Кәсіпорын – көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындарын, өндірістік және өндірістік емес, коммерциялық құрылымдарды жылу энергиясымен, ыстық сумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, орталық жылу жүйесіне қосылмаған Рахат, Теңге ауылдары мен «Арай» шағынауданындағы мектептер мен балабақшалардың қазандықтарына қызмет көрсетеді. Кәсіпорын қарамағындағы жылу желілерінің ұзындығы 192,32 шақырымды құрайды.
Кәсіпорынның негізгі қызмет түрлерін айтар болсақ, біріншіден ол жылу энергиясын өндіреді. Екіншіден, жылу энергиясын береді, тасымалдайды және бөледі. Үшіншіден, ыстық суды жеткізеді және бөліп береді.
Мекеменің орталық жылу қазандығынан басқа аудандық, «Өзен» темір жол стансасында, аудан аралық медицина орталығында және Қызылсай ауылында жылу қазандықтары бар.
ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментімен негізгі қызмет түрлеріне арналған 2015-2019 жылдарға инвестициялық бағдарлама негізінде, шекті деңгейлі тарифтері бекітілген.
Тарифтердің шекті деңгейін бекіту – материалдық-техникалық базаның нығаюына, екі және одан да көп жылдар аралығында тарифтің бір деңгейінің өзгеріссіз қалуына және көрсетілетін қызметтер сапасының артуына мүмкіндік береді.
Міне, осындай мәселелер төңірегінде «Өзен Жылу» МКК директорының орынбасары Әлібек Тұрманов ақпарат беріп, слайд арқылы түсіндірді. Сондай-ақ, аталмыш ақпараттық турда ҚР Ұлттық монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Бақыт Бекмұратов тарифтердің бүгінгі жағдайы туралып айтып берді.
«Сырт көз – сыншы». Сол айтылғандай біз бұл бойынша «Өзен Жылу» мекемесіндегі бүгінгі таңдағы атқарылып жатқан жұмыстарды қалай бағалайтынын Бақыт Зияділдәұлынан сұрадық. Сонымен қатар, көрсетілетін коммуналдық қызмет ақыларының құбылмалылығы, тарифті тартқылаушылардың көбейіп бара жатқандығының себебін білгіміз келді. Яғни, сәті түскен сұхбатта Жаңаөзен қаласы мен ауыл тұрғындарының көкейінде жүрген көптеген сұрақтардың кейбіріне жауап алуға тырыстық. Ол әуелі «Өзен Жылу» туралы пікірін айта келіп:
- «Өзен Жылу» МКК-да өтіп жатқан баспасөз туры жоспарлы түрдегі шара. Мұның мақсаты – монополист мекеменің тұрғындарға алып жатқан тарифтердің негізі бар ма, әлде жоқ па деген инвестициялық жобаның орындалысы жөнінде, тарифтік сметаның шығындары бойынша тұрғындар алдында есеп беру. Тариф – мекеменің шығындары. Яғни, қызмет көрсетудегі материалы бар, техникасы бар, айлық жалақысы бар соларды қосып есептегенде шығады. Бұларға 2015-2019 жылдар аралығына 194 млн теңге инвестиция салынған болатын. Сол жұмыстар, сол көлемге сәйкес атқарылған істерге қаржы жұмсалды ма, жұмсалмады ма – деп тұрғындардың назарына ұсынып, жасалып жатқан жұмыстар бойынша есебін тыңдау – баспасөз турының мақсаты. Бұған жалпы қала тұрғындары қатысқан жоқ. Тек «Өзен Жылу» мекемесінің басшылары, аппаратта істеушілер қатысып жатыр. Осы баспасөз турында айтылған мәселерді насихаттап, халыққа жеткізу үшін жасалып отыр. Бұл тек бүгінгі бір күндік емес, үнемі тұтынушыларға жеткізіп отыратын ақпарат болуы керек. Себебі, 2018 жылға да белгіленген жұмыстар бар, бөлінген қаражат бар. Соның бәрін тұтынушалар біліп отыруы керек.
Бұлар жыл сайын 1 мамырға дейін біздерге есеп беріп отырады. Онда инвестициялық жобалар мен тарифті орындау жөнінде кәдімгі есептері тыңдалып, оған біздер талдау жасап, қортындысын шығарып отырамыз. Негізінде бұларда жұмыс бөлінген қаржыдан үстемдеу, яғни артықтау болып отыр. Себебі, қазіргі таңда кейбір материалдардың, кейбір қызметкерлердің бағасы тұрақты емес. Соған жұмсалған шығындар теңгелей есептегенде қымбаттау болып жатыр. Ол – заңды құбылыс. Бәрібір оның негізі бар, есеп-қисап құжаттары түгел. Бұл 2015 пен 2016 жылдары да солай болған. Бөлінген қаражаттан, ақша көбірек жұмсалған. Себебі, бәрі жаңағыдай материалдық базаға байланысты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда фольклорлық ансамбльдер байқауы өтті2017 жылы бұларға бөлінген қаржы 39 млн теңге болатын болса, бұлар қазір соның 27 млн теңге ақшасын жұмсаған. Бұл бойыншағы жұмыс 70%-ға орындалған. Өйткені, бұлар тиісті құрал-жабдықтарды қымбатына аламыз деп жоспарлаған, әйтсе де, мемлекеттік сатып алудың есебінен бұлар арзанға алып отыр. Мұны инвестициялық жобаның дұрыс жасалғаны деп есептеуге болады. Белгіленген қаржыны үнемдеген. Оның орнына үнемделген ақша есебінен басқа да жұмыстары жасауға мүмкіндік жасалды деген сөз. Жоспарланған жұмыстар жасалған, жасалып та жатыр. Солардың ішінде «Өзен Жылу» МКК-да істеліп жатқан жұмыстарды, соның ішінде инвестициялық жобалардың орындалуын қанағаттанарлы деп есептеймін.
- Бақыт Зияділдәұлы, біз үнемі кездесе бермейміз. Сондықтан көкейде жүрген бірқатар сұрақтарыма сізден жауап күтіп отырмын. Мысалы, Жаңаөзенде «Өзенэнергосервис» мемлекеттік кәсіпорыны бар. Сол мекеме бағаны жылына 4-5 рет өзгертеді. Өзгертетінін күнібұрын халыққа, яғни тұтынушыларға да хабарламайды. Соны сіздер білесіздер ме? Оның себебі не? Сосын газ бойынша «РКЦУ-Ақтау» деген мекеме бар. Бұлар екеуі жылдың аяғына қарай тұтынушыларға артық жазады. Бұл – жылдағы қайталанатын әдетке айналды. Осы өрескелдіктер қаншалықты заңды?
- Биылғы ақпан айынан бастап бұл мәселе республика бойынша көтерілді. Себебі, арада электр энергиясын тасымалдаушы мекемелер көбейіп кеткен. Бұлардың бәрі монополистер, бөлек-бөлек өзалдына белгіленген тарифтері бар. Мысалы, Ақтаудан Жаңаөзенге тоқты жеткізуші - МРЭК мекемесі. Ал бұл жерде тасымалдаушы арасында «Өзенэнергосервис» МКК мен «Электр жүйелері» деген ЖШС бар. Бұлардың бәрінде азды-көпті адамдар жұмыс істейді, сол үшін белгіленген әртүрлі тарифтері болады. «Қазатомөнеркәсіп» мекемесінің, яғни МАЭК-тің тарифтерін реттеу біздің құзіретімізде емес. Электр энергиясын өндіру саласы реттелетін қызметтерге жатпайды. Бұлар бәсекелестік салаға жататын қызмет түрлері. Сондықтан бұлардың тарифтерін, шектік деңгейлерін ҚР Энергетика министрлігі белгілейді. Олар тарифті қойды. Мысалы, біздерде 2015 жылы электр қуатының құны 6 теңге болатын болса, 2016 жылы бұл тариф екі рет өзгерді. 9 теңге 60 тиін болып бір рет, 11 теңге 60 тиін болып екінші рет өзгерді. 2017 жылы 14 теңге 80 тиінге тағы өсті. Бұл бізден емес, ҚР Энергетика министрлігінің тарапынан болып отырған жағдайлар. Ол кәдімгі министрдің бұйрығымен белгіленген тариф. Сол көлемді болғандықтан ең соңғы тұтынушыға жеткенше әрине әсер етеді. Яғни, тұтынушыларға жетемін дегенше 20 теңгенің үстіне шығып кетті.
- Мұны азда болса арзандатудың жолдары жоқ па?
- Осы бойынша қазіргі күндері жұмыстар жасалып жатыр. 2019 жылдан бастап тасымалдаушы тек ғана бір мекеме болады. Ол – «АО МРЭК» дейтін мекеме. Тұрғындарға да, мекемелерге де, бюджетке де түп-түгел барлығына да сол мекеме тасымалдап беретін болады. Бірыңғай оператор ретінде сол мекеме халыққа тоқты жеткізіп береді. Ол кезде тұрғындар үшін бір тариф, бюджеттік мекемелер үшін бір тариф және коммерциялық ұйымдар үшін белгіленген тарифтері болады. Сөйтіп 2019 жылдан бастап осы мекеме өз қызметін көрсететін болады.
- Онда тарифті жан-жағынан тартқылайтындарға тыйырым болады деп сенуге болады екен ғой. Сондай-ақ, әлгі жыл ақырында артық электр қуаты мен газды қосып жазатындарға айтарыңыз бар ма?
- Ал «ҚазТрансГазАймақ» мекемесін де реттеуге жатпайтындықтан, оның да бағасын ҚР Энергетика министрлігі белгілеп отыр. Тасымалдаушы мекемелер үйлестірушілер арқылы, магристральды құбырлар арқылы тасымалдау тарифтерін қосқан кезде 3 теңгені құрайды. Яғни, 19 теңгенің 3 теңгесі тасымалдауға, оны біз реттеп отырамыз. Бәсекелестікке жататындықтан 16 теңгені министрліктің өзі қояды. Қазір газдың бағасы қымбат, бұл өндірістік мекемелер үшін. Ал тұрғындарға белгіленген 9 теңгелік компенсация бар. Ол қазіргі кездері беріліп отыр.
Ал жыл ақырында газ бен электр қуатын артық қосып жазушыларға да шара қолданылады. Ақтау қаласы бойынша айтып отырмын. Қазірше Жаңаөзен қаласы бойынша айналысып отырған жоқпыз. Ақтау қаласындағы осындай оқиғалар бойынша тергеу амалдары ашылды. Біздер соның қазір дұрыстығы мен бұрыстығына қарап отырмыз. Егер дұрыс емес болса, тұтынушыларға барлық артық қосып жазған ақшалары қайтарылатын болатын. Бұл негізінде заң бұзушылыққа жатады.
- Рахмет әңгімеңізге.
Сұхбатты жүргізген Мұратбай ҰЛЫҚПАН