"Мерейлі отбасы" сайысының облыстық іріктеу кезеңінде жеңімпаз атанған қарақиялық Көшеновтер әулеті енді республикалық сайысқа аттанғалы отыр.
Өткен сәрсенбі күні аудан әкімі Қыдырберді Беков және аудан активі үлгілі отбасын аудан әкімдігінде қабылдап, айтулы аламаннан абыроймен оралуын тіледі. Аудан әкімі Көшеновтерге сәттілік тілей отырып, "Елбасы және Маңғыстау" альбомын сыйға тартса, аудан ардагерлері А.Бишенов, А.Төлесбаевалар ақ тілегін арнап, бата берді. Айта кетейік, арғы аталары би, болыстың өзіндей болған, бір атасы Қашағандай жыраудың көзіндей болған ардагер мұнайшы, еңбек ардагері, үлгілі отбасының отағасы – Тұрсынғали Көшенов мырза мен Ханшайым анамыз ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты жандар, текті әулет.
Астана сынды бас қалада ардагерлеріміздің мерейі тасып, айтулы аламанға сәтті қатысып келгей!
Шынар КЕНДІН