Түбекте орналасқан Форт-Шевченко қаласының тұрғындары үшін қарапайым құрылысқа қажетті саз, қайыр және қызыл топырақты пайдалану үлкен мәселеге айналып отыр. Себебі елді мекен айналасында қамтамасыз ететін арнайы карьер болмағандықтан тұрғындар қымбат қаражатқа облыстың басқа карьерлерінен тасымалдап әлек. «Ақшасы барлар тасып алады, ақшасы жоқ тұрғындар азғантай құрылысы үшін топырақты қайдан алады?» деген тұрғындар сұрағына аудан әкімдігі арнайы жиын ұйымдастырды. Оған облыс орталығынан Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Ербол Әлібеков, облыс бойынша экология департаментінің бас маманы Дархан Теңелбаев, облыстық жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Өсер Едігеев қатысты. - Жерді пайдалануда мемлекетіміздің бекітілген заңдары бар. Кез-келген жерді ойып, топырақты керегінше алуға тыйым салынған. Жер заңдарын бұзғаны үшін азаматтарға әкімшілік жаза қолданылады. Заңда жазылғандай, елді мекен территориясынан 1000 метр қашықтықта карьер ашуға болады. Оған дейінгі жерден топырақ игерілетін болса, жабық шахталық әдіс қолданылуы керек. Егер ең жақын маңайда карьер ашуға болатынын білгіңіз келсе, геология комитетіне хат жолдауыңызға немесе geology.mid.gov.kz сайтына сұраныс жібере аласыз. Олар сіздің сұранысыңызды қабылдап, 15-20 күн ішінде жауап береді. Осы аралықта сіздің елді мекенге жақын карьер ашуға болатын жерді анықтап, зерттеу жұмыстарын жүргізетін болады, - деді Өсер Едігеев. Аудан әкімінің орынбасары Ж.Қайнарбаев аудан кәсіпкерлерінің назарына топырақты пайдалану мәселесін шешуде карьер ашуға жұмыстану керектігін айтты. – Шағын кәсіп иелері бірігіп те карьерді ашуына болады. Түптің түбінде пайдасын көре алады. Лицензия тегін әрі 10 жылға беріледі. Жерді пайдалану және қорғау заңдарына сәйкес қолдану әдісінің оңды болуына әкімшілік тарапынан жұмыстар жүргізетін боламыз. Егер кәсіпкерлер бұл мәселемен айналысудан бас тартса, онда үлкен кәсіпкерлермен келісім жүргізуіміз керек, - деді. Осы жиынға қатысқан шағын кәсіп иелері бұл мәселеде ақылдасатындықтарын және оған уақыт керектігін айтты. Ал оған дейін топырақты қала аумағынан алуға рұқсат сұраған тұрғындарға заң тарапынан келісім берілмейтіні ескертілді.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА