Онды елді мекеніндегі ауылдық мәдениет үйінде аудандық жастар ресурстық орталығы, ауыл әкімдігінің ұйымдастыруымен 22 наурыз Ұлыстың ұлы күніне және Ә.Кекілбаевтың 80 жылдығына орай «Әбіш әлемі» облыстық жас ақындар мүшәйрасы өтті. Жастар алдымен ауылға кіре берістегі «Ай ана» ескерткішіне тоқтап, гүл шоқтарын қойды. Облыс бойынша жиналған қырыққа жуық жас ақынға алдымен Онды ауылының әкімі Б.Балтабек сәттілік тіледі. Аңыз адамның ауылына ерекше толқыныспен келген жастардың сайысқа сақадай сай екенін жарыс барысында байқалып тұрды. Қазылар алқасының құрамында Әзірбайжан Қонарбаев, Бірғали Байекеев, филология ғылымдарының кандидаты, әдебиеттанушы, профессор Әділет Қабылов, ақын Гүлнар Науырша, Ағилаш Өмірова болды. Бабы келіскен жас дарындылардың өнеріне тәнті болған жұрт Ә.Кекілбаев секілді талай мықтының өсіп келе жатқандығына қуанды. Бірі ұлы жазушы Әбіш Кекілбаевтың өмірі мен еңбегін жырласа, енді бірі киелі Маңғыстаудың тау-тасын өлеңге қосты. Осылайша Онды ауылының аспанын жырға бөлеген ақындар додасының қорытындысында бірінші орынды бейнеулік ақын, Сам орта мектебінің мұғалімі Нұрсұлтан Оңғарбаев иеленсе, екінші орынды Мұнайлы аудандық №10 орта мектептің жас мұғалімі Жұмабекова Ақсауле, ал үшінші орынды Түпқараған ауданының аудандық спорт және мәдениет бөлімінің инспекторы Артур Салпықов иеленді. Шара соңында барлық жас ақындарға ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттар мен сый-сияпат көрсетілді. Ақындар одан әрі Онды ауылындағы Әбіш Кекілбайұлы атындағы орта мектептің ішін аралап, абыз адам атына жасақталған музейге барды.
Өз тілшіміз