Күн өткен сайын қатары сиреп бара жатқан 1941-1945 жылдарғы Отан соғысының ардагерлері қандай құрметке болса да лайық. Артта қалып бара жатқан саналы ғұмырын, зулаған оқ пен лаулаған оттың арасында арпалыспен өткен жастық шағы мен берідегі бақытты да бейбіт заманды жиі еске алумен өмір кешіп жатқан олардың көңілдерін жиі көтеріп, қуантып тұрғанның өзі сауапты іс қой түсінген жанға. Бұрынғыдай ақтарыла сөйлер қауқары болмаса да, бұл кісілердің аузынан шыққан екі-үш ауыз салмақты сөздің өзі құнды емес пе?
Өңірімізде соғыс ардагерлері санаулы-ақ. Соңғы мәлімет бойынша небәрі он тоғыз қарт жауынгер бар. Биыл Жеңістің 73 жылдығына байланысты арамызда жүрген ардагерлердің фотосуреттері облыс орталығындағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің 2-қабатында орналасқан «Жеңіске жақындатқандар» фотокөрмесіне қойылған болатын. Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтары екі ай бойы тамашалаған бұл көрмені Ақтау қалалық ауған соғысы ардагерлерінің «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында ұйымдастырған болатын. Қазір осында тұрған көрнекті портреттер ардагерлерге тапсырылуда.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Өнеркәсіпке қандай көмек көрсетіледі?Қоғамдық бірлестік қайырымдылық акциясының кезекті сапарын Жаңаөзен қаласында жалғастырды. Мұнда тұратын жалғыз ардагер Кеңесбай Еңсегеновтың шаңырағына белсенді жастар және Ауған соғысының ардагері Бекәділ Кличевпен бірге барып, қариямен ашық-жарқын сөйлескен «Бауырлас жауынгерлер» төрағасы төрағасы Матжан Шаулиев атаның омырауына Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты» медалін тағып, үлкен портретін тапсырды.
Жастарға ризашылығын білдіріп, ақ тілегін ақтарған қарт бата берді. 1925 жылы Ералы ауылдық кеңесінде дүние есігін ашқан К.Еңсегенов 18 жасында Форт-Шевченкодан әскер қатарына алынып, көп ұзамай 4-Украина майданының қарауындағы атқыштар полкінде соғысқа қатысқан. Фашистерді Берлинге дейін қуып тыққан ол жеңісті сол жақта қарсы алып, елге 1946 жылы оралады. Туған өлкенің Аққұдық елді мекенінде ұзақ жылдар малшы болып, зейнеткерлікке шыққан. Жаңаөзен қаласында тұрғанына биыл он үшінші жыл. Бала-шағасының ортасында, бақытты өмірдің қызығына бөленіп отыр.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="60677,60679,60678"]