©
Әңгіменің кім туралы болатынын тақырыбынан-ақ түсінген шығарсыздар, қадірменді оқырман! Тап бастыңыз. Кейіпкердің есім-сойы – Нұрнияз Мұқанұлы!
Маңғыстау жұртына театр таңсық емес-ті, аға буын өкілдерінің заманында әуесқой, халықтық негіздегі сахналық қойылымдар болды. Талай рет гастрольдік сапармен келген әртістер өнері де тамашаланды, бірақ кәсіби драмалық театр болған емес-ті. Осы олқылықтың орнын толтырып, орталық қаламыз Ақтауда бір өзі бүтін шаһар орнатқандай музыкалық драма театрын ашқан азамат Нұрекең! Ол 15 жыл шеңберінде көзіміз көріп, қолымыз ұстаған шындық.
Театр өнері бүгінгі оқырман үшін сонау ежелгі грек, рим заманынан таныс атау болғанмен қазақ даласына кенжелеу келіп қосылған өнер. Әсіресе, алдында айтып өткеніміздей біздің киелі түбегімізде орнығып, ойын көрсете бастаған соны өнер.
Басында әншілік өнерімен танылып, тәп-тәуір тенор даусымен өз ұстаздарынан көп үміт күттірген Алматы опера студиясының шәкірті Нұрнияздың солистік жолы қысқа болды. Тіл өтті ме, көз өтті ме, тамағына шыққан кесел, әншілік карьерасына көлденең қойылған кедергі болып кезікті. Өзге біреу болса өмірден баз кешіп кетер ме еді, бірақ ұстамы қатты Нұрекең өзі қалаған өнер жолынан таймады. Шымкент мәдениет институтын бітіріп, қызметтік карьерасының шылбырын біржола мәдениет саласының қазығына мықтап байлады.
Ақтөбе облысының Байғанин ауданында туып өскен Нұрнияздың атамекенге келуі – Маңғыстау облысының ашылуымен байланысты болды. Бұл ұзақ жылдар Гурьев облысының шалғай ауданы болып келген түбек өнерпаздарының әлі бір орталыққа шоғырланбаған, мәдениет қызметкерлері ауданның әр елдімекенінде шашырап жүрген тұсы еді.
Жаңа ашылған облыстың орталығындағы халық шығармашылық үйіне директор болып орналасқан жас маман облыстық мәдениет басқармасының бастығы Николай Осадчийдің ақыл-кеңесін ала жүріп, саланың қыр-сырына жетіліп, жоқтан бар жасауға ұмтылды. Ел арасынан талай талапты жастың басын қосып, Шетпеден «Кең жайлау» мәдени-үгіт бригадасын құрып, ол 1973 жылы республикалық байқаудан І орынды жеңіп алды. Облыстағы ең бірінші айтысты ұйымдастырып, 1982 жылы «Маңғыстау маржандары» ұлттық-фольклорлық ансамблі секілді өнер ұжымдарын құруға себеп болған да Нұрнияздың еді.
Іскер жас маманның қарым-қабілетін байқаған басшылық оны қуыршақ театрына, Ералиев аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушілігіне басшылық жұмысқа жіберіп шыңдап алып, одан соң облыстық филармонияға директор қылып қойды. Филармониямен қабат Өнер колледжіне басшылық еткен тұста кәсіби әнші, музыканттармен қоян-қолтық жұмыс істеген Нұрнияз Мұқанов кейін Абыл Тарақұлы атындағы оркестрдің негізін салған «Ақжарма» фольклорлық ансамблінің дүниеге келуіне мұрындық болды.
Талай маңғыстаулық өнерпаздардың халық арасында ауызша айтылып жүрген тыңдарманын тамсандырар әні мен күйі нотаға түсіріліп, өзге аймақтарға таралуына үлес қосты. Бұл игі істі атқару барысында өлке өнерпаздары Күріш Тасболатов, Ізбасар Шыртанов, Айтберген Жаңбыршы, Роза Айдарбаева т.б. біраз тер төкті. Ноталық хатқа түскен жергілікті Жеті қайқының, Абыл, Есір, Құлшар секілді өзіндік мақамы, өзгеше айшығы бар жергілікті әнші-күйшілердің мұралары өзге аймақтарға таратылып, көптің игілігіне аса бастады.
Құдайға шүкір, қазақ жерінің қай пұшпағына барсаңыз да, халық арасынан небір өнерпаз тума таланттарды табуға болады. Ал шалғай түбекте жатып, қазақтың салт-дәстүрі мен қолөнерін қоспасыз сақтап қалған жергілікті ел іші ұлттық өнер көзінің қайнары секілді ерекше орта. Тек талантты тұлғасынан таны да керегіңе жарата бер. Табиғатынан өнерлі жанның түйсігі алдамайды, Нұрнияз Мұқанұлы да маңғыстаулық дара дарын - жүйріктерді тап басып тани білді де, талай аламан бәйгеге тайсалмай қосып, жүлде алды. Халық арасынан шыққан әуесқой өнерпаздар – күміс көмей Күріш әнші, жыр жорғасы - Ізбасар жыршы, саусағының сиқыры бар – Сержан күйші мәдениет қайраткерлеріне солай айналды. Қай жүйріктің де бағын ашатын – бапкер-сейіс. Көзі қарақты бапкері табылмаса талай таланттың беті ашылмаған көмбедей құм астында сол күйі қала беруі де мүмкін. Нұрнияз өнерін танып бағалап, үкілеп бәйгеге қоспаса, көптің ішінде той-томалақта ән салып, күй шертіп жүретін бір әуесқой өнерпаз болып қала берер ме еді кім білсін?
Ұсталықты кәсіп еткен әкесі Мұқан жиын-тойда ән салатын өнерпаз адам еді, баласы да осы екі өнердің екеуінен де құр алақан емес-ті. Соны бала шағында кезінде байқап, өнер жолына түсуіне бағыт берген ұстаз-ағаның бірі қазаққа белгілі сазгер «Ақ бұлақ» әнінің авторы Бәкір Тәжібаев болатын. Бірақ жаратушы Нұрнияздың маңдайына әнші емес, өнер бапкері болуды жазыпты. Талабы таудай талантты жастың әншілік өнерге жетелейтін жолын тағдыр кескенмен, зергерлік өнерді көңіл қошы келгенде әлі де қолға алып, сақина соғатыны бар. Сіргелеп соққан сақинасын көңілі құлаған кісіге сыйлап жіберетін мырзалығы тағы бар. Қазіргідей аста-төк заманда ел арасында өнер туындыларын жинайтын коллекционерлер көбейді, кейде көгілдір экраннан қолөнер бұйымдарының жеке коллекциясынан көрме өткізіліп жатқанын да көріп қаламыз. Нұрнияздың да сондай әуестігі өнерге деген құрметтің арқасы демей көріңіз!
Өнер иелерінің бойында сирек кездесетін қасиет мәмілегерлік, немесе қазіргі тілмен айтсақ, менеджерлік те Нұрекеңнің ерекшелігі. Оның өнердегі және өмірдегі көптеген жетістікке дәл осы қасиетінің арқасында қол жеткізгенін билік басында болған адамдар түсінер деп ойлаймыз. 1% талант, 99 % еңбек дейтін бұрынғы ұғым өзгеріп, қазір 99-дың 69-ы мәмілегерліктің арқасында бітетін болып жүргені жасырын емес. Нұрекеңнің бұл қасиетінің театрды ашуда үлкен рөл атқарғаны кім-кімге де түсінікті шығар.
-Бұрын кинозал болып жобаланған сақалды құрылысты сырттай бақылап, назарға алып қорғаштап жүрдім. Ондағы ойым, ғимаратты театр етіп ашу,-деп еске алады сол күндерді театр басшысы.
Ақыр түбі Нұрекең асыл арманына қол жеткізіп, театр құрылысын «Булат и К» мердігер мекемесі үйтіп-бүйтіп салып бітіріп береді де, жөніне кетеді. Шалажансар біткен ғимаратқа ие болғанына да қуанған іскер Нұрнияз темірді қызған кезде соғып қалуға кіріседі.
Театрға қызығушылығы бір кезде Мәскеуге дейін жеткізіп, тұрмыс-жағдайына байланысты алты айдан соң киноактерлік оқуын жалғастыра алмай елге оралған Нұрекеңнің ішінде театр өнеріне деген жана алмай жатқан үлкен шоқ бар-ды. Енді соны үрлеп жағып жіберудің сәті түсті.
Театр мамандығы бойынша Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын бітіргелі тұрған 20 студентті қызметке алып, алғашқы ұжымның негізін салды. Оларға киім тіктіріп, сахнаны әрлеу, қосалқы жұмысы өз алдына. Жыл бойына екі спектакльді даярлап, 2003 жылы театрды ашты.
Жаңадан ашылған театрға ат беру ұзақ әңгімеге айналып бара жатқасын, Нұрнияз тізгінді тағы өз қолына алып, сол тұста өткелі тұрған кезекті сессияға бір мәселе қылып ұсыныс түсіртіп, шешім шығартып алды. Қазақ театр және кино өнерінің майталманы, Мәскеу кино институтын бітірген классик өнерпаз Нұрмұхан Жантөрин есіміне қатысты ешкімнің дау тудырмасы анық. Жергілікті театр атына лайық одан өзге конкурент жоқ! Біротала жерлес мүсінші Бақытжан Әбішевке Жантөриннің кеуде мүсінін жасатып әкеліп, ғимараттың алдына орнатты. Кейін өнерордасының алдына театр тарланының тақта отырған тұтас ескерткішін қойды.
Талай тұлғаның бағын ашқан мәдениет мэтрінің өзі де атақ-даңқтан кенже қалған жоқ. Мемлекеттік наградаларға ұсынылып, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы атағына ие болды. «Құрмет» орденін жарқыратып кеудесіне тақты.
Шын мәнісінде, өңір мәдениетінің өсіп өркендеуіне зор үлес қосқан өнер қайраткері жергілікті театр өнерінің негізін салып, іргетасын өз қолымен қалады деуге әбден болады. Сонау 2003 жылы алғашқы шымылдығын екі бірдей тарихи кейіпкер арулар - «Томирис» пен «Қыз Жібек» пьесаларымен ашып, жас сахнагерлердің тұңғыш көзайымын халыққа ұсынған театр биылғы көктемде өзінің 15 жылдығын дүркіретіп тойлап өтті.
Жетпісті жеңістермен қарсы алған Нұрекең баяғы заманның сал-серісінің өзі болмаса да көзі дәуге тұрарлық азамат. Оның алдыңғы айтылған қасиеттерінің үстіне аңшылығы мен реставраторлығын қоссаңыз шағын бойына сонша өнерді сыйдыра білген, өнер жолына өмірін арнаған жанның тұлғасы толығырақ ашыла түсер еді.
Оның театр өнеріне бел шешіп араласқалы тапқан тағы бір өнері драматургия. Драма жанрының ең күрделі де қиын жанр екенін жазу-сызудан аздап хабары бар адамдар мойындар. Оның театр репертуарын жергілікті тарихпен байланысты туындылармен толтырмақ ниеті «Ақбөбек» спектаклін жазуға алып келді. Бұрын бұл жанрға қалам тартып көрмегесін, бірден алып-ұшып өзі кіріспей, сабырлылық танытып, қалағы мен қаламын қатар сілтеп жүрген Сайын Назарбекке қолқа салған. Маңғыстаудың махаббат дастаны дерлік ғажап хикаяны шебер драматург табылса шедеврге айналдырар еді. Амал не, көңіліндегідей шықпаған дүниенің көп жерін өзі жөндеп, сахнаға шығаруға тиіс болды.
Екінші қолға алған дүниесі «Ант». Бұл кеп-кеше дүниеден өткен кемеңгер ағамыз Әбіш Кекілбаевтың арғы атасы, тарихи тұлға Қожаназардың басынан өткен оқиғаға құрылған шығарма. Тек соны сахна талабын сақтай отырып жүйелеп жазып шығатын адам керек болды.
-Әбекеңе қолқа салып көргенмін, өз атасын жазғысы келмеді. Сосын тағы да драманың ұзын-ырғасын жүйелеп Сәкеңе айтып беріп, «осыны жазып көрші» дедім,-дейді Нұрекең.
Біреудің басында сайрап тұрған идея қапелімде біреудің көкірегіне қона қоя ма, оның жазып әкелген дүниесіне талапшыл Нұрнияздың тағы көңілі бітпейді. «Ант» драмасының Назарбек жазған нұсқасы өз ойындағы нұсқадан көп қашық кеткенін көріп, амалсыздан қолына тағы қалам алуына тура келеді. Бұл жолы бастан-аяқ өзі жазып шықты, бірақ қашан да жөн-жоралғыдан аспайтын мінезімен жаңа туындыны жеке-дара иемденбей Ақшолпанның аузына салған сөзін алдына тартып, Сайын ағасымен бірлікте сахнаға шығарды. Кейін ол туындыны Әбекеңнің өзі көріп риза болады. Сөйтіп, кейіпкеріміздің соңғы кезде тек театр басшысы ғана емес, драма жазарманы дәрежесіне жеткен жайы бар.
Ал жақын арада Каспий жағалауы елдерінің ІІ халықаралық театр фестивалін Нұрмұхан Жантөриннің 90 жылдығымен байланыстырып өткізбек. 15 жылдың ішінде талай майталман сахна шеберлерінің туындыларын көрермен алдында шынайы сомдап шығара білген абыройлы ұжым бұл додаға да қызу дайындық үстінде.
-Кастинг арқылы мамандар даярладым, Жүргенев академиясынан жыл сайын жергілікті 5-6 маман даярлап отырмыз. Ұжымда 210 адам жұмыс істейді. 51 актердің 30-дан астамы жергілікті актер, жыл сайын грант алып оқытып отырмыз,-деп жауап берді театр директоры біздің «Жергілікті маман даярлау жағы қалай?» деген сұрағымызға.
-Маңғыстаудың өнерде өзіне тән ерекшеліктері бар өлке. Ілме қағысты - Сержан, тас қашауды – Мақсұт Нұрқабаев, маңғыстаудың жыр мақамын - Ізбасар, әнді – Күріш, зергерлік өнерде жергілікті сіргелеуді жалпы жұртқа жеткізген мен. Қазір күміс бұйымдар жасаушылар көп, мен күмістен бұйым жасамаймын. Көне күміс бұйымдарды жамап-жасқаймын, ал реставраторлық - ең қиын өнер.
Жұбайы Ботагөз екеуі ұл-қыздарынан бірнеше немере сүйіп, жанұялық бақытқа бөленіп отырған жандар. Ботагөз де жасында қолөнермен айналысқан, суретшілік қыры да жоқ емес. Кіші қызы Анар өнер академиясын бітіріп, ән айтты. Қазір отбасылы. Театрды екінші отбасы санайтын Нұрекең 200-ден аса қызметкері бар үлкен ұжымның қамқор әкесі есепті. Нұрекең директормын деп жұмсақ орынтақта шалқайып отыратын бюрократ бастық емес, театрдың отымен кіріп, күлімен шығып, бар шаруасына балаша араласып жүретін білікті, іскер басшы. Театр директорының кабинетінің табалдырығынан аттасаңыз, оны өзіңіз де көресіз...
Үміт ЖӘЛЕКЕ
Көрнекі сурет сайттың архивінен