай, жасалған мүмкіндікті пайдаланып аурудың алдын алуға кіріскен халықтың «Денсаулық» медициналық пойыз қызметкерлеріне деген алғысы шексіз.
Пойыздың бағыттарын мына сілтемеден көре аласыз.А. НОҒАЙХАН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="60891,60894,60895"]