Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті брифинг облыстағы діни ахуалға арналды. Онда Маңғыстау облыстық дін істері басқармасының басшысы Ерлан Есбергенов өңірімізде діни ахуалдың тұрақты екендігін жеткізді. Ерлан Жұмажанұлының айтуынша, бүгінде олыста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 33 филиалы, христиандық сенімде 1 православиялық, 1 римдік-католиктік, 8 протестанттық діни бірлестік, барлығы 43 діни бірлестік, 36 ғибадат үйі жұмыс істеп тұр. Ғибадат үйлерін таратып айтқанда, бұлардың отыз үші — мешіт, біреуі православ храмы, біреуі протестанттық шіркеу және біреуі «Рақым сөзі» інжілдік мәсіхші баптистер қауымының шіркеуі. Сондай-ақ шет елдердің 8 азаматы және 4 Қазақстан азаматтары өңірімізде миссионерлік қызмет атқарады. Олар — РКЦ (Польша,Қазақстанның 4 азаматы), «Жаңа Өмір» ЕСМСҚ (Ресей, Әзірбайжан елдерінің 2 азаматы), Жаңа апостолдық шіркеуі (Германия ФР-1, РФ-1 және Қазақстан-3), ҚМДБ Маңғыстау облыстық филиалында Түркияның 1 азаматы. - Маңғыстау облысы әкімдігінің қаулысымен діни әдебиеттерді және діни мақсаттағы өзге ақпараттық материалдарды таратуға арнайы 11 тұрақты жай, оның 8-і Ақтау қаласында, 3-і Бейнеу ауданында орналасқан, - деді басқарма басшысы. - Христиандық бағыттағы діни бірлестіктер әр жексенбіде өздерінің діни іс-шараларын өткізеді. Дін істері басқармасының мамандары олардың өткізіп жатқан жиындарына, айтылған уағыздарына ұдайы мониторинг жүргізіп отырады. Өткен жылы облыста 8 ақпараттық түсіндіру тобы жұмыс істеп, 124 лекция, 248 кездесу, 14 семинар, әңгімелесу-56, дөңгелек үстел, барлығы 508 шара ұйымдастырылған, оған 41 226 адам қатысты. Маңғыстау облысы дін істері басқармасы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында теолог, психолог, имамдар, ақпараттық түсіндіру тобы мүшелерінің біліктілігін арттыру мақсатында, «Caspian bridge» жеке мекемесінің ұйымдастыруымен 14 семинар-тренинг өткізді. Шараны белгілі теологтар А.Сабдин, А.Акимханов, М.Садыров, психологтар К.Алина және Н.Фесенко, Б.Мырзаев, Б.Есмахан, А.Акимханов, тарихшы С.Гизатов, сарапшы-саясаткер Р.Ирджанов, психолог Х.Азамат жүргізді. Сонымен қатар ол теріс діни ағымдардың алдын алу, деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы бағытта әйел жамағатымен жүйелі түрде жұмыс жүргізу бір жолға қойылғанын атап өтті. Бұл бағытта орталықта 4 теолог әйел жұмыс істейді. Жат ағымға бой алдырған қыз-келіншектермен түсіндіру және оңалту, профилактикалық шаралары жүргізіліп, дәстүрлі исламға 4 әйел қайтарылды. Жыл бойы әйел жамағатымен әртүрлі 14 іс-шара ұйымдастырылып, оған 463 әйел қатысты. Басқарма теологтары діни экстермизм және терроризм бабымен жазасын өтеуші тұлғалармен де оңалту жұмыстары жүргізіп келеді. Түсіндіру жұмыстары нәтижесінде теріс бағытта дін ұстанушылардың 11-і дәстүрлі бағытқа қайтарылды. Ал Маңғыстау облысы бойынша полиция басқармасының экстремизмге қарсы күрес басқармасының өкілі Евгений Горбач келтірген мәліметке сенсек, облыстық ішкі істер департаментінде діни қызмет саласындағы 10 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталып, 6 іске қалалық және аудандық соттар әкімшілік айыппұл салып, 3-і қысқартылып, 1-і сотқа берілген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы, орталық Бекет ата мешітінің бас имамы Смайыл Сейтбеков өңірімізде төрт мешіт ел игілігіне берілетінін айтты. - Бұлардың екеуі Маңғыстау ауданының Жармыш, Онды ауылдарында және екеуі Мұнайлы ауданына қарасты Қызылтөбе-3, Дәулет селоларында салынып жатыр, - деді Смайыл Сүйерқұлұлы. - Мешіттер құрылысы кәсіпкерлердің, жергілікті тұрғындардың қаржысы есебінен жүргізіліп жатыр. Мешіттерде діни қызметті 89 діни қызметкер жүргізеді. Олардың 37-і жоғары білімді, 52-і медреселер мен арнайы курстарды бітірген мамандар. Облыста Бейнеу ауданының Сарға, Маңғыстау ауданының Жармыш, Түпқараған ауданының Сайын елді мекендеріндегі мешіттердің имамдарына 3 сұраныс болып отыр. Бүгінде Маңғыстаудан «Нұр Мүбарак» университетінде оқып жатқан 83 студент бар. Ал былтыр 10 адам сонда оқуын тәмамдаса, 22 түлегіміз оқуға түсіпті. - Биыл аталған оқу орнын 19 түлек бітіріп келеді, - деді облыстық дін істері басқармасы басшысы Е.Есбергенов. - Осы түлектер диплом алып келген соң облыстағы маман тапшылығын азайтуға болады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА