Маңғыстау теміржол вокзалында жолаушыларды бақылап өткізу құрылғысы іске қосылғанына жылдан асты. Сол уақыт аралығында вокзал ғимаратына келіп, кеткен қаншама халық пен олардың өзімен алып жүрген қол жүктері тексерілді. Нәтижесінде құжатсыз, заңсыз суық қаруларды жолға алып шығу деректерінің алды алынды.
Жауапты мамандардың айтуынша, құрылғыдан орта есеппен тәулігіне 4 мыңға жуық жолаушы өтеді екен. Күніне 6 пойыз жүргенде одан артуы, басқа уақыттары төмендеуі де мүмкін. Ол халықтың вокзалға кіріп-шығу белсендігіне де байланысты. Себебі жолаушылардың барлығы нысанға кіре бермейді. Перронға ғимараттың оң және сол қанаттарынан, басқа да жақын маңдағы жолдардан айналып баруға болады.
– Біз тек перронға вокзал арқылы өтіп, сол жолмен шыққандарды ғана бақылай аламыз. Дегенмен оған жатпайтын тізімдегілер де бар. Олардың қатары 21 пункттен тұрады және ол бірінші постта қабырғада ілулі. Яғни министрліктің, сол сияқты кейбір жоғары қызметтердің өкілдері. Бірақ әлі ол адамдардың бір де бірі мұнда кездеспеді. Кейде кейбір шенділер соны түсінбей, «Бізді неге тексересіз?» деп жатады. Ондайларға қабырғадағы ережені көрсетеміз.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Еліміздегі орташа жалақы 157,7 мың теңге — министрАппаратқа әр 12 сағаттан ауысымына 9 инспектор мен 1 аға маманның кезекшілігі бекітілген. Барлығы төрт ауысым тобында 40 адам және 1 басшы бар. Мамандар өткен жылы оқытылып, білімдерін жетілдірді. Қазір әркім өз жұмысын біледі, белгіленген уақытта тиісті орнынан табылады. Бәріміздің міндетіміз ортақ – қауіпсіздікті сақтау. Осы бағытта жыл басынан бері 5 дерек анықталды. Оның біреуі травматикалық қару, үшеуі патрон, тағы бірі кастет. Аталған бұйымдардың біреуінің де құжаты жоқ. Жолаушылардың жол сөмкесінен шықты. Өткен жылы 1 кастет, 2 пышақ, 4 патрон табылған еді. Бірақ былтыр бақылау құрылғысы шілде айында ғана жұмысын бастады, – дейді Маңғыстау теміржол вокзалын тексеріп, қарауды ұйымдастыру жөніндегі басшының міндетін атқарушы Олег Мухаметшин.
Орайы келгенде вокзал аумағында қауіпсіздіктің алдын алу мақсатында бүгінде қырық шақты бейнекамера қосулы. Ғимараттың іші, сырты мен оған келетін көлік жолы, автотұрақ, автобус аялдамасы, перрон, барлығы да—осы қырағы құрылғының «назарында».
Шахида ЖҰМАН