Құрлықта, теңіз бен көлдер арқылы да басқа мемлекеттің аумағымен шектесіп жатқан шекара шегінің тәртібі бұзылмас үшін тек шекарашылар жауапты ма? Жоқ, мемлекетіміздің меншікті жеріне заңсыз кірген шетел азаматтарын анықтаған жағдайда құзырлы органдарға хабарлау Қазақстан Республикасының барлық азаматына тән қасиет болуы керек. Себебі оның арғы жағында ел қауіпсіздігін сақтау сынды үлкен міндет бар.
Түпқараған ауданына қарасты шекара сызығы сөз болғанда құрлық арқылы жоқ болғанмен, Кәрі Каспий арқылы осы теңізбен астасып жатқан жақын елдерді атауға болады. Теңізде де шекара бар, біздің елге қарайтын бөлігі шекарашылардың әрдайым бақылауында. Олар көк теңізде жүрген әрбір адамның құжатын тексеріп, басқа елдің азаматтары болса жауапқа тартады. Бірақ 2201 «Б» әскери бөлімінің өкілдері біздің аумақта тексеріс жүргізгенде өзге елдің емес, өзіміздің азаматтардың құжатсыз жүретінін көп айтады. Сол себепті 10-14 қыркүйек аралығында ауданға қарасты барлық елді мекенде 2201 «Б» бөлім командирінің орынбасары, тәрбие және әлеуметтік құқықтық бөлімшесінің бастығы, ІІ дәрежелі капитан Әмірғалиев Ардақ Болатұлы және штаб бастығының орынбасары, ІІІ дәрежелі капитан Жұмашев Қайрат Тагирұлы, тәрбие және құқық бөлімінің офицері Жақыпов Алькен Болатұлы халықпен жиын өткізіп, теңізде жүру тәртібін түсіндіруді бастап кетті. 11 қыркүйек күні Баутин ауылының тұрғындарымен кездескенде ҚР шекара туралы заңын айтып түсіндіріп: - Барлық адамға заң ортақ. Бірі құжатсыз, бірі құжатпен жүрсін деген бөлініс жоқ. Теңіздегі барлық нәрсеге алыстан қадағалау жүргізетін аппараттар мен техникаларымыз қамтылған. Сонымен су бетіндегі немесе астындағы күдікті дегеннің барлығын назарда ұстаймыз, тексереміз. Басқа уақытта емес, теңіздегі бекіре тұқымдас балықтың уылдырық шашатын уақытында заңсыздықтар көбейіп кетеді. Неліктен екені өздеріңізге белгілі, қызыл кітапқа еніп, аулауға тыйым салынған балықтың уылдырығы мен еті өте бағалы, сол бағалы нәрсемізге қызығушылық артып тұр. Оның ішінде шетелдік аулаушылар шекара бұзып, біздің аумаққа кіріп кетіп, заң бұзса, біздің азаматтарымыздың да көптеп заң бұзуы жиілеп кетті. Қолында не құжаты жоқ, не балық аулауға рұқсаты жоқ азаматтарды ұстап, заңды түрде жазалайтын органға тапсырамыз. Көктем мен күзде бекіре тұқымдас балықтардың уылдырық шашатын кезінде тексеріс күшейтіледі. Себебі Каспийде бұл балықтардың 10-15 жылдан кейін жойылып кету қаупі тұр. Уылдырықтан өсіп жетіліп, өзі уылдырық шашатын кезге жеткенше балыққа 15-17 жыл уақыт кетеді екен. Ал осы уақытты күтпестен қаншама балық броконьерлердің құрығына кетіп жатыр. Сондықтан барлық азаматтардың біздің жұмысымызға түсіністікпен қарап, құжатының толық болуын талап етеміз. Лицензиясы бар балықшы 24-2-95 нөміріне хабарлап, теңізге шығатынын ескертсе, біздің жұмысымызға көмек болады. онымен қоса барлық балықшылар теңізден күдікті нәрсе немесе шетел азаматтарын байқаса, осы нөмірге хабарласуларын сұраймыз. Ол бізге көп көмектескені болады, - деді 2201 «Б» бөлім командирінің орынбасары, тәрбие және әлеуметтік құқықтық бөлімшесінің бастығы, ІІ дәрежелі капитан Әмірғалиев Ардақ Болатұлы.
Клара МЕҢДІБАЙҚЫЗЫ