Жаңаөзен қаласы әкімдігі жанындағы отбасы, әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі Кеңестің жылдық жоспарына сәйкес «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында «Мұнайшы» мәдениет үйінде «Ұлттық қолөнер - ұлт қазынасы» атты көрме ұйымдастырылды.
Шараның ашылу салтанатында сөз алған көрме ұйымдастырушысы, әрі Кеңес мүшесі, Маңғыстау политехникалық колледжінің директоры Тілектес Болатбаева:
- Біздің мақсатымыз өзіміздің дәстүрімізді, салтымызды сақтап, дәріптеу. Сондықтан да, бүгінгі шараны ұйымдастырдық. «Ұлтыңды сақтағың келсе, қызыңды тәрбиеле» демекші, ежелден әжелеріміз тоқыма тоқып, ұршық иіріп, алаша дайындап, оған әртүрлі ою-өрнектер түсірген. Қазір осы қыздарымыздың дайындап жатқан өнер түрлерін көрсетіп, назарларыңызға ұсынатын боламыз, - деп қатысушылар мен келген қонақтарды Жаңаөзен қаласының 50 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Жалпы, қазақ елі тәуелсіздігін алғалы, халқымыздың қолөнері дамып жатқаны белгілі. Қазір ұмыт бола бастаған қолөнер қайта жаңғыра бастады. Қолөнер халқымыздың қасиетті, ұрпақтан ұрпаққа ауысып, тамырын тереңге жайып келе жатқан мұрасы.
Сонымен қатар, шараның құрметті қонағы, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Сәнім Танаева: - Құрметті студенттер, жастар, болашақ сіздердің қолдарыңызда. Алдымызда үлкен мақсат бар - 30 елдің қатарына қосылу. Сондықтан да, қоғамда қай салада болсын, барлығына атсалысуларыңыз қажет. Ол ұлттық өнер, білім саласы болсын, спорт саласы болсын, барлық салада сіздердің алар орныңыз ерекше. Бүгінгідей шараның берер тәрбиесі, өнегесі мол. Ұлттық дәстүрімізді ұмыт қалдырмай, насихаттауға, дәріптеуге өзіндік үлесімізді қосуымыз қажет, - деп ұлттық дәстүрімізді дәріптейтін, тәлім-тәрбиесі мол шараларға әрдайым қолдау көрсететінін айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Оқытушы Балқұйған Жарылқағанованың жетекшілігімен Маңғыстау политехникалық колледжінің қыздары қонақтарға бірнеше ұлттық бұйымдардың жасалу барысын көрсетіп, сол жерде таныстырып өтті. Олардың ішінде, сырмақ, яғни түрлі түстерге боялған киізден жасалған сурет, сөмке, балаларға арналған шұлық, жібек матаға және ыдыстарға сурет салу әдісі, және тағы да басқа бұйым түрлері көрсетілді. Сонымен қатар, сандық үстіне жиналған қазақтың қошқар мүйізі өрнектелген, оюлы көрпешелер және «қос бұрым - қыздың көркі» дегендей, төрде шаш өрімін үлгі етіп отырған қыз балалар да көрме алаңының сәнін келтірді.
Ерте заманнан күні бүгінге дейін өзінің қадір-қасиетін жоймай, ұлттық өнердің озық үлгісі ретінде ғана емес, ерекше сәнімен, әсем әрі ыңғайлылығымен қолданыстан шықпай келе жатқан қазақтың киімдері де аз емес. Осыған орай, Зәуреш Еділқызының жетекшілігімен, бірнеше тігін тобының «Рухани жаңғыру» аясында дайындаған ұлттық сән киім үлгілерінің де көрсетілімі ұсынылды.
Айтолқын МЕҢДІБАЕВА