©
Құрықта «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында аудандық мәдениет үйі және аудандық кітап хананың ұйымдастыруымен «Пай-пай, қазақтың келіндері!» атты сайыс өтті. Келіндердің өмірдегі орнын, қазақ мәдениетін жаң ғыртып, қоғамда отбасы мен некенің маңыздылығын, сондай-ақ ұлттық салт-дәстүрді, өнер мен әдет-ғұрыпты насихаттап, жастарға үлгі етіп көрсету мақсатында өткен бұл сайысқа ауданымыздан 5 үміткер қатысты. Мерекелік кештің шымылдығы белгілі айтыскер Нұртай Қонайұлының орындауындағы «Ақ босаға» әнімен ашылды. Шеберлік пен білімнің биік үлгісін саралай білетін қазылар алқасына Қарақия аудандық мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дүйсенбай Айтқалиұлы, аудандық орталық кітапхананың басшысы Сәуле Құлбошқызы мен мәдениет үйінің мәдени ұйымдастырушысы Ақзат Омарова қатысты. Бұл күні қазақ келіндері көптің көңілінен орын таба алатын, биязы мінезімен, он саусағынан өнер тамған өнерімен қатар көрсе, көз сүйсінер ақжарқын, ізгілік пен парасатты байқатуға тырысты. Сайыс барысында әр салада қызмет етіп жүрген ауылдың ибалы келіндері өз болмысымен ерекшеленді. «Кез-келген кісінің тілін тауып, көрген көзге күлімдеген, үй ішінің, жақындарының көңіліне кірбің түсірмей, баламен балаша, үлкен мен үлкен кісідей байыптылықпен араласамын», деген ақылды келіннің бірі – Нәдірова Нәсіп. Марқая айтуға сай келін! Ол ауданымыздағы №3 кешкі жұмысшы жастар мектебінің білікті ұстазы екен. Әрі төрт баланың аяулы анасы. Міне, ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлем тербетеді деген осы шығар! Жас келін сайысқа алғаш рет қатысып отырғанын айтады. Сайыс басында барлық келіндер қазақи нақышта өрнектелген, қазақ келініне тән қос етекті көйлек пен шашақты ақ орамалын тағып, ибалы, жадыраңқы жүзбен иіліп, көпшілікке сәлем етті. Қандай әдемілік десеңші! Осындайда «Пай-пай, шіркін, қазақтың келіндері-ай!» деп еріксіз айқайлағың келеді! Өнегелі сайыстың бірінші шартында жас келіндер өздерін таныстырып өтті. Ал «Атадан қалған дәстүр» бөлімінде келіндерге салт-дәстүр төңірегінде сұрақтар өрбіді. «Ана көрген тон пішер» бөлімі бойынша ісмер келіндер тігу, көктеу, түйме қадаудың қыр-сырына қанықты. «Келіндер шеберлігі» кезегінде пысық келіндер қамыр илеу, қамыр жазу арқылы жылдамдықтары мен ептіліктерін көрсетті. Соңғы бөлім «Өнегелі өрге жүзер» кезегінде келіндер өз өнерлерін көрермендерге паш етті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазақ келіндерінің инабаттылығын көрсеткен бұл өнегелі сайыстың, әсіресе жастар үшін тағылымы мол екен. Мерекелік кеште аудан өнерпаздары әсем ән мен көркем би билеп, сайыстың көркін аша түсті. Сайыс барысында өз ұясында көргенімен қатар екінші анасынан үйренген сан қырлы қасиетті құндылықтарды бір бойына жинаған келіндердің әдептілігі мен шынайылығы жиналғандарды таңғалдырып, сүйсіндірді десек, қателеспейміз. Ұлттың ұйтқысы болып отырған осындай зейінді келіндер тұрғанда қазақы қалпымыз бен ұлттық үрдісіміз сақталып, мәңгі жаңғыра бермек. Қызықты әрі тартысты өткен сайыста әділқазылар жас келіндердің өнерін жан-жақты сараптап, жүлдегерлерді анықтады. Сонымен келіндер байқауының бірінші орын жүлдесі білімді әрі парасатты келін Нәсіп Ғазизқызына бұйырды. Ал екінші орынды көркем келбетті, пысық келін Мөлдір Бақытжанқызы иеленсе, сыпайы әрі сымбатты Жадыра Сыдықова үшінші орынмен көзге түсті. Байқау ұйымдастырушылары атынан түрлі номинация бойынша дипломдар беріліп, сыйлықтар табысталды.Фариза РОЗАНҚЫЗЫ