Маңғыстаулықтар елорданың аты Нұр-Сұлтан болып өзгеруін қолдады
[ 2019 ] 27 наурыз, 11:16 | Қоғам
"Ел азаматы ретінде қолдаймын"
Мен тұңғыш Президенттің құрдасымын. Сондықтан тәуелсіз еліміздің кешегі және бүгінгі тарихының куәсі ретінде Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгерту туралы екінші ел Президентінің ұсынысын қолдаймын. Еліміздегі саяси мәні бар өзгерістердің орын алғанын тілекші ел азаматы ретінде қолдаймын. Жаңа астананың жоба-жоспарын өз қолымен жасап, жүзеге асырған, жұртымызды жарқын жетістікке жеткізген, еліміздің тарихында өшпес із қалдырған Нұрсұлтан Назарбаевтай ірі тұлғаның есімін мемлекетіміздің бас қаласына беру – дәуір талабы, халық қалауы. Тәуелсіз Қазақстан тарихында ерекше орны бар, мемлекетімізді әлемге танытқан дара тұлға есімінің елордаға берілуі тарихи оқиға ретінде есте қалатынына сенімдімін.
Бектұр ТӨЛЕУҒАЛИЕВ,
қоғам қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы
***
Этномәдени бірлестік атынан құптаймын
Ұлтымыздың топырағынан жырақ жерде туып, алыс жүрсек те Қазақстан өз жеріміз секілді. Өсіп-өндік, биіктерді бағындырдық. Текті халықтың бауырмалдығының арқасында ешкім өзегімізден теппей, бақытты ғұмыр кешіп келеміз. Елбасына өзге ұлт өкілдерінің алғысы шексіз! Адамзат баласын құрметтеп, барша елге мейірбандық танытқан дара тұлға үшін елордамыздың атын беру – құптарлықтай шешім. Халқымыз гүлденіп, оның ішінде жастар өрге ұмтылып, Қазақстан келешекте дүние тамсанар елге айналарына сенім мол. Сондықтан Астана қаласының атауы Нұр-Сұлтан болып өзгергенін толық құптаймын.
Алена КИМ,
«Чосон» корей этномәдени бірлестігінің мүшесі,
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық штабының мүшесі, жас кәсіпкер
***
Бірлескен бастаманың жемісі
Біздің«Қазақ Осетр» ЖШС бекіре балығын өсірумен айналысады. Бұл бірлескен бастама Маңғыстау облысының экологиялық жағдайын жақсартып, аквамәдениетін дамытуға үлкен үлес қосып келеді. Аталған жоба Елбасының Н.Ә.Назарбаевтың «Бизнес картасы – 2020» бағдарламасының аясында құрылған болатын. Президентіміздің ауысатынын естігенде өз басым қатты қобалжып, алайда түсіністікпен қарау керек екенін ұқтым. Біз фирмадағы барлық жұмыс жүйесін тұңғыш Президентіміздің айтуымен жасаған болатынбыз. Сәйкесінше барлық жетістігіміз тікелей Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың арқасында келген еді. Мемлекет саясаты алдында біз толықтай жауапкершілікке иеміз.
Бүгінгі күндері елімізде болып жатқан жағдайларды «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде, «Қазақ Осеатр» ЖШС басшысы ретінде немесе жай ғана маңғыстаулық ретінде үлкен биіктерге жететініміздің бастамасы ретінде көремін. ҚР Президентінің міндетін атқарушы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына толықтай қосылам. Сондықтан да мен Астана қаласы мен әр қаладағы орталық көшелердің атауы Нұр-Сұлтан болып өзгеруін құптаймын.
Елбасымыз, тұңғыш Президентіміз адал қызметі мен ерен еңбегі үшін жүрегімнен ойып тұрып орын алды. Н.Ә.Назарбаевқа алғысымды айтып, келешекте ұзақ ғұмыр мен саулығын тілеймін!
Тұрсынгүл ЖАҚЫПОВА, кәсіпкер
***
Ерін елінен артық бағалар ешкім жоқ
Жас буын өкілі ретінде мен де Елбасына үлкен алғыс айтамын. Білім жолында көптеген биіктерді бағындырып, мұхит асып, шетелдерде «Болашақ» бағдарламасымен ілім жинауыма да сол кісінің тікелей септігі тиді. Аталған бағдарлама бойынша білім алған жастар бүгінгі күнде әлем елдерінің сұранысына ие маман атанып, ел ертеңі үшін еңбек етуде. Қазақстанның қай аймағына барсақ та, барлық өңірлерде жоғары оқу орындарын көреміз. Сондай-ақ біз толықтай жастарды шетелдегі білімнен қалыспайтындай дәрежеде оқыта алатын болдық. Елордамыздың атауы Нұр-Сұлтан болып өзгергенін дұрыс шешімге балаймын. Тіпті әлемге әйгілі Вашингтон қаласы АҚШтың бірінші президенті Джордж Вашингтонның құрметіне солай аталған. Ерін елінен артық бағалар ешкім жоқ деген аталы сөздің мәні – осы.
Берік АХМЕТОВ,
Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік университетінің ректоры
1015
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.