Ауылдың көркі мен тазалығы - мәдениеттің өлшемі. Олай болса қоршаған ортаның тазалығы баршамызға артылған міндет болмақ. Ауылды толықтай күл-қоқыстан тазарту бір адамның ғана қолынан келмесі анық, бірақ та әр адам табалдырығынан бастап тазалыққа ден қойса, ауыл ажарына қосқан үлесім деп білсін. Ызғарлы қысты артқа тастап, көктем мезгілі бастала салысымен аудан тұрғындары сенбілік жұмысына білек сыбана кірісіп кетті. Биыл 15 наурыздан бастап 30 сәуір аралығында елді мекендер аумақтарын көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазарту бойынша іс-шаралар өткізу туралы Маңғыстау ауданы әкімінің 14 наурыздағы №112 қаулысымен арнайы штаб құрылып, маусымдық тазалық жұмыстарын бастап кетті. Бұл жолғы шарапаты мол шараға әдеттегідей мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын ұжымдары және жастар белсенді қатысты. Тек Шетпенің өзінде ғана бір күндік жұмыс нәтижесінде 50 тонна қоқыс шығарылды, дәл осындай серпінді жұмыстар ауданға қарасты он екі ауылда да жасалды. Нәтижесінде сенбілікке серпінділік танытқан екі мыңнан астам адам 18 техника күшімен 1118 га алаңды тазалап, 100 тонна тұрмыстық қатты қалдықтарды арнайы орынға төкті. Осыншама адамның еңбегін бір күнде зая кетірмей, тазалыққа деген жауапкершілікті өзімізден бастайықшы, ағайын!
Өз тілшіміз