©
Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында мемлекеттік органдардағы процестерді цифрландырудың маңыздылығы туралы айтқан болатын. Осы орайда, нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу рәсімін автоматтандыру процесі қолға алынды. Өзімізге мәлім, қағазсыз құжат айналымға көшу аясында 2018 жылдың 24 шілдесінен бастап әділет органдарында жергілікті және орталық органдардың нормативтік құқықтық актілерін тіркеу электронды түрде, яғни мемлекеттік органдардың интернет-порталы арқылы жүзеге асырылуда. Алайда, нормативтік құқықтық актілерді электронды тіркеу процесінің тиімділігін одан әрі арттыру мақсатында ҚР Үкіметімен аталған салаға қатысты заңнамалық актілерге өзгерістер енгізілді. Нақты айтқанда, 04.12.2018 жылы №804 қаулысымен Нормативтік құқықтық актілерді ресiмдеу, келісу, мемлекеттік тіркеу және олардың күшін жою және Заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу, олардың келісілу қағидалары жаңа редакцияда қабылданды. Аталған өзгерістер мемлекеттік тіркеуге жататын, әзірленген нормативтік құқықтық актілердің жобаларын тіркеуге жіберілгенге дейін олардың әділет органдарымен міндетті түрде келісу процедурасын қамтиды. Өз кезегінде, нормативтік құқықтық актілердің жобасын келісу келіп түскен күнінен бастап он жұмыс күні ішінде жүргізілуі тиіс. Сонымен қатар, карантиндiк режимдi енгiзе отырып, карантиндiк аймақты белгiлеу (күшiн жою), ветеринария саласындағы заңнамасында көзделген жағдайларда карантинді және (немесе) шектеу іс-шараларын белгілеу (алып тастау), табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайды жариялау туралы әзірленген жобаларды келісу келіп түскен күнінен бастап бір жұмыс күні ішінде жүргізілетін болса, нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп тану, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілердің немесе олардың жекелеген нормаларының қолданысын тоқтата тұру туралы нормативтік құқықтық акт жобасын келісу келіп түскен күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде жүргізіледі. Мұндағы ерекшелік - келісуге ұсынылған нормативтік құқықтық актілердің жобаларына әділет органдарымен заң сараптамасының жүргізілуі болып табылады. Өйткені, басты мақсат - нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу барысында тіркеуден бас тарту не кері қайтару фактілерінің алдын – алу және болдырмау. Сондай-ақ, нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу мерзімінің 15 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне қысқарғандығын ерекше атап өтуге болады. Яғни, мемлекеттік тіркеу әділет органдарына әзірлеуші мемлекеттік органнан келіп түскен күннен, ал бірлескен нормативтік құқықтық акт қабылданған жағдайда – негізгі жауапты әзірлеуші мемлекеттік органнан келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Қорыта айтқанда, қабылданған өзгертулер нормашығармашылық процесінің тиімділігін қамтамасыз етуге бағытталғандығын ескере келе, мейлінше қысқа мерзімде қоғамдық қатынастар шеңберінде заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің қолданылып, іске асырылуына септігін тигізері сөзсіз.Маңғыстау облысының әділет департаменті