©
Дүниежүзілік театр күні 1961 жылы Халықаралық театр институтының ІХ конгресімен бекітілді және жыл сайын 27 наурыз күні ІТІ орталықтары және халықаралық театр қоғамдастықтары атап өтеді. Дүниежүзілік театр күніне арналған алғашқы халықаралық үндеуді 1962 жылы француз жазушысы және суретшісі Жан Кокто жазды. «Театр» сөзі көне гректердің theatron сөзінен шыққан және «тамашалайтын орын» деген мағынаны білдіреді. Дәстүрлі түрде театрда анағұрлым танымал екі жанр ойналады. Комедия және трагедия жанрларын бейнелейтін театр маскалары символға айналды. Деректерге сүйенсек, тұңғыш театрлық қойылым біздің дәуірімізге дейін 2500 жылы болған. Алғашқы театрлық ойын Мысырда қойылды, оның сюжетіне мысыр аңызының образдары Осирис құдайының хикаялары енді. Биылғы «Жастар жылының» құрметіне орай Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театрында алғаш рет Қанат Жүнісовтің Гүлсина Мерғалиеваның қойылымындағы «Алғашқы махаббат» спектаклі наурыздың 30-31, сәуірдің 3-і күндері премьерасы өтеді деп күтілуде. Басты рөлдердің бірін форттық жерлесіміз, театрға жақында келген жас актер Нұрлыбек Жұмабаев және танымал актриса Сағдат Сейітқожаева сомдауға дайындық үстінде. Одан бөлек, театр ұжымының биыл Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығы қарсаңында «Әбіш әлемі» І халықаралық театрлар фестивалі өтпек. Нұрмұхан Жантөрин театры ұжымының осы үлкен сайысқа арнап «Күй» және «Аңыздың ақыры» драмаларын дайындау міндеті жоспарда тұр. Ұлы жерлесіміздің шығармаларын алыс-жақын шетелдерден келетін ұжымдардың сахнада орындауында бүкіл қазақстандық театрларға тарату, әлемдік деңгейге көтеру мақсатында осындай үлкен жұмыстар қолға алынбақ. Сонымен қатар аудармалары да назардан тыс қалмайды. Театрдың 16 жылдығына ұжым репертуарын Шымкент, Алматы көрермендеріне таныстыру мақсатында сәуірдің ортасынан гастрольге шықпақ ойы тағы бар.Үміт ЖӘЛЕКЕ