©
Көктемнің басында Амал туысымен сақараның кең қолтық қазақтары көші-қонға көктеуге даярланады. Бұл қысылшаң қыстан соң, алғашқы бой жазып, құлашын керудің басы да болды. Бұрынғыдай емес, сай-сала, бауырай, белестің ықтасын қалқасындағы қыстауларынан шығып, кең жазираға бір қадам да болса жақындап, көктеуге көшіп-қонған жұрт, бір-бірімен қуана қауышып, құшақтасып көрісіп, Амалдың наурыз көжесін ішіп, мәре-сәре болып жататын.
Кешегі Қызыл Үкімет билік құрған Кеңес заманында да Қазақстанның шалғай шетін, терең түбекті жайлайтын жергілікті ел ата-баба дәстүрінен жаңылмай, Амалды сән-салтанатымен қарсы алып, үй-үйді аралап көрісуден жазбай келді. Қазақтың кейбір аймақтары бұл игі дәстүрден көп жылдар қол үзіп қалды. Қазір ғана Отпанда тойланып жатқан ата салтын берік ұстанатын адайлардың Амал мерекесін жаңалықтардан, әлеуметтік желілерден көріп, қызығушылық танытып жүр. Биылғы наурыздың басы – Амал мерекесінің Түркістан қаласында ерекше сән-салтанатпен тойланып өтуі соның жарқын жаңғырығы деуге болады. Амалды ерекше бір ізгі ниетпен күтетін аналарымыз кішкентай балаларға: «Ертең ерте тұрың! Ұйықтап қалмаң! Ертең аспаннан бауырсақ жауатын күн! Ерте тұрған бала сол бауырсақтан алып қалады, әйтпесе несібеден құр қаласыңыз» деп түсіндіріп, олар соған шынымен ұйып, ертерек ұйықтаудың қамына кірісетін. Бұл – ойдан шығарылған сөз емес, «әз-Наурыздың алғашқы таңында қыр үстін Қыдыр ата аралайды» деген ежелден келе жатқан нанымның негізінде пайда болған қазақы сенім. Әр үй қал-қадірінше Амалға даярлық істеп, жаңа жылдың, аруақтардың үрейіне жеті шелпегін пісіріп, таза көрпесін төсеп, дастарханын жайып, бір асым да болса етін асып, жеті түрлі дәмнен Наурыз көже пісіріп, келген кісіге ауыз тигізетін. Таза қазақы ауыл Теңгеде тұратынбыз. Ауылдың алдыңғы жағындағы көшеде қожа руының қасиетті ақсақалы болды. Балалы-шағалы сол үйдің бас көтерген азаматы ер- темен көше бойын түгел қыдырып, көрісіп шығатын. Үйдің ең кішкентай нәрестесіне дейін қолын созып: «Жасың құтты болсын! Амал құтты болғай!» деп игі тілегін айтып, кішкентай саусақтарын қысып жататын. Атасы мен қайнағаларына көрісе алмайтын келін болмаса, ауылдың адамдары сол күні түгел қол алысып, құшақтасып қалатын. Бүгінгі орамал қымтанған әйелдер «Ерлермен қол алысуға болмайды» деген салт шығарыпты. Бұрынғы молда-қожалар соны білмеген бе? Жаңағы айтып өткен әкесі Құран аударып, кітап ашып отырған молда-қожаның баласы ондай «заңды» айтпайтын. «Дүмше молда дін бұзар» демекші, намаз оқитын түрлі ағымдағы жамағат көбейген сайын қазақы салт-санамыз әр түрлі реңк алып, өзгерістерге ұшырай бастағаны байқалады. Күнде көрісетін түрікпен ағайындардан, асын әйелдер қауымынан бөлек ішетін өзбек туғандардан қазақтың ерекшелігі осында емес пе еді? Белгілі журналист, Ақтау қаласының құрметті азаматы Есберген Іңірбаевтан наурызды тойлау туралы пікірін сұрағанымызда: – Наурыз тойын қарсы алу жергілікті жұртымыздың атадан келе жатқан салтына сәй- кес өтеді. Біздің отбасымызда Амалдан бір күн бұрын дайындық жүргізіледі. 14 наурыз күні таңғы сағат 6-да тұрамыз. Бала-шағаны да ерте тұрғызамыз. Әйелім Наурыз көже даярлауға кіріседі. Үйге көрісіп келген жасы кіші бауырларымызға: «Басымыз аман болғай, деніміз сау болғай, іргеміз бүтін болғай, жыл құтты болғай»... деп жақсы тілектер тілеп, қол алысып, құшақтасып көрісеміз. Наурыз көжеден дәм татамыз. Кішілер келіп кеткен соң, өзіміз де жасы үлкен құда-құдағайларымызға, аға-жеңгелерімізге барып, рет-ретімен көрісіп шығамыз. Бұл күні ағайын арасында болған аздаған кірбің ұмытылады, жасы үлкендерге кішілер көрісіп, алғыс, батасын алады. Ұзатылған қызға, адамы қайтқан үйге көрісіп бару да – сыйластықтың белгісі. 1979-80 жылдардан бастап Түрікменстанның Красноводск ауданында тұрғанымызда, Түрікменстан қазақтарының тілегімен колхоз басшылығы орталық алаңға елді жинап, ауыл арасында алтыбақан, қой, гір көтеру сайысын ұйымдастырып, 14 наурыз – Амал көрісу мерекесін дәстүрлі түрде тойлау басталды. 1986 жылдардан бастап, аудан көлемінде тойлай бастадық. Редакция мен мәдениет бөлімі басшысы жоспарын құрып, аудан хатшысының орынбасарына барғанымызда ол: «Наурыз деген қандай нәрсе?» деп аздап тосырқап қалды. Себебі ол ішкі ауданның бірінен келген маман болатын. Жергілікті түрікпендер қазақтың көрісу салтын әуелден білетін. Көптің тілегін қабыл алған аупарткомның І хатшысы Смағұл Жарылғапов қазақтың ұлттық мерекесін тойлауға рұқсат берді. Ат бәйгесі ұйымдастырылып, мен көлік ішінен репортаж жүргізіп отырдым. Бас бәйгеге «Урал» мотоциклін тікті. Наурыз ауыл-ауылдарда да мерекеленетін. Арнайы концерттік бағдарлама түзілетін. Сауық-сайран той тамашасы қызып, әйелдер ақ орамал тартып, қыздар қызыл орамалмен, әшекей-моншақтарын тағып, әдемі киініп, мерекенің сәнін келтіріп жүретін. Көрісу үлкен ұлттық мереке түрінде өтіп, ат бәйгесі, қазақша күрес ұйымдастырылып, жеңімпаздарға жүлде даярлап, сыйлыққа радио секілді тұрмыстық-техникалық бұйымдар, велосипед, киім-кешек т.б. заттар берілетін. Түрікпен халқы да көрісуді көршілес қазақтардан тойлауды үйренді. Көрісу – әйел-еркекке ортақ мереке. Тек қана келіндер ибалық үшін қайнаға, қайын- аталарымен қол алысып көріспейді. Қайныларымен, басқа ер-азаматтармен көрісе береді. Жастардың үлкен ақсақалға көрісіп, батасын алуы – қазақтарда ежелден бар дәстүр. Қазақтың ата-бабадан мирас болып келе жатқан жақсы жол-жоралғысы. Бұның ешқандай айыбы жоқ, – деді ардагер жазушы-журналист. Ұлыстың ұлы күні саналатын Амал күні ашық алақанмен, ақ ниетпен көрісу – ата-баба- мыздан бұзылмай бізге жеткен жақсы дәстүріміз еді, тым болмаса соны бұрмаламайық.Үміт ЖӘЛЕКЕ