Көне тарихы
Маңғыстаудың қараойынан енжайлау арқаға бастайтын қыры – Бейнеу ауданының аумағы шығысында Асмантай, Матай, Көксеңгірден басталып, батысында Қарашүңгіл, Қарақұмнан әрі кәрі Каспиге сұғынады, солтүстігінде Төңірекшың, Тортай, Тоқсанбаймен шектеседі, оңтүстігінде Тәңке Төлепке тіреледі. Осынау өңірді алып жатқан қыдыр қонып, құт дарыған атажұрт – Бейнеудің жайын сыр ғып шертсек, оның тарихы біз білмейтін сонау көне дәуірлерден бастау алады. Төрткүл дүниені жалғастырған Шығыс пен Батыстың алтын көпіріндей болған «Ұлы Жібек жолының» ескі сүрлеуінің бір тіні осы өлкені басып өткен. Біздің ата-бабаларымыз батысында Римнің, шығысында Қытайдың хабарын біліп, өркениеттің дәл ортасында өмір сүрген. Бұған деректер мен дәйектер жетіп артылады.
Бейнеуде ұлысқа ұран, ұрпаққа ұстаз болған Пір Бекет ата мешіт салған. Бұл мешіт әлі күнге ұлт рухы мен ұрпақ игілігіне қызмет етуде.
Бейнеу ауданының аумағында скиф дәуірінен қалған ескерткіштер аз емес. Соның бірі – үйіктер. Жергілікті халыққа «Ақпан үйігі» деген атаумен танылған ежелгі орынға 2011 жылы Қазақстанның археологтары қазба жұмыстарын жүргізіп, зерттеген болатын. Нәтижесінде ғалымдар мұнда екі жарым мың жыл бұрын алтын әшекей тағынған сақ тайпасының көсемі жерленгеніне дәлелдер тапты.
Бейнеудің шығысында 120 шақырымдай жердегі «Жезді» қаласы мен ондағы хан ордасы туралы деректер Х ғасырдың жиырмасыншы жылдары осы өңірге табан тіреген араб саяхатшысы Ахмед Ибн Фадланның жазбасында қалған. Ал «Жібек жолының» батысқа бет түзеген бір тармағы «Жездіден» соң «Сам» қаласына келеді. Бұл – Бейнеуден шығысқа қарай 65 шақырым Сам құмының етегіндегі «Белдеулі» керуен сарайы тоғысындағы ірі сауда орталығы саналған орта ғасырлық қала. Бұл қаланың орнына да 2011 жылы ар хеологиялық зерттеулер жүргізілгенде ХІІІ-ХІV ғасырларда соғылған күміс теңгелер табылды.
Кеңес үкіметі келгенге дейін бұл өңірде қырықтан астам мешіт болған, соның бірі – Манашының бойындағы 30 күмбезді 26 бөлмесі бар ақбота Көркембай ахунның мешіті. Мұнда 1928 жылға дейін бала оқыған. Үстірт қазақтарының саяси орталығы саналған «Қайнарда» дін мен ғылымның әр саласы бойынша дәріс беретін, құрамында бір медресесі мен сегіз мешіті бар, өлкеге танымал үлкен оқу орны ашылған.
Кеңес үкіметі орнаған жылдарда осы аймақты мекен еткен қалың жұрт зобалаңға ұшырап, «Адай көтерілісінің», отызыншы жылдардың ойранының салдарынан елдің алды Ауған мен Иран асса, арты Бесқаланың ойына құлап, Түрікменстанға қоныс аударады, сөйтіп, ғасырлар бойғы ел мекені иесіз иен далаға айналған.
Бірақ рух өлген жоқ, бұл өңірді мекендеген бұрынғы баһадүр батырлардың ерлігін 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысын да Бейнеуде кіндік қаны тамған батырлар жалғастырды. Олар – Кеңес Одағының батырлары Мәди Бегенов, Жұмағали Қалдығараев, Біләл Қалиев.
Өткен ғасырдың екінші жартысында Маңғыстаудағы мол мұнай мен газ қорын, кен байлықтарды игеру үшін аймақта теміржол тарту мәселесі күн тәртібіне қойылды.
Осы мақсатта «Мақат-Ақтау» теміржол құрылысы басталып, 1963 жылдың 18 наурызында Бейнеу поселкесінің алғашқы қазығы қағылды. Ал сол жылдың соңы желтоқсан айында теміржол станциясы ашылды. Арада жыл өтпей көп қабатты тұрғын үйлер бой көтеріп, «Мақат-Ақтау» теміржол құрылысы аяқталды. Ал одан соң аудан құрылардан бір жыл бұрын «Бейнеу-Қоңырат» теміржолы пайдалануға берілді.
1966 жылы «Орта Азия – Орталық» магистральды газ құбырының бірінші желісі төселсе, келесі жылы іле шала түрікмен газын орталыққа жеткізетін «Окарем-Бейнеу» газ құбыры пайдалануға берілді де, Бейнеу мен Боранқұлда газ айдау станциялары салынды.
1969 жылы «Өзен-Самара» мұнай құбыры іске қосылды. Бейнеу мен Боранқұлда мұнай қыздыру пештері тұрғызылды. Газ бен мұнай тасымалдау станцияларының орналасуы Бейнеу поселкесінің өркендеуіне зор әсерін тигізді. Он жылға жуық уақытта Бейнеу поселкесі теміржолшылардың, газ бен мұнай тасымалдаушылардың әсем шаһарына айналды.
Сам өңірін өркендеткен мал фермаларының негізінде «Маңғыстау» кеңшары құрылғанына да жарты ғасырдай уақыт болып қалыпты.
Ауданның құрылуы
1973 жылдың 20 наурызында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Маңғыстау облысымен бірге құрамында Бейнеу поселкесі, Ақжігіт және Каменный ауылдық кеңестері, Опорный, Сарықамыс поселкелері енгізілген 17 мың халқы бар Бейнеу ауданы да құрылды. Осылайша «жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» қазыналы құт мекен өз бауырынан өрген ұрпағының еншісіне тиіп, ежелгі керуен жолы құрыш жамылған құтты жолға айналды.
Ауданның алғашқы басшысы, яғни аудандық партия ко митетінің бірінші хатшысы Арон Өтеуов, аудандық атқару комитетінің төрағасы Дүйсембі Әріпов болды.
Аудан құрылғаннан кейін ілешала «Сам» кеңшары құрылса, он жылдан кейін «Сыңғырлау» кеңшары ұйымдастырылды. Социалистік Еңбек Ерлері Мергенбаева, Махутов, Құлбатыров, «Даңқ» орденінің толық иегері Бисенбай Ауданбаев сияқты айтулы азаматтары тер төккен, ауданның мал шаруашылығы өркендей түсті.
Бейнеу ауданын Дүйсембі Әріпов басқарған жылдарда аудан ауыл шаруашылық саласында Бүкілодақтық социалистік жарыстың ауыспалы Қызыл туын бес жыл қатарынан жеңіп алған Республикадағы жалғыз аудан болды.
Аудан тарихын кеңестік кезеңнің және тәуелсіздік жылдарының асулары деп қарастырсақ тоқсаныншы жылдан Басшы Әзірханов аудан билігінің тізгінін қолына алды. Басшы Айжанақұлы ауданды басқарған 27 жылда көптеген игіліктер жүзеге асты.
Емдеу орындарының кешегісі мен бүгіні
Аудан құрылғанға дейін Қызыләскер, Ноғайты, Сарша, Бұғабай фельдшерлік-акушерлік пункттерімен қоса Бейнеу өңірінде ең алғашқы медициналық мекеме болып Тұрышта учаскелік ауруханасы ашылды. 1965 жылы Бейнеу теміржол ауруханасы тұрғындарға дәрігерлік көмегін көрсете бастады. Аудан құрылар қарсаңда Қарақұмда, Төлепте ауруханалар іске қосылған. Ал аудан құрылғаннан кейін, қыркүйек айында аудандық аурухана ұйымдасты. Аурухана алғашында барак үйлерде орналасып, сексенінші жылдардың басында типтік жобада салынған екі қабаттық емхана мен үш қабатты аурухана ғимараттарына көшті. Тәуелсіздік жылдарында денсаулық саласында тұңғыш ауылдық жердегі «Диагностикалық орталық» ашылып, ол заманауи аппаратуралармен қамтамасыз етілді. Жаңадан перзентхана, Боранқұлда жаңа аурухана ғимараты, алты дәрігерлік амбулатория мен фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. «Атамекен» шағынауданында дәрігерлік амбулатория іске қосылды.
Білім беру орындарының кешегісі мен бүгіні
Аудан территориясында алғашқы болып ашылған 1949 жылғы Сам бастауыш мектебі малшылардың балаларын қабылдап, үш жылдан соң жеті жылдық мектепке айналды.
Бұдан кейін 196170 жылдарда Тұрыш, Боранқұл, Қарақұм, Каменный мектептері, Бейнеу селосында қазіргі Абай орта мектебі, Есетте Гагарин атындағы орта мектеп, Ақжігіт мектептері ашылды. Аудан құрылғанда аудандық білім беру бөлімі барлығы 8 мектеп, 5 балабақшамен жұмысын бастады. Аудан құрылғаннан кейін әр жылдары Жанкелдин, Калинин, Алтынсарин, Сыңғырлау мектептері салынып, спорт мектебі, музыка мектептері іске қосылды. Бүгінде ауданда 26 мектеп, 22 балабақша бар. Айта кетсек тәуелсіздік жылдарында облыста ауылдық жердегі тұңғыш гимназия, тұңғыш лицей ашылды. Жаңа ғасырдың басталуымен әр жылдарда Бейнеу лицейі, Үстірт, Манашы, Боранқұл, Атамекен, Күйкен, Сам орта мектептерінің ғимараттары бой көтеріп, оқушылар қабылдады. Аудандағы техникалық және гуманитарлық бағыттағы дәріс беретін екі колледж ашылды. 2004 жылы жаңа ғимарат салынып берілген Құлшар атындағы Өнер мектебінің ұжымы мен өнерпаздары облыс, республикадан басқа халықаралық сайыстарда биік деңгейлерден көрініп жүр.
Жылдар, асу, белестер
1991 жылы ата-бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың арайлы таңы атып, тәуелсіз елдің жаңа тарихы басталғаны баршаға аян. Тәуелсіздік алған алғашқы кезең кезек күттірмей атқарылуы тиіс істері ұсынды.
Аудан экономикасының басты саласы ауыл шаруашылығы Елбасының 1994 жылғы ақпан айында Ақмола қаласында өткен кеңесте қойған талабына сай 1994-1995 жылдары толықтай жекешелендірілді. Кеңшарлар таратылып, олардың орнына шаруа қожалықтары құрылды. Қазір аудандағы жеке кәсіпкерлер саны 2687-ге жетті, онда он мыңнан астам адам еңбек етеді. Бұл – еңбекке жарамды халықтың үштен бірі. Кәсіпкерлік нысандары төлеген салық аудан бюджетінің меншікті кірістерінің 35,3 пайызын құрайды.
Бүгінде аудан халқы 69,0 мыңға жетті.
Аудан жаңа ғасыр басында облыста алғашқы болып толықтай газдандырылды.
Аудан халқын электр энергиясымен қамту мәселесі шешілген.
1994 жылдың 31 тамызында «Бекболат» кенорны пайдалануға беріліп, ауданның алғашқы мұнайы өндірілсе, 2015 жылы Қазақстанның барлық магистральды газ құбырларын бірыңғай газ тасымалдау жүйесіне қосатын «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральды газ құбыры пайдалануға берілді. «Шағырлы Шөмішті» кенорнын игеру жұмыстары басталды.
1993 жылы Бейнеу селосында 400 орындық «Абыл» мәдениет үйі мен облыстық тұңғыш аудандық мұражай пайдалануға берілді, Боранқұл, Сарға, Сыңғырлау, Ақжігіт ауылдарында мұражайлар ашылса, Батыс өңіріндегі тұңғыш аудандық мешіт салынды. Қазіргі күнде ауданның барлық ауылдарында имандылық үйлері бар. Ауданда «халықтық» атағын алған 6 ұжым бар.
Аудан өнерпаздары республикалық және облыстық байқауларда бірнеше дүркін жеңімпаздар атанды. Спортшылар халықаралық және республикалық байқауларда бірнеше рет жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді.
Кеңестік кезеңде Румыния елінің, Мәскеу, Алматы қалаларының сахнасында өнер көрсетіп, қойылымы Қазақстан теледидарының алтын қорына жазылған «Алтыбақан» этнографиялық әнби, «Арай» вокалдық ансамбльдерінің құрылғанына да биыл – 45 жыл.
2010 жылы Бейнеу астық терминалы» іске қосылды. Соңғы жылдарда жылыжай кешені, Қарағайлы суын құтыға құятын, қатты қалдықтарды өңдейтін, нан өнімдерінің 62 түрін шығаратын наубайхана мен кондитерлік цех пайдалануға берілді. 2014 жылғы 22 тамыздан бастап Сам, Ноғайты, Тұрыш ауылдарымен өтетін «Бейнеу – Жезқазған» теміржол желісі арқылы пойызы жүре бастады.
2008 жылы «Бейнеу-Атырау» автожолы пайдалануға берілсе, өткен жылы «БейнеуАқтау» магистралының құрылысы аяқталды, қазіргі күнде «Бейнеу-Ақжігіт-Тәжен» автожолының құрылысы жүріп жатыр.
Қорыта айтқанда, ауданның 45 жылдығын қарсы алып отырған Бейнеу өңірінің ежелгі тарихы – сонау сақ заманынан бастау алған, орта ғасырларда сауда керуендерімен тіршілігі қайнаған, ХХ-ХХІ ғасырда теміржол, тасжол, мұнай-газ магистральдармен тағдыры жалғанған, мыңдаған жыл бойы тірлігі тоқтамаған киелі аймақ. Бұл өңірдің келешегі – кемел, ертеңі – жарқын!
Айнахан ЕСЕТ